АймақҚарағанды

Қарағанды жастары «Табысқа бірге» диалог алаңында пікір алмасты

Жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде әлем бойынша 2005 жылы Будапештте өткен Еропалық сайлауды ұйымдастырушылар Қауымдастығының Бас конференциясында белгіленген және Біріккен Ұлттар ұйымы қолдаған Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Осыған байланысты Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалында облыстық сайлау комиссиясы жанындағы жас сайлаушылар клубының мүшелері мен студенттер «Табысқа бірге» диалог алаңында пікір алмасты.

Суретті түсірген автор

Аталған іс-шараға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов пен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстағы филиалының директоры, Қарағанды облысының қоғамдық кеңесінің төрағасы Серікжан Байбосынов қатысты. Сонымен қатар, №110 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлжахан Ибадуллаева мен №169 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Айнұр Айтышева сайлаудың ашықтығы жайында сөз қозғады.

– Биыл облыстың барлық өңірлерінде Дүниежүзілік сайлау күніне орай 26 маңызды іс-шара өткізілді. Оған өңір бойынша 1200-ден астам адам қатысқан көрінеді. Ал, солардың 955-і – жастар. Айта кетейік, іс-шаралар түрлі форматта өткізілген. Біздің өңірде референдумге дайындық жұмыстарын бастап кетті. Жалпы, өңірде 5000-нан астам сайлау комиссиясының мүшелері бар. Әр өңірде аумақтық комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар, 637 учаскелік комиссия бар. Жалпы, біздің негізгі мақсат – сайлауға жастарды тарту. Осыған байланысты әр қала, ауданда жас сайлаушылар клубы жасақталған. Былтырдан бастап өз жұмысын жасап жатыр, – деді Қайрат Нұркенов.

Серікжан Байбосынов болса, мұндай кездесулердің жастар үшін аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастар арасында сайлауға алғаш рет қатысуға дайындалып жүргендер аз емес. Осыған байланысты аталған іс-шара жастарға сайлау үдерісіне қатысты қажетті әрі маңызды ақпарат беруге бағытталғандығын баса айтты.

– Демократиялық зайырлы мемлекет ретінде біз көптеген үдерістерді демократия талаптарына сай өзгертіп отырмыз. Бұрын тағайындалатын ауыл, аудан әкімдері мен депутаттар қазір сайлау арқылы таңдалады. Осы орайда азаматтар саяси өмірге қызығушылық танытып, өз белсенділіктерін көрсетіп жатыр. Оған себеп, V Құрылтайда Президентіміз Парламенттік реформаға толыққанды кірісуге тапсырма берген болатын. Соның аясында Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Соған байланысты Конституцияның 84%-ы жаңарып, жаңа Конституцияны қабылдау туралы шешім қабылданды, – деді Серікжан Байбосынов.

Кездесу барасында сайлау процесін тікелей кәсіби деңгейде ұйымдастыратын мамандар да болады. Солардың қатарында Гүлжахан Сүлейменқызы да бар.

– Сайлау – халықтың өз пікірін білдірудің ең тиімді құралдарының бірі. Жас сайлаушылар клубы жастарды осы маңызды саяси іс-шараға дайындауда үлкен рөл атқарады. Клуб мүшелері тәжірибелі сайлау учаскелерінің қызметкерлерімен, басқа да жауапты мамандармен кездесулер өткізу арқылы өз білімдерін тереңдетпек. Әрі мемлекеттік процестерге қатысуға деген көзқарасын кеңейте алады, – деді Қарағанды қаласы №110 сайлау учаскесінің төрағасы Гүлжахан Ибадуллаева.

Жиын барысында әділ әрі ашық сайлауды қамтамасыз ету, әрбір азаматтың сайлау құқығын еркін жүзеге асыруына жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, жастар өз саласының білікті мамандарына сайлау үдерісіне қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button