Ел ықыласы – ерекше
Ұлытаудың баурайын дүбірлі думанға бөлеген, Кеңгір көлінің жағалауында әсем әуендер әуелетіп, сол арқылы мұқым елге керемет рухани әсер сыйлаған «Жезкиік» I Халықаралық музыка фестивалі бірегей бітімдегі іс-шара болғаны белгілі. Өрелі өнер мерекесіне қатысушы шетелдік өнерпаздарды айтпағанда, сол күндері Ұлы Дала кіндігіне қазақ елінің әр аумағынан ағылып келген елдің қарасы тым қалың болды. Ұлытаудың келбетіне тәнтілік танытып, өнер ұжымдары орындаған әндер мен әуендерге сүйсінген, фестивальдің ұйымдастырылу деңгейіне тамсанған қауымның шынайы ризашылықпен білдірген пікірлері де арнасынан асып жатты. Төменде өнер мерекесіне Ұлытау-Жезқазған өңірінен тысқары аумақтардан арнайы келген бір шоғыр мейманның шынайы ризашылықпен білдірген пікірлері оқырман назарына ұсынылып отыр.
Филипп МАРТИНЭ, Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және Өкілетті елшісі:
– Туризмді дамытудың, біріншіден, аймақтың экономикасын өркендетуге, екіншіден, мәдениетін бұрынғыдан да танымал етуге тигізер өте тиімді әрі маңызды әсері бар.
Бізді, яғни, француздарды бүкіл әлемге әлі де жете таныс емес өңірлер қызықтырады. Сонымен қатар, ол жерлердің табиғаты да тартымды болса, қызығушылық арта түседі. Ұлытаудың тауы мен тал-тоғайы осы сұранысқа мейлінше толыққанды жауап бере алады. Біз үшін жүріп-тұруға, алаңсыз дем алуға қолайлылық қаншалықты қажет болса, қоршаған сыртқы орта – табиғаттың бастапқы қалпын бұзбаған ерекшелігі соншалықты маңызды.
Рашид КҮЗЕМБАЕВ, «Kazakh Tourizm» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы:
– Біздің елдің әлемдік масштабтағы беделі өте биік. Тиісінше, туристердің қазақ еліне келуге құштарлық танытуы – заңдылық. Осы орайда, менің көзқарасым мен жеке ұстанымым мынау: Қазақстанды танығысы келетін шетелдік азаматтар өздерінің алғашқы сапарын Ұлытаудан бастауы тиіс. Ерте замандарда дербес ұлт болып ұйысудың, бастапқы мемлекеттік ұстанымдардың іргетасы дәл осы жерде қалыптасқан. Сондықтан да, Ұлытау және Ұлт – өзара жымдаса біріккен, бір-бірінен мүлдем ажырағысыз ұғымдар.
Біз өзіміздің қызмет бабындағы күнделікті іс-қимылымызда осынау мақсат-мұратты алдыңғы кезекке шығаруға мүдделіміз.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы, қоғам қайраткері, жазушы, публицист:
– Кезінде римдік бір философтың «Рим апатты жағдайға беттеп келеді. Өйткені, әншілер тыңдарманды тәрбиелеуді қойды, тек көңілдендірумен ғана шұғылданады» деп жазғаны бар. Қазір де көпшілік ортада болымсыз, сапалық деңгейі төмен музыканың жоғары бағаланып жүргені жасырын емес. Ал, тереңірек үңілсек, музыка шынайы өнердің бір түрі ретінде адамның таным-өре кеңістігін байытып, рухани дамуына ықпал етуі тиіс. Сол себепті, жоғары деңгейлі музыкаға ден қою – аса пайдалы. Осы ретте қалың бұқараға «Жезкиік» фестивалі аясында сирек әрі соншалықты қажетті, ғажайып мүмкіндік берілді. Ұлытау-Жезқазған өңіріне шетелдерден келген фольклорлық топтар да, классикалық әндерді орындаушылар да, өнерсүйер қауым да ерекше бір сезім күйін бастарынан кешкені күмәнсіз.
Қысқасы, фестиваль өзінің түпкі мақсаты мен мүддесіне толыққанды қол жеткізді.
Мария БРИЗИЦКАЯ, «Nomadic Travel Kazakhstan» туристік операторы даму бөлімінің басшысы:
– Ұлытау өңірінің туристер үшін тартымдылығына еш күмән келтіруге болмайды. Өз басым осы сапар барысында бұған анық көз жеткіздім. Табиғаты әсем, тарихи маңызы бар ескерткіштерінің саны өте көп.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған туристік операторлар форумының өткізілу тұрпаты тым ерекше болды. Өзіміздің көңіліміздегі ойларымызды бүкпесіз ортаға салу мүмкіндігі берілді. Соның нәтижесінде болашақтағы біршама әрекеттердің жобасы жасалды. Жиынға әр аумақтан туризм мәселесімен шұғылданатын 60-қа тарта ұйым өкілдерінің келуі біраз жайттан хабар берсе керек. Демек, қызығушылық бар. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, Ұлытаудағы туризмнің келешегі кемел деп нық сеніммен айтуға болады.
Өнер мерекесіне үш құрлықтан, Азия мен Еуропаны айтпағанда, жер түбіндегі Оңтүстік Америка елдерінен өнерпаздардың келуі – Ұлытауды таныстыру мен насихаттаудың таңғажайып тәсілі. Өзгелер де сондай пікірде болуы тиіс, ал өзім керемет әсер алдым.
Мешітбай ОМАР, еңбек ардагері, Қаражал қаласының Құрметті азаматы:
– Бұл фестивальді қазақ елінің жан-жақты өркендеуі жолында бағындырған биік белесінің бірі, – деп бағалауымыз керек. Халық шаруашылығының алуан саласындағы даму үдерісі ұлт мәдениеті деңгейінің өсуімен қабысып жатуы тиіс.
Ұлы Даланың Ұлытауында дүбірлі шара өтіп жатқанда сырттай бақылаушы болып отыру, әсте, мүмкін емес. Ұлытаудың мәртебесі өскені – Ұлт мәртебесінің өскені. Елдің мерейлі болуы – әр азаматтың қуанышы.
Қаражалдан қала әкімі бастаған бір топ адам келдік. Бізге сыртқы келбеті мен ішкі көрінісі келіскен бір киіз үй бекітіліп берілді. Өзімізге бөлінген киіз үйде Польша мемлекетінен келген өнерпаздарды қабылдадық. Олардың қазақтарға деген құрметі мен фестивальдің ұйымдастырылу деңгейіне тәнтілігі шексіз. Соны сезініп, өзіміз де мәзбіз.
Жаратушы қазақ халқына дәл осындай шаттыққа кенелер сәттерді үйіп-төгіп бере берсін! Ақсақал ретіндегі айтар тілегім де, берер батам да – осы.
Қуат ҚҰРМАНСЕЙІТ, журналист-ақын, Астанадағы «Кәусар» баспасының директоры:
– Тарихи роман жазған, есімі елге мәлім бір қаламгермен алғаш жүздесіп, танысып-білісу үстінде қай жақтан екенімді сұрады. Айттым жөнімді. Сонда әлгі көкем: «Ұлытау деген қай жер? Қай облыста?» – деді жайбарақат. Шалқамнан түсуге шақ қалдым сол сәтте…
Ұлытаудың қадір-қасиетін өзгелер тұрмақ, өзіміз толық түйсініп болмағанымыздың, тіпті, оның атын да естімеген тарихшы-қаламгерлер бар екенінің дәлелі – бұл мысал. Өкінішті, әрине.
Сол себепті, осындай ауқымды шараның басқа жерде емес, дәл осы Ұлт бесігінде өткізілуі – өте құптарлық. Игі іске ұйытқы болған азаматтарға мың алғыс!
Ұлытауды ұлықтау үшін, ең әуелі, оның тарихтағы орнын өзіміз терең бағамдай білуіміз керек. Ал, содан соң өзгелерге таныту жолындағы сан қырлы іс-қимылдың бірі ретінде осындай жоғары деңгейлі мәдени-рухани шаралар да аса қажет-ақ…
Өз басым «Жезкиік» фестивалін мемлекет мүддесін көздей отырып жете ойластырылған, қоғам үшін, елдің ертеңі үшін қайтарымы мол, аса әлеуетті әрекет деп бағамдаймын.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»