Жаңалықтар

“Елбасы жолы – даналық жолы”

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Тұңғыш Президент күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Шараға облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК, мемлекет және қоғам қайраткері Рымбала ОМАРБЕКОВА, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН мен Елбасының үзеңгілес достары, Тәуелсіздік құрдастары қатысты. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Ұлт көшбасшысының егемен елімізді өркендету жолындағы жұмсаған күш-жігері мен еңбегін ерекше атады.

– Еліміз Тәуелсіздік алғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, осы аралықта еліміз тарихи үлкен маңызды кезеңнен өтті. Осы жылдар ішінде Елбасы Н.Назарбаев көреген саясатының арқасында қиындықтарды еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Бүгінде күллі ел Қазақстанды бейбітшілік пен татулықтың Отаны, алтын бесігі деп біледі. Әрине, бұның бәрі елдің берекесі мен Елбасының ұстанған саясатының жемісі. Елбасы жолы – даналық жолы, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Елбасының серіктестері өз кезегінде Тұңғыш Президенттің жастық шағы мен Теміртауға сапары туралы естеліктерімен бөлісті. Тәуелсіздік құрдастары жылы лебізін білдірді.

– Өзім Моңғолияның тумасымын. Осы қалада оқуымды бітіріп, орта білім алып, Атырау қаласында Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. 2003 жылдан бастап «АрселорМитталТеміртау» компаниясында жұмыс істеймін. Металдарды жоғары температурада балқытылу көрінісі маған қатты әсер етті. Елбасы еңбек жолын Теміртаудан бастағандай мен де осы қаладан бастадым. «Ауыр жұмыс – ер адамды қанаттандырады» дейді. Қашанда еңбегіміз елеулі болсын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, – деді домна пешінің көрікшісі Мұстафа Абдолла.

Ал, облыстық «Saryarqa» телеарнасының журналисі Жанбота Елубаев:

– Тұғырлы Тәуелсіздіктің арқасында өзім армандаған журналист мамандығының иесі атандым. Бүгінде ақпарат саласында қызмет атқарғаныма 10 жылдың жүзі болды. Егемен елімізде ой еркіндігі салтанат құрды. Осы орайда Елбасының мына бір қанатты сөзі оралып отыр.

«Журналистер санаға – сақ, халыққа – жақ болсын» деп айтқан еді. Бұл қанатты тәмсіл менің ойыма серпіліс, санама сілкініс ұялатып қана қоймай, талай жанның өмірлік темірқазығына айналды. Сондықтан да елін сүйген, елі сүйген Елбасының сара жолымен заңғар замандастарының үкілі үмітін ақтау – ортақ парызымыз. Бастысы көп ұлтты халқымыздың тірегі – Тәуелсіздік, тілегі – тұрақтылық, білегі – бірлік, – деді ол. Сонымен қатар, аймақ басшысы қалада атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігін айтып өтті.

– Құрылған қолайлы инвестициялық ахуалдың арқасында облыс картасында прогрессивті технологияларды қолдана отырып, 100-ге жуық ірі жаңа кәсіпорындар пайда болды және олардың саны жыл сайын өсіп келеді. Шикізат өңірінен біз дамыған кәсіпкерлік кластерге өстік. Бүгінде облыстың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнеске тартылған, – деді аймақ басшысы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

 ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button