Ел үміті ақталады
Кез келген саяси науқан өзгеріске бастайтыны сөзсіз. Бұл жолғы кезектен тыс Президент сайлауы да тың бастамаларға серпін береріне сенімім кәміл.
Жалпы, сайлаудың әлемдік тәртіптер мен қатынастарда үнемі өзгерістер әкелетіні заңдылық. Әрине, Қазақстан – саяси тұрақтылығы мен экономикалық даму жағынан әлемдік аренада шынайы бағасын алып, өз орнын қалыптастырған мемлекет. Ендігі кезекте, әлемде болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалардан сақтану жолдары мен елдің ішкі және сыртқы тұрақтылығына жіті мән берген абзал.
Мемлекеттің басты құндылығы – адам өмірі. Әсіресе, демографиялық ахуалға елеулі үлес қосып отырған ана мен бала тағдыры ұлтымыздың болашағы. Ана мен баланы қорғау – мемлекет дамуының кепілі. Бала – елдің бақыты, ана – елдің ұйытқысы. Ана мен бала мемлекеттік қамқорлықтан тыс қалған емес. Баспана, әлеуметтік төлемдер, әйел адамдардың қоғамдағы рөлі, саяси белсенділігі, балаға көрсетілетін медициналық-әлеуметтік көмек те жетерлік. Әрине, мұның барлығы – Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен жүзеге асырылған іргелі жұмыстар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларға арналған жеке қорды іске қосу мәселесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жүйелі жұмысы әйелдер көшбасшылығын дамытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарға да жіті мән беріп келеді. Осы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында жер-жерлерде ана мен баланы қолдау орталықтары жұмыс жасауда. Ана мен балаға деген қамқорлық олардың өмірге деген құлшынысын арттырып қана қоймай, ұлттық сана сезіммен, отансүйгіштік рухты оятары сөзсіз. Бұдан бөлек, мемлекеттік маңызы бар бірқатар саяси стратегиялар да жүзеге асып жатыр. Көзі ашық, көкірегі ояу ел азаматтары бұл жайттардан хабардар.
Қандай мемлекет болсын, жаһандық мәселелерді жеке-дара шеше алмайды. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іргелі істерді жүзеге асыруда. Алға қойған жоспарлы жобалар мен мақсаттарды іске асыруда көп еңбек сіңіруде.
«Бұл сайлау елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертеді» деп күтуде халық. Сондықтан, халық маңызды науқанға біркісідей атсалысып, елдің ертеңі үшін, бақуатты тірлік үшін мүдделі екендігін жеткізуде. Шын мәнісінде солай, елдегі тыныштық – әлеуметтік жағдайдың басты кепілі. Әлеуметтік әлеуетті көтеру ел экономикасына тікелей байланысты. Ішкі тұрақтылық пен стратегиялық бағыттарымызды одан әрі дамыту аса маңызды. Осы орайда Президент сайлауы бүгінгі уақыт талабы деп есептеймін. Елдің болашағы жарқын болғанын қаласақ, дұрыс таңдау жасауымыз қажет. Мемлекет үшін әр адамның тағдыры бағалы.
Кез келген өзгерістен жақсылық күтетін халықпыз. Бұл сайлау тың идеяларды жаңа қарқынмен, жаңа көзқараспен жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сайлауға түсетін үміткерлердің мақсаты халық арманымен сәйкес келіп, оны жүзеге асыру жолында тер төксе Әділетті Қазақстанға батыл қадам жасаймыз деп үміттенемін.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
«Talbesyk» көпбалалы аналар одағы» ҚБ жетекшісі.