Ел тағдырын айқындайтын Ата заң

Қадірлі достар!
Ел тағдырын айқындайтын шешуші, тарихи белесте тұрған шақта үнсіз қалу — азаматтық жауапкершілікке сын. Бүгінгі таңда Ата Заңымызға түбегейлі өзгерістер енгізіліп, конституциялық реформалар қоғамның кең талқысына түсіп, ел өмірінің басты күн тәртібіне айналып отыр. Осындай алмағайып кезеңде ортақ ойды бөлісіп, өз ұстанымымызды білдіру — әрқайсымыздың парызымыз деп білемін.
Уақыт өз арнасымен тоқтаусыз алға жылжуда. Қазіргі жаһандық даму жағдайында экономикалық және технологиялық трансформациялар әлемдік тәртіптің бет-бейнесін түбегейлі өзгертуде. Әлеуметтік-саяси үдерістер қарқын алып, геосаяси тұрақсыздық пен тәуекелдер күшейіп келеді. Мұндай жағдайда мемлекеттердің өміршеңдігі бұрынғыдай тек ресурстарға немесе формалды егемендікке емес, институционалдық беріктікке, құқықтық жүйенің әділеттілігі мен тиімділігіне, сондай-ақ қоғамның ішкі бірлігі мен құндылықтық тұтастығына тікелей тәуелді бола түсті. Сондықтан тәуелсіздік — бір мәрте қол жеткізіп, мәңгілікке сақтала беретін статус емес, үздіксіз еңбекті, жаңғыруды талап ететін күрделі әрі жауапты үдеріс екенін ұмытпауымыз қажет.
Осы орайда тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан аумағында қалыптасқан мемлекеттілік дәстүрінің терең әрі сабақтас эволюциялық жолдан өткенін көреміз. Ерте түркі қағанаттарынан бастап Қазақ хандығына, одан кейінгі отарлық кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалыстар мен ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің саяси күресіне дейін егемендік идеясы ұлттың саяси санасының өзегіне айналды. Бұл тарихи тәжірибе мен идеялық мұра қазіргі тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық дамуына іргетас болып отыр. Демек, бүгінгі реформалар — тарихи жадтан ажыраған кездейсоқ қадам емес, керісінше, ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттік ойдың заңды жалғасы.
Сонымен бірге, заманауи мемлекет жағдайында тәуелсіздік ұғымы тек аумақтық тұтастық пен сыртқы саяси дербестікпен шектелмейді. Ол ең алдымен тиімді басқару институттарының орнығуын, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік жүйенің жұмыс істеуін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты қорғалуын және қоғамдық қатынастардың әділетті құқықтық реттелуін талап етеді. Егер осы қағидаттар жүзеге аспайтын болса, егемендік сыртқы формасын сақтағанымен, ішкі мазмұнынан айырылу қаупіне ұшырайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды тарихи тәуелсіздік идеясын заманауи құқықтық әрі институционалдық формада орнықтыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады. Бұл өзгерістер мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу тетіктерін кеңейтуге және биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталып отыр.
Тағы да баса айтқым келеді: тәуелсіздікті сақтау мен дамыту — статикалық, бір қалыпты күй емес. Ол — уақыт талабына сай үздіксіз жетілдіруді, батыл шешімдер мен терең институционалдық реформаларды қажет ететін динамикалық процесс. Конституциялық жаңғырулар — осы ұзақ жолдың қисынды жалғасы. Олар еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық мемлекеттіліктің берік негізін қалыптастыруды көздейді. Сондықтан бұл реформалардың мәні де, салмағы да, жауапкершілігі де айрықша жоғары.
Қадірлі достар!
Мемлекет басшысынан бастап, қарапайым азаматқа дейін баршамызды біріктіретін ортақ мұрат — елдің азаттығын баянды ету. Тәуелсіздікті тек сақтап қана қоймай, оны әділетке, заң үстемдігіне және азаматтың қадір-қасиетіне негізделген, болашақ ұрпаққа нық табыстайтын қуатты мемлекет құру арқылы бекемдеу — бәріміздің ортақ міндетіміз.
Ендеше, елдің бүгіні мен ертеңін айқындайтын осынау бетбұрыс кезеңде ауызбіршілігімізді көрсетейік.
Бірлігіміз бекем болсын, ағайын!
Бірге болайық!
Ерлан Құсайын,
Бұқар жырау ауданының әкімі



