“Елде Құнанбайдың түрмеден шығуын парақорлығымен байланыстыру пікірі басым”
Қазіргі оқырманға жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын тән көзінен гөрі шығарманың басты кейіпкері мен суретшісі ғұмыр кешкен дәуір заңдарының көзімен ерінбей, түбегейлеп оқып көре білген ләзім. Турасын айтқанда, Абай заманындағы заңдар кешені тарихи тұлғаның ғұмырын толық және түзу тану ісінде бірден-бір лайықты ғылыми дереккөз болып табылады.

Адам баласының жадында көмескіленіп, ұмытыла бастаған заңдардың заңы, дереккөздердің дереккөзі, ғұмыр ақиқатын айқын анықтайтын шын негізі, мінсіз иесі – ғалами ғылым оқиғасы. Үлкен, өлшеусіз оқиғаға ұқсас, қазақтың ұлт ретінде сақталып қалу қажеттілігі тудырған тарихи оқиға осыдан 162 жыл бұрын 1863 жылдың 24 маусымында Шоқан Қарқаралы округтік приказына барғанда өткен еді.
1863 жылдың желтоқсанын ғалым Шоқан тіршіліктен түңілген, дүние қызығынан көңілі суыған адамның күйінде күн кешіп жатты. Петербордан ілескен дерті құрғыр да бар қуатынан айырар түрі бар, мұңдасып шер тарқатысар кісі жоқ, білгенін үйретерлік, шәкірт болар бір жан да көрінбейді. Қас қылғанда махаббат пен мансап майданында да ісі өнбей-ақ қойды. Ақылы түгел, ойлы адам баласы шерлі Шоқан ғұмырының
жалғыздығынан жалыққанын байқары сөзсіз. Дүниеде жалғыз қалған адам-адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Әкесі аға сұлтан Шыңғыстың ауылында іс-әрекетсіз жатуға шыдамаған Шоқан ақпанның ақырған аязына қарамай Көкшетау арқылы Омбыға аттанды. Мұңлы Шоқанның шанасы қыраулатып, қоңыраулатып Омбының Тобыл қақпасына енгенде Санкт-Петербургтен үкілі почтамен 1861 жылдан Батыс Сібір генерал-губернаторы қызметін атқарып жатқан А.О.Дюгамельдің атына үкімет тапсырмасы да келіп жеткен. Тағдыр тәлкегі дейміз бе, тәңір тезі дейміз бе, әйтеуір Омбы қаласында ғалым Шоқан мен тажал тапсырманың беттеспей кетуі мүмкін емес-тін, тіршілік қисыны екеуін жолықтыруға тиіс еді.
Алдағы уақытта бұл үкімет тапсырмасы үлкен шаһарға қарабастың қамымен күйіп-жанып келген қапалы азамат Шоқанның адамгершілігінің толықтығына іс жүзінде қаншалықты қол жеткізгендігінің өлшемі болмақ. Тапсырма мен Шоқанның жүздесуі – адам бойына енген, әркімді өз болмысын жүзеге асырудың айналасына жинап, сонда ұстап бағатын, жауап беруге жүктейтін, адам атына сай болуды талап етер, адамгершілік толықтыққа қол жеткіздіретін, сұрау салатын құдіреттің ісі еді.
Үкімет тапсырмасы орындалуға жататын борышты қызметтің бірі болған соң Батыс Сібірбасқармасы жедел іске кірісті, әдеттегідей комиссия жасақталды, жоба-жоспар сызылды, қырдағы қазақтарға қойылатын са- уалдар анықталды, бағыт-бағдар пысықталды, іс басына басқарма кеңесшісі И.Е.Яценко тағайындалды.
Көзі қарақты оқырманға кеңесші Яценко біздің Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының архивтік ісінен таныс. Қарқаралы сыртқы округінің аға сұлтаны Құнанбай Өскенбайұлының 1851 жылы басталған тергеу ісінің 1865 жылға дейін созылып жеткенімен, қалай шешіліп, нендей үкім шығарылғаны жайлы архивте нақты мәлімет жоқ. 1854 жылдың көктемінде Батыс Сібірлік шекара бастығының жанындағы кеңестің Құнанбай ісінде көп жағдайлар толық анықталмаған, тексерілмеген деген ұйғарымымен қылмыстық іс қайта тергеуге жолданады да, қамауда отырған Құнанбай кепілдікке шығады.
Құнанбайдың ісі қайта тергеуге жіберілуге жатады деген кеңестің қорытындысына қол қойған қызметкердің біреуі жаңағы кеңесші Яценко.
Біздің елде Құнанбайдың түрмеден шығуын ұлықсыған шенді-шекпенділердің парақорлығымен байланыстыру пікірі басым. Алайда, Құнанбайдың түрмеден параның күшімен құтылу фактісін дәлелдейтін деректер мүлдем жоқ. Ал архивтегі істі әділетті заңдылық тұрғысынан зерттесеңіз, тарихи оқиға жеке тұлғалардың қалауына байланысты емес, керісінше, сол замандағы улы уақыт қалыптастырған мән-жағдайларға тәуелді түрде дамығанын көреміз.
1849 жылы Құнанбайды аға сұлтандыққа тағайындаған, Батыс Сібірді 14 жыл басқарған П.Д.Горчаков 1850 жылдың желтоқсанында орнынан кетіп жатқан мезетте Омбы кеңсесінде Құнанбайдың үстінен түскен арыздар тіркеле бастаған.
Патшаның жарлығымен 1851 жылдың 29 қаңтарында Батыс Сібір генерал-губернаторының міндетін атқарушылыққа Гасфорд тағайындалады.
Жыл басындағы әкімшілік ауыс-түйісі кезінде Батыс Сібірді басқару ісі уақытша инженер, генерал-майор П.П. Аносовқа жүктеліпті. Құнанбай ісіне Аносов 1850 жылдың 19 желтоқсаны мен 1851 жылдың 15 мамыры аралығында бақылау жүргізеді. Жаңа бастық Гасфордтың қызметке асықпауының объективті, мықты себебі бар еді, ол Петерборда патшаның Сібір ревизиясына байланысты шешімін күтулі болатын. Батыс Сібірде 1851 жылдың басында ревизия жүргізген Н.Н.Аненков астанаға оралған бойда өз қызметінің қорытындысына сай патша ағзамға «Сібір қырғыздарының және олар алып жатқан даланың жағдайы» деген жазба түсірген болатын.
Аненковтың жазбасынан кейін империяда 1852 жылдың сәуірінде «Жоғары әкімшілік және заң кеңес беретін» Сібір істері жөніндегі екінші комитет құрылып Сібір қырғыздары мекен еткен аймақты империямен жедел толық біріктіру саясатын жүргізу қолға алынады. Гасфорд Омбыға жеткен бетте Орта жүзде аталған империя саяса-тын жүйелі түрде және уақытылы жүзеге асыру мақсатында өзіне көмекшілікке білімді, ғылымды кісіні іздестіре бастайды. Губернатор Гасфорд ең ақырында өзінің адютанты қылып, 1853 жылдың қарашасында кадет корпусын бітірген Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановты тағайындайды. Шоқан оқуын бітірген 1853 жылдың 6 қарашасында Құнанбай Шыңғыстауда ұсталады да, Қарқаралы приказына жеткізіліп, генерал-губернатор Гасфордтың 20 қыркүйектегі ұйғаруына сәйкес Омбыға жөнелтіледі. Құнанбай Омбы түрмесінде 1853 жылдың қарашасынан 1854 жылдың шілдесінің ортасына шейін қамауда отырады.
Империяшыл Гасфорд қасындағы ғалым көмекшісі Шоқан мен Сібір қазақтары басқармасының кеңесшісі Шыңғысты Құнанбай ісінің барысымен таныстырады, пікірлерін тыңдайды да, 1854 жылдың 13 қазанында Құнанбайды жер аударудан бас тартып, Тобықты ішінде күш сынасқан күндестікке тыйым салмақ мақсатында елге жіберу ұтымды деген шешім қабылдайды.
Білімді Гасфорд пара емес, пайда ойлады. Мемлекет мүддесінен ойлағанда Гасфортқа шалғайдағы Шыңғыстауда алдағы империя ісінде өзіне тірек болуға тұрарлық қажымас қайраткер, іргелі тұлға керек еді. Сол себептен Гасфорд 3 қарашада кеңесші Шыңғыс Уәлихановқа Құнанбайды Қарқаралы приказына аман-есен жеткізуді бұйырған.
Шыңғыс қарашаның 17-інде Қарқаралы приказында Құнанбайды кепілдікке ел адамдарының қолына табыстап Омбыға оралады. Гасфордтың шешімінен көп ұтқан Омбы басқармасы болды, олар төрт жылға созылып, өздерін әбден ығыр қылған істен мүлдем құтылды. Ендігі тергеу бейнеті де, жауапкершілігі де Қарқаралы приказының заседателі Трусовқа бұйырады. Құнанбайды «ит жеккенге» айдатамыз деп жүрген қарсы топ үшін тергеуге қайтып келген іс қайта шапқан жауға тең болып шықты. Қырдағы бар қазаққа да
Гасфордтың шешімі көктен түскен жұмбақ, құпиясы мол найзағайдай жарқ етті.
Жұрттың атқан оғы өткен жаралы жолбарыстай жалғыз жортқан жиһангер Құнанбай елде енді тыныш жата ма, жоқ па, әлде айлаға, ашуға да шырақ жаға ма, ол арасы әзірше беймәлім болып қала бермек.
Қалай айтсаңыз да, ғұмыр шіркін, қиыннан қиыстырар сұңғыла суретші, әр істің сыртын танытып, ішкі сырын толық ашып берер қас әділет. Бүгінгі күні Құнанбайдың еркіндікте жүргеніне он жыл толар шақта үкімет тапсырмасымен шыққан Яценко мен Шоқан экспедициясының Қарқаралыға қарай беттегені туралы хабар жетіп отыр.
Жас алпыстан асты, жол алыс. Алыс та болса баруға міндетті. Шоқан жас, жас та болса бас, жолы да үлкен, кешегі Абылай ханның ұрпағы, Шыңғыс досының тұңғышы.
Ертең жолға шығамыз, Абай қасымда ере жүрсін, Шоқанның тура жолдан адастырмас, аздырмас, түзу сөзін ол да тыңдап қайтсын деп шыншыл әке жарлық етті.
Марат АЗБАНБАЕВ



