Ресми

Ел сенімі ақталған меже

XXI ғасыр – ақпарат ғасыры. Әлемде «жаhандану дәуірі» жалын сипатар емес. Ал, Алаш елі үшін, міне, бір кезде данагөй, әулие атанған Мәшhүр Жүсіп бабамыз болжаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» керемет заман басталғалы тұр. Сонау еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы бәріміз бөркімізді аспанға атып, шексіз қуанып едік. Арада отыз жылдан аса уақыт өткенде тағы сондай ғажап көңіл күйді бастан кешіп отырмыз. Күні кеше мерзімінен тыс президенттік сайлау өтіп, Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Бұл сайлауда бұрынғыдай науқаншылдық, жалған ақпар, «дерек жамау» байқалмады. Біз кәдімгі қарапайым адамдар ретінде осындай шынайы жайттарды аңғардық. Елдің бәрі саналы түрде шешім қабылдап, таңдау жасады. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқын көрсеткішпен ел Президенті болып, жеті жылға сайланды.

Білікті басшы, сұңғыла саясаткер, дарынды дипломат, бірнеше тілді еркін меңгерген Мемлекет басшысы бүгінгі әлемді жайлаған дағдарыс пен қымбатшылық кезеңінде де ел экономикасын көтеріп, тығырықтан алып шығатын жол табарына сеніміміз кәміл. Өзі бастаған жарқын жолы, әлеуметтік өмірге әл беретін бірнеше батыл бағдарламалары баянды болсын дей отырып, бәріміз де осынау ізгілікті ізге еріп, қайырлы іс-әрекетке қолдау көрсетейік дегіміз келеді. Үміт те етеміз. Үгіт те етеміз!

Айта кету қажет, Қазақстанның барлық саяси күштері сайлау кезінде әбден дайындалып алуға уақыты жеткілікті болды деп топшылаудамыз. Тұңғыш рет президенттікке екі әйел үміткер тіркелді. Бұл – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдің бизнес пен саясаттағы рөлін арттыру бойынша Қазақстанның демократиялық дамуын көрсететін тағы бір маңызды қадам. Плюралистік демократия мен бәсекеге қабілетті сайлау процесі үшін барлық керекті жағдайлар жасалды. Бұдан басқа, дауыс беру кезінде халықтың ерік білдіруі үшін мүмкіндіктер кеңейтілді. Атап айтқанда, заңнамаға түзетулер енгізілгеннен кейін сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын» деген жаңа баған енгізілді. Оған қазақстандықтардың 5,8%-ы дауыс берді.

Ел Президентін ұлықтау кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы санамызда жатталып қалар бірнеше «кілт сөздер» айтты. «Қазақта аманат деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз», – деді. Тағы бірде «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым», – деп тебіренді. Осындай жүрекжарды сөздерді еліне жеткізіп, қызмет етем дегенінен айналып кеткің келеді.

Болмас елдің баласы шу көтереді. Болар елдің баласы Ту көтереді. Президентіміз жаһанның көз алдында туын бекемдеп, жұртын ынтымаққа шақырды.

Алаштың алтын кезеңі, міне, басталды!

Ботакөз САТЕЕВА,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button