Елбасы батасын алғым келеді
2001 жылғы бұл суретте оң жақ шетінде тұрған Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, «Дала академигі» атанған менің атам – Зікірия КӨПБАЕВ. Атам 90 жасында Елбасының қабылдауында болып, батасын берген. Ғасырға тақау өмір сүріп, 2010 жылы өмірден өтті. Ол кезде мен сегіз жаста едім.
Атамнан Елбасымен кездесуі туралы көп сұрайтынмын. Мен үшін бұл қызық, әрі мақтаныш болатын. Бірде атам «Елбасыға көмектесу керек», – деді. «Мен қандай көмек бере аламын?» дедім. «Сен оқуыңды жақсы оқып, үлкен азамат болып, еліңе қызмет ет!» – деді ол.
Атамның айтқан өсиетімен бүгінгі күні жақсы оқып, түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрмін. Арманым – журналист болу. Арманым орындалса, атамның Елбасымен кездесуі – қалам тербер алғашқы тақырыбым болар еді. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген. Менің атам 90 жасында Елбасына батасын берсе, мен де өз кезегімде Елбасымыздың батасын алғым келеді.
Ақ батасын беруге,
Ақ орданы көруге,
Елбасыға еңбегін,
Көзбе-көз айтып беруге,
Барған еді, аташым.
Сұхбаттасып, шаттанып,
Мерейі тасып, мақтанып,
Жүз жасқа жетті марқайып.
Жүзге келген атамның,
Немересі мен болам.
Елбасының айтқанын,
Екі айтқызбай, біліммен
Көрсете білу – арманым
Енді біздің мектепте,
Шыңдап білім әлемін,
Отыз елдің қасынан,
Өз елімді көруге,
Үлесті мен қосамын.
Елбасының ғұмыры,
Менің атам жасаған,
Жүз жасқа да келуін,
Сұраймын Тәңір Алладан!
Гүлім КӨПБАЕВА,
Сәкен Сейфуллин атындағы
№7 мектеп-гимназиясының
11 «Ә» сынып оқушысы.
Балқаш қаласы