Ел көлеміндегі елеулі дода
Жуырда Кеншілер мәдениет сарайында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Жұлдыз-2016» эстрадалық әндер орындаушыларының республикалық конкурсы алтыншы мәрте шымылдық түрді. Еліміздің түпкір-түпкірінен ат шалдырған орындаушылар екі күнге созылған елеулі додада бақ сынасты.
Арқа топырағында кім келіп концерт өткізбей жатыр. Қазақ эстрадасының небір бұлбұлдары көмейін кенеп, әнге бөлеп жүргеніне – жерлестеріміз куә. Десек те, соның барлығы жанды дауыспен жан қинап жатыр дей қою қиын. Себебін сұрай қалсаң – сапасыз дыбыс аппаратураларды айтып азар да безер. Аппаратура ақтап ала ма? Жоқ. Жоқтығына осы конкурсқа келіп, біржола көзіміз жетті.
– Ел егемендігі ширек ғасырға аяқ басқан жылы Арқа төрінде айтулы оқиға болып жатыр. Мұндай конкурс өткізбек тұрмақ, еліне ең басты – бейбіт күнді бере алмай отырған мемлекеттер қаншама?! Бұл – мемлекетіміздің тұрақтылығының, Елбасымыздың сарабдал саясатының, Үкіметіміздің мықтылығының жемісі. Мың өліп, мың тірілген халықтың ұрпағымыз ғой. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, өнерлі жастарымыз ғұмырлы болсын, – деді облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.
Сонымен, Азаттықтың 25 жылдығына ырымдап, Павлодар, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе және Қарағанды облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан барлығы 25 орындаушы іріктеліпті. Атақтары жер жарып тұрмаса да, алқымдары әнге толы. Ең бастысы – жанды дауыспен ән айтушылар.
Екі күнге ұласқан елеулі дода еркін тақырыптағы әндерден басталып, келесі күні патриоттық әндермен түйінделді.
ҚР Еңбек сіңірген артисі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, төраға – Люция Төлешова, «Астана жұлдызы» ұлттық сыйлығының лауреаты, әнші – Маржан Арапбаева, танымал продюсер – Алуа Қонарова, «Қазақстан» РТРК АҚ, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «Бағдарламалар өндірісі» жөніндегі шығармашылық бірлестігінің продюсері – Қуаныш Сүлейменов, «Қазақстан дауысы» мега жобасының жеңімпазы, әнші – Бауыржан Ретбаев, халықаралық конкурстардың лауреаты, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Гүлмира Жүкіпбаева және әнші, композитор, «Жұлдыз» жобасының авторы – Саят Әбдіғали сынды қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлде Ербол Тәжібаевқа (Қарағанды облысы), І орын Нұрсұлтан Қарабалиевке (Батыс Қазақстан облысы), ІІ орын Нұрбол Сыдықовқа (Шығыс Қазақстан облысы), ІІІ орын Аяжан Әшімбекова (Қарағанды облысы) мен Айдын Жұмабаевқа (Атырау облысы) бұйырды.
Рауан ҚАБИДОЛДИН
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.