Елбасы мақаласы – жастарға бағдар
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айқындалған мақсат-міндеттер жастар саясатына да серпін берді. Бұл туралы Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас ҚҰТТЫБАЙ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен 2012 жылы құрылған басқарманың атқарған жұмыстары айтылды. Бүгінгі күнде Қарағанды облысында 14-28 жастағы 304 269 жас тұрады. Бұл дегеніңіз облыс халқы санының 22 пайызын құрайды деген сөз. 231 733 жас – қалада, 72 536 жас азамат ауылда тұратын көрінеді. Жастардың саны жағынан облысымыз республика бойынша төртінші орында тұр. Сонымен қатар, қазіргі таңда облыста 19 жастар ресурстық орталығы қызмет атқарады. Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбайдың айтуынша, «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Серпін – 2050» жобалары табысты жүзеге асуда. Жастар ресурстық орталығы жанында балалар үйінің түлектері үшін әлеуметтік бейімдеу қызметі жұмыс істейді. Осы бағытта 753 құқықтық және 159 психологиялық кеңестер қызметі көрсетіліп, 58 тренинг өткен. Қарағанды, Теміртау қалаларындағы балалар үйлерінде 27 рет кездесу ұйымдастырылып, 700 адамның қатысуымен 150 сабақ өткізілген. Бұқар жырау ауданының Керней кентіндегі мектеп-интернатында «Өмір мектебі», «Табысқа жетер жол» жобалары жұмыс істеуде. Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің бос уақыттарын ұйымдастыру және қылмыстың алдын алу жұмыстарына 986 адам жұмылдырылған. Жастарды жұмыспен қамту жүйелі түрде қолға алынған. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында, «Жастар тәжірибесі» жобасы арқылы облыс бойынша 1204 жас жұмысқа орналасқан. Орташа еңбекақысы 51 мың 264 теңгені құраған. Сонымен қоса, жұмыссыз жастарға жәрмеңке ұйымдастырылған. Нәтиже жоқ емес. Кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың саны артқан. Жыл сайын ауылдық жерлердегі жас кәсіпкерлерге облыс әкімінің гранты табысталып келеді. 2005-2016 жылдар аралығында 30 млн. теңге грант беріліп, Ақтоғай, Бұқар жырау, Шет, Осакаров аудандарында жас кәсіпкерлер кәсібін ашқан.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету мақстатында бірқатар шаруалар атқарылған. Өткен жылы Қарағанды қаласында Белинский көшесінде 108 пәтерлік үй берілген. Қарқаралыда 12 жалдамалы пәтер, жалпы алғанда 144 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілген. 2014-2016 жылдарға арналған жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту бойынша кешендік жоспар жасалып, 316 пәтер бөлінген.
«Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесе «Кеңес орталығы» жобасының қызметі аясында қаладағы ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша жұмыстар жолға қойылып, 3 кеңейтілген кездесу өткізілген. Бұдан бөлек, жастардың қатысуымен 3 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, жастардың қатысуымен Қазыбек бидің 350 жылдығы, Алаш партиясының 100 жылдығы, Әсет Найманбаевтың 150 жылдығы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына, ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралардың жүзеге асатындығын тілге тиек етті. Жастар саясатын іске асыру мақсатында биылғы жылы облыс бойынша 88 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Нұрдос КӘРІМ