Ел ішінде Сен жүргенде аңқылдап…
“Иісін де сезбейді бұл қала –
пырақ-жылқының,
Иесі оның – Ақын,
Келе жатыр көшеде…”
(Тыныштықбек)
Көгере ме енді біздің көсеге,
Көгермей ме енді, мүлде, көсеге?
Сен де келе жатқан кезде көшеде,
Дәлдүріш те дәлдүңдейді көшеде.
Сен – Бақсысың: қобыздайын
күй – іші,
Періште мен періштенің сүйісі!
Мұрынына бармайды ғой
бұлардың,
Жылқы түгіл, топырақтың иісі!
Ел ішінде Сен жүргенде
аңқылдап,
Сахнаға Сен шыққанда
саңқылдап,
“Мен де өлеңнің көрсетейін
көкесін!”
Деп сенен соң, о да оқиды…
Маңқылдап!
“Ақындардың ақынымын –
мен деген!”
Дейді…
(Мұны Қасымың да жеңбеген!)
Құдайменен сөйлесетін кісіні
Пенде қайтсін,
(Сөйлесетін – пендемен?!)
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ