Ел үмітін су шаймасын десек…
Еліміздегі су тасқыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Сондай-ақ, су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес барысында бірқатар әкімдердің қызметіне сәйкес келмейтінін айтып, сынға алған болатын. Президент су тасқынынан келген залалды қалыпқа келтіруді қатаң тапсырды. Тіпті, шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, жүйелі жұмыстың да қажет екенін қадап айтқан болатын. Бүгінде Президент пәрменінен кейін Үкімет тасқынға қарсы іс-шараларды ұйымдастырудың ұсынымдарын әзірлеуде.
Он шақты күн болды, еріген қар суының өзі-ақ тасқынға қам-қарекетіміздің қандай шамада екенін айғақтап берді. Бұл – тосын емес, жылда біз қарсы алатын тасқын су. Бірақ, биылғысы бұрынғысынан «бөлектеу». Белуардан су кешкізді. Енді ғана жөнге келе бастаған жолдарымызды су шайды. Еліміздегі бірнеше ауыл су астында қалды. Бір ғана су тасқыны экологияға, климатқа, жерге, суға қатысты бірнеше шикіліктің шетін шығарды. Елді толғандыратын сұрақ көп. Соның ең өзекті боп отырғаны – бұрындары мұндай қауіппен бетпе-бет келмеген Қазақстанды кейінгі кезде топан су неге төпелете берді?
«Кеңес кезіндегідей шаруа келмеске кетті»
Сонымен, мұңға айналып тұрған мұндай жағдайдың негізгі себебін тәуелсіз сарапшылар, агросарапшылар мен экологтар климаттың өзгергенімен байланыстырып отыр. Қыс мезгілінің мерзімінен кеш келуі де сеп. Оның үстіне сол уақытта жауған жаңбыр тоңды қатырып тастағандықтан, еріген қар суы жерге сіңбеуде. Эколог-сарапшы Сәкен Келдібаев та осыны айтады.
– Климаттың өзгергеніне өзіміз кінәліміз. Ауаны мөлшерден тыс ластап жатырмыз. Соның әсерінен қыс мезгілі уақытында келмеді. Былтырғы күз ұзаққа созылды. Күзде жауған жаңбыр жердің жоғарғы бөлігін қатырып тастады. Өйткені, қара суық болып, жерге сіңген жоқ. Қар кеш түсті. Қар түскесін де еріп-қатып, арасында жаңбыр да жауды. Қаңтар айының соңына қарай қар өте тығыз болды. Көктем келіп, күн бірден жылынып, тоңы қатқан жер еріген қардың суын қабылдай алмады. Табиғатпен байланыс үзілген, – дейді Сәкен Сәбиденұлы.
Кеңес үкіметі кезінде кеңшар (совхоз) және ұжымдық шаруашылықтар (колхоз) егінді және басқа да дақылдарды көп еккенін, қыста егіс алқабында бірнеше рет қар тоқтатылғандығын айтады сарапшы. «Гидромелиорациялық құрылыстар су қоймалары, дамбалар, плотиналар болды. Арнайы гидромелиоратор мамандар бақылап отырды. Қазір осы жүйе толығымен жойылды», – дейді эколог.
Агросарапшы Ниқанбай Омархановтың да айтар пікірі – осы. Алапат су тасқынының негізгі себебін ауыл шаруашылығының құлдырауынан көреді.
– Кеңес кезеңінде жоғары индустралды совхоздар мен аудан көлемінде ірі ДЭУ, ПМК, СПМК, Сельэнерго, Райгоркомхоз, ВОДХОЗ, Подземвод сияқты қажетті техникалармен жарақтанған кәсіпорындар болды. Бір совхоздың өзінде 15-20-дай «К-700» маркалы алып техникалар болды. Қыс бойы су тасқынының алдын алу, көктемгі тасқын суды егістік, шабындықтарда қалдыру мақсатында қар тоқтату жұмыстарын жүргізуге міндетті болды. Сол арқылы көктемгі қар суына ие болып, бетімен ағызып жібермей ұстап қалуға және аршылған жерлерді қыста жайылымға пайдалануға тиімді болды.
Ал қазір ауылда оның бірі де жоқ. Тіпті, тұрғындар ауласындағы қарды да тазалай алмайды. Техникасы жоқ ұсақ шаруалардан пайда жоқ. Ауылдағы, даладағы қарға ие бола алмау салдарынан, қыста сірескен қардан жайылым таба алмай мал аштан қырылып жатыр. Осының басты себебі – ауыл шаруашылығы саласының құлдырауынан, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.
Сарапшылардың ортақ пікірінен түйгеніміз – Кеңес өкіметі кезіндегі тасқын суға қамданыс, соған бағытталған шаруалар келмеске кеткен.
«Мәселені бір ғана министрліктің мойнына артып қойдық»
Жасыратыны жоқ, жылда қайталанатын су тасқынын Төтенше жағдайлар министрлігіне жүктеп қойдық. Мұны айтып отырған Water hub халықаралық зерттеу орталығының директоры Анатолий Рябцев енді еріген қар суын өткізуге дайындық жүйесін қайта қарау керек деп есептейді.
– Біріншіден, біз бәрін төтенше жағдай министрлігінің мойнына артып қойдық. Бұл дұрыс емес. Бұл салада 1972 жылдан бері істеп келемін. Бізде бұрын шығын бойынша бюджет бабы да болатын. Тасқын суын апатсыз өткізуге бюджет қарастырылатын. Егер техникалық жабдықтарды уақытында жөндемесеңіз, мұзды оймасаңыз, су жолын дайындамасаңыз, ертеңгі күні су жолды шаяды. Соған дайындалу керек. Бізде жергілікті билік шала-шарпы іс қылады, байыбына бармайды деп ойлаймын. Себебі, кейбір аумақта жыл сайын бір жерді ғана су басады, оны өткеріп алған соң, тағы тосып отырады. Алдын ала дұрыс шара қолданылмайды. Бұл жағы бізде ақсап жатыр, – дейді Анатолий Рябцев.
Тасқынға қарсы жұмыстарға төтенше жағдай қызметінен гөрі сушылар көбірек араласса, жағдай оңалар ма еді?! Неге десеңіз, су қоймалары мен су инфрақұрылымдарының жағдайын олардан жақсы білетін ешкім жоқ. Мұны да су сарапшысы айтып отыр. «Тиісінше, бюджеттің бір бөлігі су ресурстары министрлігіне бөлінгені жөн. Сонда ғана тасқынмен күрестің салдарымен емес, себебімен күрес басталады», – дейді ол.
«Су мамандығын тереңдетіп оқыту керек»
Әлеуметтік желіден су шаруашылығы саласының ардагері, инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімовтің айтқан ойын кезіктіріп қалғанымыз бар. Ардагер маман тәуелсіздік жылдарына дейін елімізде су шаруашылығына қатысты министрліктің, оның қарамағында Жылжымалы механикаландырылған лек, Өндірістік-техникалық жиынтық басқармасы, Су шаруашылығы жүйесін басқару басқармасы жүйелі жұмыс істегенін айтады. Онымен қоса, ол кезде су мамандарын сала-салаға бөліп оқытудың тиімділігі мол еді дейді.
«Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін су мамандарын дайындауымыз, ол үшін қыруар қаражат бөлуіміз қажет. Біз қазір су саласында кадр жағынан өте үлкен қиыншылыққа кезігіп тұрмыз. Бізде су ресурсы, су пайдалану деген бір ғана мамандық бар. Сол арқылы оқытып шығарады. Бірақ су пайдаланудың түрі көп қой. Әрқайсысын жеке-жеке оқыту керек. Мысалы, кезінде Жамбылда гидромелиорация құрылыс институты болатын. Сонда гидротехник мамандарды дайындайтын. Мелиорация гидротехнигі, жабдықтар гидротехнигі, сумен қамтамасыз ету сияқты әртүрлі мамандыққа оқытатын. Қазір ол жоқ. Сосын инженерлік-техникалық пәндердің бәрін алып тастады. Онсыз суды меңгеру мүмкін емес. Қазір су дегеннің атын біледі, ал бірақ немен басқару керегін білмейтін, сызбаларды оқи алмайтын мамандар шығып жатыр. Сондай жағдайға жеттік. Мәселені дереу қолға алмасақ, жағдай мүлде қиындай түседі. Сонымен қоса, арнаулы су шаруашылығы мекемелерін ашуымыз керек. Сонда ғана жылда су басу проблемасынан біртіндеп-біртіндеп құтыламыз. Бірден құтыла алмаймыз, ол мүмкін емес», – деген пікір білдіріпті белгілі су сарапшысы Әмірхан Қадірбекұлы.
Ендігі өткен жылдың қыркүйегінде ғана құрылған су ресурстары және ирригация министрлігіне үлкен жүк артылады. Министрлік жасақтала салысымен Қазақстанда 2023–2029 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге кіріскен еді. Ол жерде де білікті мамандардың тапшы екені айтылған. Құжатта су шаруашылығы бойынша жылына бар болғаны 200 маман жоғары оқу орнын бітіретіні, 100 түлек орта техникалық білім алып шығатыны көрсетілген. Сонда түлектердің 22 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Бұған да сарапшылар көптеген жоғары оқу орнында оқыту тек «су ресурстары және суды пайдалану» бойынша жүргізілетіндігін, бірақ мұндай маңызды салаға «гидромелиорация», «өзен құрылыстары мен су электр станцияларының гидротехникалық құрылысы», «суару жұмыстарын механикаландыру», «су шаруашылығындағы экономика», «гидрогеология және инженерлік геология», «сумен жабдықтау және су бұру» және «жердегі гидрология» сияқты мамандар қажеттігі көтерілген екен. Міне, су тасқыны кезінде бұл мәселенің күйіп тұрғаны тағы да айқын сезілді.
«Қар суын қуаңшылыққа пайдаланса…»
Қазір Үкімет отырыстарында, министрліктер жиындарында тасқын мәселесі қаралып жатыр. Қалың суды қоймаларға барынша сақтап қалып, қуаңшылық кезінде кәдеге жаратсақ деген ұсыныс айтылу үстінде. Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
Мамандардың айтуынша, мұндай әдіс Кеңес үкіметі кезінде тиімді қолданылыпты. Көктем кезінде еріген қар суын жайылымдық жер, шабындықтарға бұруды көлдете суғару деп атайды. Бұл әдіс су тасқынының алдын алады әрі жерді ылғалдандырады. Бірақ, ол кезде канал, арықтар алдын ала тазартылып, су жүретін жолдар аршылып отырған екен. Соның арқасында еріген су дұрыс бағытпен ағып, елдімекендерді су баспаған. Ал, шабындық пен жайылымдық жерге жеткен су топырақты ылғалдандырып отырған. Соның арқасында жер мол өнім береді екен.
Бұл шаруаны шашау шығармай атқарса, онда аймағымызда әбден құрғаған жайылым, егістік жерлеріне жан бітер ме еді?..
Әрине, мол суды сақтап қалу үшін қоймалардың жеткілікті болуы да маңызды. Қазір тағы да ірі 20 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бұған да сарапшылар түрлі пікірін білдіріп жатыр. Тасқын мәселесін шешудің ең тиімді жолы осы десе, енді бірі оған бағытталған қыруар қаржыға технологияны жаңғыртсақ, инфрақұрылымды жаңартсақ деп жатыр.
Қалай болғанда да, елдің үйжайы, малы суға кетіп, халықтың да «салы суға кетіп» шаршаған. Үкіметтің де шығыны – бұл. Нидерланд мемлекетіндегідей халықты су тасқынынан қорғайтын ең ауқымды «Дельта» бөгетіндей болмаса да, жаңа инженерлік жобаның қажеттілігі ауадай аңғарылып тұр.
«Дельта» бөгетінің негізгі ұзындығы 2,5 мың шақырым болса, көмекші бөгеттер 13 мың шақырымды құрайды. Бөгеттердің көбі теңіз тыныш кезінде ашық тұрады. Ал, дауыл тұрып, су деңгейі көтеріле бастағанда автоматты жүйе дабыл қағып, дамбалар жабылады. Тасқынға осылай тосқауыл қойған. Бөгеттер жел энергиясы арқылы жұмыс жасайды. 1953 жылы Нидерланд еліндегі тасқыннан 133 елдімекенді су алып, 1835 адам опат болған еді…
«Отыз жылдағы ең ірі су тасқыны»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық штабтың отырысында осылай деді. Жұмыстарына немқұрайды қараған бірнеше билік өкіліне қатаң сөгіс және сөгіс берді. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстарын сынға алды. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуді жүктеді.
Тағы да атап өтеміз, «Дельта» бөгеті секілді жаңа инженерлік жоба қажет. Әуе ғарышы арқылы спутниктен түсірілген суреттерді пайдаланып, болжам жасау тетіктерін дұрыс пайдалана алмай отыр. Қардың қалыңдығын, жердің ылғалын, қанша су келетінін, су тасыса қай жерге ағатынын, барлығын модельдеп жасауға әбден болады. Бұл жоғарыдағы мамандарымыздың түйін сөзі. Президенттің де талап етіп отырғаны – осы.
Ал, су шаймаған халықтың үміті мен сабыры ғана қалды.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz