Қарағанды өнер ұжымдары Омандағы фестивальде өнер көрсетті
Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптар академиялық оркестрі мен «Аққу» фольклорлы-хореографиялық ансамблінің Оман Сұлтанатына гастрольдік сапары өтті. Өнер сапары 3 қаңтарда басталып, 11 қаңтарда аяқталды.

Ұжымдар араб әлеміндегі ең көрікті қалалардың бірі – Маскат қаласындағы Корольдік опера театрында ұйымдастырылатын Әлемдік музыка және би фестиваліне ресми шақырту алған еді. Бұл мәдени іс-шара халықтар арасындағы мәдени алмасу мен өзара рухани байытудың маңызды алаңына айналған. Фестивальге 5 мемлекеттен шығармашылық ұжымдар қатысуда. Бахрейн, Мексика, Венгрия, Оман және Қазақстан.
Белгілі әнші, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік директорының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын фестивальде қарағандылық өнер ұжымдары жоғары деңгейде өнер көрсеткенін айтты.
– Қарағанды концерттік бірлестігінің шығармашылық ұжымдары үшін Корольдік опера театрында өнер көрсетіп, Араб әлемінің қайталанбас мәдениеті мен сұлулығын көзбен көру – зор мүмкіндік болды. Оман жұртшылығы Қарағанды ұжымдарының жоғары кәсіби деңгейін лайықты бағалады. Біздің ұжымдар шақырылған қатысушылардың ішінде алғашқылардың бірі болып сахнаға шықты, – деді Сержан Мұсайын.
Фестивальге Маскат қаласының ресми өкілдері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Айдарбек Тұматов отбасымен, музыка профессоры Иссам Эльмаллах және басқа да мәртебелі қонақтар қатысты.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



