Ресми

Ел көңілі неге алаң?

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев АМАNАТ партиясының қоғаммен жұмыс бөлмесінде тұрғындарды қабылдады. Небары екі сағатта тұрғындар тарапынан түскен оннан астам мәселе мен ұсыныс талқыланды. Сауалдарына жауап беріп, ой-пікіріне құлақ түрді.

Суретті түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ

Қабылдауға ең белсенді жергілікті өзін-өзі басқару қауымдас­тықтарының өкілдері қатысты. Оңтүстік-Шығыс бойынша №2 медициналық-әлеуметтік мекемесінің төрағасы Николай Козинский «Степной» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің ауласында көлік тұрағының жетіспеушілігі мәселесін ортаға салды.

Ал, аймақ басшысы жұртшылыққа қаланың инфрақұрылымдық даму жоспарын ұсынды. Жоба бойынша алдағы уақытта автотұрақтар аула ішінде емес, үйлердің периметрі бойынша сыртта жабдықтау жоспарланған.

– Тұрақ орындарының жетіс­пеушілігі – ортақ проблема. Аулалар толы. Қабылдауда болашақта көлік тұрағына қатысты жобамен таныстым. Жолдар босатылып, жаяу жүргінші жолдары азаяды. Бұл Еуропаның үлгісі екен. Орынды бастама. Бірақ, тұрғын үйдің сыртында орын болмауы да мүмкін. Оны да естен шығармаған жөн. Бұл ұзақ мерзімді жоба болуы тиіс. Сонымен қатар, өз жобамызды іске асыруды күтеміз. Тұратын жерімізде тұрақ орнын белгіледік. Ол «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен іске асырылады, – деді Николай Козинский.

Суретті түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ

Әлихан Бөкейхан ауданы Пришахтинск бөлігіндегі №1 медициналық-әлеуметтік мекемесінің төрағасы Светлана Степанченко күннен-күнге ұлғайып келе жатқан құрылыс нысаны маңындағы күл-қоқыс үйіндісіне алаңдайды. Белсенді Курьяновка тарапындағы көгалдандыру жұмысына наразы екенін жеткізді.

– Курьяновкада 23 мың жас ағаш отырғызуға уәде берілді. Бірақ, әзірге 4 мың ғана ағаш отырғызылды. Оның да жартысы қурап қалды. Ал, Пришахтинск маңына көшеттер әлі отырғызылған жоқ. Алайда, нысанның айналасындағы ағаштар өте қажет. Сондай-ақ, ескі күл-қоқыс үйіндісін рекультивациялау қажет. Облыс әкімі біздің проблемаларымызды тыңдады. Бір айдың ішінде бізбен және экологтармен бірге күл-қоқыс үйіндісіне баруға уәде берді. Ауыл өмірінде өзгеріс болады деп үміттенеміз, – дейді Светлана Степанченко.

Бұдан бөлек жиында су тасқынына қарсы шараларды күшейту бойынша бірнеше ұсыныс қабылданды. Белсенді қала тұрғындары өртпен күресте пайдалану үшін арнайы нысандарда қарды мұздатып қоюды ұсынды.

Сонымен бірге, қабылдауға баламалы электр және жылу энергиясын өндіруге арналған инвестициялық жобаларды ұсынған өнертапқыш инженерлер де келді.

– Алдағы уақытта барлық жобаларды өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қызметкерлері егжей-тегжейлі зерделейді. Аймақ тұрғындары шағымдарын айтумен шектелмей, адам өмірін жақсарту бағытындағы ұсыныс­тар жолдағаны бізді қуантты. Барлық сұрақтар, мәселелер мен ұсыныстар бақылауға алынды, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button