Балқаш

Ел құрметі – ардагерге

Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай, соғыс ардагерлері Мұқажан ОМАРОВ пен Рашида ЗЕНЬКИНАНЫҢ шаңырақтарына құттықтай барды.

Алдымен 95 жастағы ардагер Мұқажан Омаровтың шаңырағына барған қала басшысы ардагерге құттықтау тілегін жеткізіп, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы» мерейтойлық медалін табыстап, сый-құрметін білдірді.

Қала жұртшылығы атынан сізді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Елімізге бүгінгідей бейбіт өмір сыйлағандарыңыз үшін әрқайсыңыздың алдыңызда басымызды иеміз. Өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл санап сиреп барады. Сіздерге қандай құрмет көрсетілсе де артық емес, – деді Ораз Тәуірбеков.

Қиыр Шығыста соғыс қимылдарына қатысқан Мұқажан Жүкенұлы өз кезегінде сұрапыл жылдардан естелік айтты.

Ардагер 1943 жылы 6 сәуірінде әскери комиссариат шешімімен Қиыр Шығыстағы майданға жіберіледі. Жапон милитаристеріне қарсы ұрыстарға қатысады. Майданда минометшы болған. Майдангер батылдық, ерлік көрсеткені үшін «Отан соғысы» орденімен, Жуков медалімен, мерейтойлық және тағы да басқа марапаттармен наградталған.

Бұдан кейін шаһар басшысы соғыс ардагері Рашида Зенькина үйіне ат басын тіреп, қарияны мерекемен құттықтады. Ардагер үлкендерге көрсетілген құрметі үшін қаланың атқамінерлеріне алғысын жеткізді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Рашида Зенькина 4-ші Украина майданында 70-ші атқыштар бригадасында радио байланысшысы болған. Жауынгер Қырымды, Украина, Польша және Чехословакия елдерін жаудан азат ету ұрыстарына қатысқан. «Қызыл жұлдыз» және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жуков» медальдарымен марапатталған.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button