АймақБұқар жырау

Ел сенімін ақтаған Әлем Көпбаева

Қарағандының іргесіндегі Үштөбе ауылы соңғы жылдары тың тыныс алды. Бүгінде 5 мыңнан астам тұрғыны бар ажарлы қоныс – Бұқар жырау ауданындағы ең ірі әрі әлеуеті жоғары ауылдардың бірі. Келбеті жайнаған, тіршілігі қайнаған ауылдың бүгінгі өзгерісінің басында жиырма жылдан астам уақыт жергілікті әкімдікте қызмет етіп келе жатқан Әлем Көпбаева тұр. Бас маман болып еңбек жолын бастаған ол ел сенімін еңсеріп, ауыл әкімі болып сайланады.

Сурет кейіпкердің мұрағатынан

Әлем Қайыржанқызының негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Екінші білімі – заңгер. Ол ауыл әкімдігіне қызметке қабылданғанында мемлекеттік қызмет саласының сырт көзге көріне бермейтін салмағы бар екенін түйсініпті. Жалындап тұрған жас маман әкімдіктің қазанында қайнап, тәжірибесін толықтырады. Жиырма жылға жуық уақыт тапжылмай әкімдікте қызмет істеген маман, әрине, ауылдағы әр мәселені бүге-шүгесіне дейін біледі. Ондай жауапты жанға халық міндетті түрде сенім артады. Сөйтіп, осыдан үш жыл бұрын өткен әкім сайлауында ел сеніміне басымырақ ие болған Әлем Қайыржанқызы Үштөбе ауылының әкімі болады.

Әлем Қайыржанқызы басқарып отырған округ құрамына Үштөбе, Сарыарқа, Құрылыс, Атамекен және Соқыр ауылы кіреді. Ауылда 167 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. 62 шаруа қожалығы, 24 серіктестік, 81 жеке кәсіпкер, 16 сауда дүкені бар. Шағын және орта бизнесте жұмыспен 1000 адам қамтылып отыр.

Биылдың өзінде сүт зауыты, құрғақ сүт қоспаларын өндіретін зауыт, мейрамхана мен екі азықтүлік дүкені өз жұмысын бастап, онда 34 ауыл тұрғыны жұмысқа орналасқан.

Ауыл әкімі елдімекеннің инфрақұрылымын жаңғыртуға ынта қойып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сарыарқа ауылында Достық, Қайрат Жұмабеков және Ынтымақ көшелерінде жалпы ұзындығы 1,7 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Наурыз және Болашақ көшелерінің ішкі жолдарына қиыршық тас төселді. Алаш және Болашақ көшелерінде 24 көше жарықтандыру бағаны орнатылды. Сонымен қоса, «СинеМидасСтрой» ЖШС-мен өзара ынтымақтастық орнатып, демеушілік қаражат есебінен Мәншүк Мәметова және Ынтымақ көшелерінде жалпы ұзындығы 1 шақырым кентішілік жолдарға орташа жөндеу жасалған. Ауыл көшелеріне бейнебақылау камералары қойылып, ветеринариялық-профилактикалық жұмыстарға арналған мал ұстайтын қоршау салынды. Бүгінгі күні малы бар ағайынның кәдесіне жарап тұр.
Атамекен ауылында 150 балаға арналған жаңа мектеп ашылып, ауыл балалары сапалы білім алып отыр. Ал Үштөбе ауылында ашылған көпфункционалды хоккей корты балалардың бір мезгіл қысқы спортпен шұғылдануына мүмкіндік беріп отыр.

Былтыр Үштөбе ауылы үшін берекелі жыл болды. Бұрын-соңды мәдениет үйі болмаған ауылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңа заманауи клуб үйі ашылды. Ауыл тұрғындары бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, былтыр қуанышқа кенелді.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында ауылда 300 балаға арналған жаңа мектептің құрылысы аяқталды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сарыарқа және Құрылыс ауылдарында медициналық фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы да тәмамдалды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Үштөбе ауылында 120 бүлдіршінге арналған «Супер Ботақан» жеке балабақшасы ашылды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында Атамекен ауылында жалпы ұзындығы 1,74 шақырым жолға орташа жөндеу жасалды. Аудандық бюджет есебінен Үштөбе ауылындағы өнеркәсіп аймағына апаратын жолға ұзындығы 1,38 шақырым орташа жөндеу жүргізілді. Құрылыс және Соқыр ауылдарының кіреберіс жолдары бойына жарық бағандары орнатылды.

Былтырға дейін Соқыр ауылында электр энергиясы жиі үзілетін еді. Электр беру желілері ауылдық округтің балансында болғандықтан, екі кешенді трансформаторлық қосалқы станциясының электр желілері және трансформатор ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір тұрғындар сапалы қуат көзін тұтынып отыр.

– Әлем Қайыржанқызы бұл ауылдың әкімдігінде көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын қарапайым маман ретінде бастап, ауылдың барлық мәселесін жақсы меңгерген азаматша. Өзі де осы ауылдың тұрғыны болғандықтан, халықтың жағдайын терең түсініп, елге жанашырлықпен қарайды. Әлем Қайыржанқызы – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, халықпен тіл табысып, елдің алғысына бөленіп жүрген әкім, – дейді Үштөбе ауылының қадірлі ақсақалы Жақсыберген Әбдікәрім.

Ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі – елдімекенді газдандыру. Бұл мәселе көптен бері көтеріліп келеді. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жоспарланып, жақын уақытта газдандыруды жүзеге асыру көзделіп отыр.

– Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Соңғы жылдары ауылдағы мектеп пен медициналық мекемелерге жас мамандар келе бастады. Соңғы жылдың өзінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жиырмаға жуық жас маман жұмысқа орналасты. Бұл ауылдағы кадр тапшылығын азайтып, білім беру мен медицина саласының сапасын арттыруға ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда ауылдық басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты халық тікелей сайлаған ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр, – дейді ауыл әкімі.

Отбасында асыл жар, аяулы ана Әлем Қайыржанқызы «атқарар шаруамыз бұдан көп», дейді. Бастысы, ауыл халқының аманатын адал атқаруды мұраты санайды. Олай болса, елдік істің басында жүрген әкім Әлем Қайыржанқызына қажыр-қайрат тілейміз!

P.s: Бет қатталып жатқанда әкім мерекеге орай аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды деген қуанышты хабар келді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button