Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшылы және гуманист ағартушысы Абайдың жарық дүние есігін ашқанына 180 жыл толған мерейтойына орай Қарқаралы ауданы атынан Абайдың туған еліне ерекше тарту жасалды. Ол – Құнанбай қажы мешітінің табиғи жүннен жасалған макеті. Қарқаралы – Абайдың нағашы және қайын жұрты. Сондықтан, бұл елге жиен әрі күйеу болып келетін тұлғаның жұртына берілетін сый да осындай ерекше болғаны ләзім.

Әңгіме болып отырған символикалық сыйлық Абайдың рухани мұрасына деген керемет құрметті ғана білдіріп қоймай, Қарқаралы өңірі мен Шыңғыстаудың арасындағы тарихи әрі мәдени сабақтастықты айшықтайды. Бірі – Құнанбай қажы мешіт салған қасиетті мекен, екіншісі – Абай дүниеге келіп, адамзатқа ортақ ой қалдырған киелі топырақ.
Құнанбай мешіті – жай ғана діни орын емес, ерекше сәулет ескерткіші, сонымен бірге, ол – ұлт руханияты мен ағартушылық жолдың бастауында тұрған тұлғаларға деген тағзымның нышаны.
Абай – дара, Абай – дана. Оның сөзі – ұлтты ұшпаққа жеткізетін үлкен мектеп, асыл мұрасы – таусылмайтын қазына, келешекке жол көрсетер нұрлы шамшырақ.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»