Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс айту күнімен құттықтауы
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырдық.
Қазіргі таңда біз ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін кешенді шараларды қолға алдық.
Ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Қазақстандықтардың қазіргі буыны, әсіресе жастар, тарихымызды біліп, есте сақтауы керек.
Тарих тағылымы шынайы патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетеді. Әрқайсымыздың жүрегімізде ортақ жетістігімізге – өркендеп келе жатқан Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін!
Әр отбасыға бақ-береке, елімізге татулық пен тыныштық тілеймін!