Ресми

Елдегі жағдай қалыпқа келуде

Елдегі ахуал бойынша Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ мәлімдеме жасады. Оның айтуынша қазір жағдай тұрақталды. Тәртіп сақшылары жасалған лаңкестікке тойтарыс беріп, тәртіпті толық бақылауға алды.

– Алматыдағы оқиғаға байланысты 125 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. 6 және 7 қаңтарда Тараз және Талдықорған қалаларында аса қауіпті қылмыскерлер ұсталатын тергеу изоляторларына бірнеше рет шабуыл жасалып, басып алу әрекеттері жүзеге асырылған. Бірақ, біздің полицейлер барлық шабуылдарға тойтарыс берді. Бұл ретте қаруды тартып алу мақсатында Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының және Шымкент қаласының аумақтық полиция басқармаларына атыс қаруы мен жанғыш заты бар бөтелкелерді қолдану арқылы көптеген шабуыл жасалды. Ал, Алматыда полиция департаменті мен оның үш облыстық бөлімшесіне шабуыл жасалды, – деді Е.Тұрғымбаев.

Мұнан өзге Ерлан Заманбекұлының мәлімдеуінше, қару-жарақ пен әскери техниканы тартып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен бақылау-өткізу пункттеріне шабуыл жасау әрекеті де болған.

Жалпы республика бойынша террористік шабуыл кезінде 400-ден астам көлік өртенген. Оның ішінде 346 ішкі істер органдарына тиесілі. Жағдайды пайдаланған қылмыскерлер 100-ден астам ірі сауда нысаны мен банкті тонаған. Алдын ала келтірілген шығын 87 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар, құзырлы органдардың беделіне нұқсан келтіру мақсатында қылмыскерлер полиция қызметкерлерінің, әскери қызметкерлердің киімін киіп, заңсыз әрекеттерге барған. Осы жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті бүкіл елде төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады.

Осыған байланысты Ерлан Тұрғымбаев көлік құралдарының қозғалысына, Қазақстан қалаларына кіруіне және шығуына, құжаттарды тексеруге, жеке заттарын, автокөліктер мен жүктерді тексеруге шектеулер енгізілгендігін һәм бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғандығын жеткізді. Аталмыш ережені бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button