АймақАқтоғай

Ел мерейі тасыған күн

Приозерск қаласындағы «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында ұлттық мереке Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Айтулы іс-шарада алдымен Әнұран орындалып, патриоттық әндер айтылды. Приозерск қаласының тұрғындары Республика күніне орай еліміздің Әнұранын қосыла шырқағанда көпшіліктің көңілі серпілді.

Сурет автордан

Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов қала жұртшылығын мерекемен арнайы құттықтап, жылы лебізін білдіріп, сөз сөйледі. Еліміздің басты мерекесі қарсаңында үздік жұмысымен көзге түсіп, белсенді қызмет атқарып жүрген сала мамандарын Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапаттап, пәтер кезегінде тұрған тұрғындарға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

– Республика күні – бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. Осы атаулы күні Отанымыз – Қазақстан Республикасына өркендеу мен амандық тілейміз, халықтың бірлігі, татулығы мен келісімі біздің мемлекеттілігіміздің мәңгілік берік тірегі болсын. Еліміздің, қаламыздың  қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі. Сондықтан, әрбір азамат бүгінгідей бейбіт күннің қадіріне жетіп, әрбір сәтті бағалай білуі тиіс. Баршаңызды қастерлі мерекемен құттықтай отырып, тәуелсіздігіміз тұғырлы болуын тілеймін, – деді Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов.

Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Жазылбек Қосанбайұлына, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық Коммуникация­лар қызметінің Алғыс хаты қала белсенділері Сайлау Қарабековке, Талғат Қарабалаевқа табысталды. Және шағын шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азаматтар қала әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, 3 бөлмелі пәтердің кілттерін көпбалалы ана Ұмытқан Байденоваға және Людмила Кадочникова, 2 бөлмелі пәтердің кілтін Әсемгүл Жұмабаеваға, 1 бөлмелі пәтердің кілтін Валерия Диденкоға табыстады.

Одан әрі қала өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілік патриоттық әндерді тыңдап, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Сонымен қатар, мереке аясында бос орындар жәрмеңкесі мен тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Қала қонақтарына халқымыздың ұлттық құндылықтары мен қонақжайлығы көрсетілді.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button