Жаңалықтар

Әскери резервшілерге ай сайын 85 000 теңге төлем қарастырылған

Өткен жылдан Қазақстанда мобилизациялық резервті дайындауға және мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған әскери резерв қызметі енгізілген болатын. Бұл бастама ел қауіпсіздігін күшейтумен қатар, азаматтарға негізгі жұмысынан қол үзбей әскери міндетін орындауға мүмкіндік беретін жаңа формат ретінде қарастырылып отыр. Яғни, резервтегі азаматтар күнделікті қызметін жалғастыра отырып, мемлекет қорғанысын қамтамасыз ету ісіне де үлес қоса алады.

Әскери резервке қабылдау аумақтық қағидат бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, резервшілер әскери дайындықты өздерінің тұрғылықты жері бойынша өтеді. Қызмет негізгі жұмысқа кедергі келтірмейтіндей етіп ұйымдастырылған. Резервтегі азаматтар айына небәрі үш күн оқу-жаттығу сабақтарына тартылады. Осы уақыт ішінде олар әскери дайындықтарын жетілдіріп, төтенше жағдайлар мен мобилизация кезінде қажет болатын дағдыларды меңгереді.

Мемлекет резервшілерді әлеуметтік тұрғыдан да қолдайды. Әскери резерв қызметінде жүрген азаматтарға ай сайын 85 000 теңге мөлшерінде төлем қарастырылған. Сонымен қатар, қызмет өткеру кезеңінде резервшілер әскери киіммен, түскі аспен және медициналық қызметпен толық қамтамасыз етіледі. Бұл шаралар азаматтардың әскери дайындыққа қатысуын жеңілдетіп, олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Әскери резерв қызметіне қабылдану үшін кандидаттар бірқатар талаптарға сай болуы тиіс. Ең алдымен, үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметті өткеруі немесе әскери кафедрада оқуы, не Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында, атап айтқанда әскери-техникалық мектептерде (ӘТМ) ақылы негізде әскери даярлықтан өтуі талап етіледі. Бұл талап әйелдерге қолданылмайды. Үміткердің жасы 18-ден кем болмауы керек, сондай-ақ, белгіленген шекті жастан аспауы тиіс: офицерлік құрам үшін – 57 жасқа дейін, ал, сержанттық және қатардағы құрам үшін – 47 жасқа дейін.

Әскери резервке қабылданғысы келетін азаматтар тұрғылықты жері бойынша әскери комиссариатқа немесе Қарағанды өңіріндегі әскери бөлімдерге жүгіне алады. Атап айтқанда, №77070 және №31775 әскери бөлімдері Қарағанды қаласында орналасқан, ал №85510 әскери бөлімі Ақтас кентінде орналасқан. Қызметке қабылдау мәселелері бойынша кадр бөлімдерімен де байланысуға болады: №77070 әскери бөлімі – 8-706-516-02-25, №31775 әскери бөлімі – 8-775-750-84-80 (байланыс тұлғасы – Толқын), №85510 әскери бөлімі – 8-707-827-23-39 (байланыс тұлғасы – Абылайхан). Сондай-ақ, QR-код арқылы арнайы сайтқа өтіп, резервтегі әскери қызмет туралы қосымша ақпарат алуға мүмкіндік бар.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button