Руханият

Ел намысын қорғайды

Ұлу жылы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі қандай маңызды спорттық шаралар жоспарланғанын айтып жеткізді.

2024 жылдың 19 қаңтарынан 1 ақпанына дейін Канвонда (Оңтүстік Корея) IV қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындары өтпек. Оған дайындық барысында 5 спорт түрінен 42 спортшы 30 жолдама алды.

Сонымен қатар, алдағы жаздың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында 205 елден 10 мыңнан астам спортшының қатысуымен өтетін Париждегі жазғы Олимпиада ойындары бар. Дүбірлі додада спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы ойналады. Ал, Қазақстан құрамасы соның 20 түрінен сайысқа түседі.

Сондай-ақ, Астанада өтетін V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары да биыл 8-14 қыркүйек аралығына жоспарланған. Бұл біздің еліміз үшін маңызға толы тарихи оқиға болмақ. Оған әлемнің 100-ден астам елінен делегация қатысады деп күтілуде. Бағдарламаға 20 конкурстық және 10 демонстрациялық спорт тіркелген. Жарыста 110 медаль жиынтығы ойналады. Оның ішіне ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құс аулау, дәстүрлі интеллектуалдық ойындар да бар. Қазіргі уақытта Ұлттық құраманың дайындығы басталып, оқу-жаттығу өтіп жатыр.

Биыл Астанада бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ташкентте (Өзбекстан) өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (ИБА) ресми отырысында айтылды. IBA федерациясы президентінің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры 4,8 млн. АҚШ долларын құрайды. Бас жүлде алған спортшы 200 мың АҚШ долларына иелік етеді. Сонымен бірге, 2024 жылдың қараша айында Астанада самбодан Әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Өткен жылдың күзінде Ереванда өткен САМБО-ның 48-ші Әлем чемпионатына 65 ел қатысты. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс және бес қола медальмен үшінші орынды иеленді.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button