Басты тақырыпРесми

Елағасына – еңселі құрмет

Қарағанды – қазыналы өңір. Кен байлығымен де, Ер байлығымен де көш бастап тұр. Кен байлығы – белгілі. Ер байлығы кімдер дерсіз… Біріншіден, қасиетті Қарағанды – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ еңбек жолын бастап, сұңғыла саясаткер ретінде қалыптасқан алтын тұғыры. Кешегі өткен Мәлік ИМАШЕВ, Сұлтан ДОСАМАҒАМБЕТОВ, Қамза ЖҰМАБЕКОВ, бүгінгі Қасымбек МЕДИЕВ, Сағадат ДҮЙСЕБЕКОВ, СМАҒҰЛДЫҢ Тілеубердісі, Қуаныш ОМАШЕВ – Елбасының сенімді һәм сергек серіктестері. Осынау қажырлы қайраткерлердің өнегелі өміріне Қарағанды билігі құрметпен қарап, халық бұлардың есімдерін жүректеріне жөргектеп алған. Күні кеше ғана 80 жастың сеңгіріне көтерілген мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек МЕДИЕВКЕ көрсетілген шынайы құрметті біз осы сөзімізге дәлел етер едік.

Иә, Ұлыстың Ұлы күніне бағышталған мерекелік бағдарламаның мерейлі сәті облыс әкімі Ерлан Қошановтың Елағасы Қасымбек Медиұлын салтанатты қабылдауына ұласты. Лайықты құрмет!

Мен осы өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсетерде ол кісілер туралы мазмұнды мағлұмат жинап, жан-жақты дайындалып келетінмін. Ал, бүгінгі мерейтой иесі Қасымбек ағаның есімі – менің жаныма бала күнімнен жақын есім. Кезіндегі Қарағанды, Жезқазған облыстарының даму тарихында Қасымбек Медиұлының айшықты қолтаңбасы бар. Облысымыздың қай түпкіріне барсақ та, халықтың Қасымбек ағаға деген шынайы құрметіне куә боламыз. Бұл кісі – осынша құрметке барынша лайық жан, – деді аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы.

Мерейтой иесіне құрмет көрсету рәсімін сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген серіктесіне деген Елбасы ықыласын жеткізуден бастады. Өңір басшысы Қасымбек Медиұлына ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының ресми құттықтауын тапсырып, омырауына «Алтын Барыс» төсбелгісін қадады. Дәл осы мәртебелі марапатпен Қасымбек аға үшінші мәрте марапатталып отыр. Салтанатты сәтте ардагер ағаның иығына қазақы дәстүрмен зерлі шапан жабылып, ел игілігі жолындағы еселі еңбегі зерделенді.

Облыс әкімінен кейін мерейгердің үзеңгілес достары, әріптес бауырлары, рухани інілері сөз алып, тұғырлы тұлғаның азаматтық болмысына байыпты бағаларын берді. Сағадат Дүйсебеков, Камалтин Мұхаметжанов сынды замандастарының әзілмен астарланған естеліктері Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, облыстық ІІД бастығы Мергенбай Жаппаров, ҰҚК Қарағанды облыстық департаментінің бастығы Кендебай Адамбеков, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Боранбай Жұмкин сынды рухани інілерінің ілтипатына ұласты. Ал, сенатор Рысқали Әбдікеров қажырлы қайраткерге деген ыстық ықыласқа толы лебізін жеткізіп, ҚР Парламент Сенатының Құрмет грамотасын табыстады.

Сөз түйінін Қасымбек аға өзі айтқан. Толқыды. Риясыз пейіл мен шынайы құрмет толқытпай қойсын ба?! Сонда да, ақсақалдың алқынғаны байқалған жоқ. Тұтастай тағдырын ел ісіне арнаған еңселі қарттың болмысы бізге өлшеусіз өнегенің, ұшан-теңіз ұлағаттың көмбесіндей көрінді. Әрине, мерейтой иесі үшін мерейлі сәт болған дәл осы шуақты жүздесудің өскелең ұрпақ үшін олжасы орасан екені анық. Өйткені, біздер ұрпақ сабақтастығын дәріптеген салиқалы сәттің куәсі болдық.

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button