Ел қоржынына қола салды
Дзюдодан Грузияның Гори қаласында өткен European Cup турнирінде Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен қарағандылық Ислам Бозбаев ел қоржынына қола жүлде салып, ел мерейін асқақтатты.
Аталған турнирге әлемнің 15 елінен 200-ге жуық спортшы қатысқан. Ұлттық құрама сапында қос қарағандылық, Махамбет Даткин (81 келі) мен Ислам Бозбаев (100 келі) сынға түскен болатын.
Турнирдің алғашқы белдесуінде Ислам Бозбаев грузиялық Ислам Цинцалашвилимен күресіп, айласын асырған. Ал, жартылай финалдың жолдамасы үшін болған кездесуде жерлесіміз жеңіліс тапты. Бірақ, жұбаныш белдесулерінде словениялық Леон Марошек пен әзербайжандық Нихад Шихализаденнің жауырынын жерге тигізген. Ал, қола жүлде үшін белдесуде украиналық Алексей Ершовты сан соқтырып, биылғы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді.
Айта кетейік, Ислам Бозбаев 2010 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері және 2012 жылғы Лондон және 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қатысушысы. Өткен жылы Ақтөбеде өткен ел чемпионатында жеңіліп, жүлдесіз қалған еді.
Жанкүйерлерінің айтуынша, оның жетістіктері жас спортшыларға үлгі. Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында көптеген халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап келеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»