АймақҚарағанды

Ел игілігіне ерекше көзқарас қажет

Мемлекет басшысы депутаттарға ауылдық денсаулық сақтау және білім беру нысандарын дамыту саласындағы ұлттық жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар міндеттер қойды. Осы орайда облыс депутаттары әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына мониторинг жүргізді. Атқарылған жұмыс­тардың барысы, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен анықталған мәселелер және оларды шешу жолдары облыстың мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановтың басшылығымен өткен кеңесте талқыланды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Депутаттық корпустың, атқарушы органдардың және жергілікті өзін-өзі басқарудың бірлескен қызметі іске асырылып жатқан әрбір жобаның ыңғайлы және функционалды болып қана қоймай, облыс тұрғындарының қажеттіліктеріне барынша сәйкес келуін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы орайда депутаттар 30 денсаулық сақтау, 40 білім беру нысанын аралады. Сапар қорытындысында бірқатар кемшіліктер анықталды.

– Нысандарды тексеру барысында бекітілген жұмыс кестесінен айтарлықтай кешігу кездесті. Құрылыс жұмыстарының интерьерді әрлеу сапасының жеткіліксіздігі, әрі іргелес аумақтарды абаттандырмаған жағдайлар кездесті. Оған қоса салынған денсаулық сақтау объектілері бір жылдан астам уақыт бойы пайдалануға берілмеген. Тапсырыс беруші тарапынан бақылау, авторлық және техникалық қадағалау жеткіліксіз. Бұл мәселелерді депутаттар ерекше бақылауға алды. Жергілікті жерлердегі ахуалмен танысу үшін жұмыс топтары құрылды. Олардың құрамына облыстық мәслихат депутаттары, мәслихат төрағалары қала мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, білім, денсаулық сақтау, құрылыс басқармаларының басшылары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдері кірді, – деп атап өтті Нұркен Кобжанов.

Кеңесте облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бірнеше міндет қоятынын атап өтті.

– Ауылдық елдімекендерді нор­­мативтерге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыра отырып қамтамасыз ету – маңызды. Облыста ауыл медицинасын дамыту әлеуетіне орай барлығы үшін тең мүмкіндік жасалып, ауыл тұрғындарына медицина қолжетімді бола бастады.
Дегенмен, тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсетуді арттыру қажет. Ауылдарда салынып жатқан нысандардың сапасы бақылауға алынып, мердігерлер жұмыстарды ширатуы тиіс, – деп атап өтті Азамат Тайжанов.

Әрбір нысан үшін арнайы пайдалануға беру, тапсыру мерзімі көрсетілген жеке құрылыс кестесі бар. Өз міндеттерін орындамаған кестені сақтамағандарға заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылады. Сондықтан, ғимаратты салып қана қоймай, оларға іргелес жатқан аумақтарды абаттандырып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау керек. Бұл орайда бүгінгі таңда өңір бойынша нысандардың уақытынан кешіктірілмей тапсырылуына жауапты тұлғалар анықталды. Олар мәселені назарда ұстап, сапа мен мерзімін ескереді.

Кеңесте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы егжей-тегжейлі талқыланды. Депутаттар білім беру объектілерін салу, оның ішінде, «Жайлы мектептер» ұлттық жобасын іске асыру барысы жөнінде сауал жолдап, күн тәртібіне қойды.

Сөз алған денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаев ұлттық жоба аясында облыста іске асырылған жұмыстар жөнінде баяндады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бойынша бейіндік комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова Талды дәрігерлік амбулаториясының денсаулық сақтау басқармасының қарамағына әлі берілмегені жайлы мәселе қозғады. Сондай-ақ, Өсібай ауылында медициналық пункт салу бойынша барлық жұмыстар тоқтатылғаны айтылды.

Депутаттың айтуынша, мониторинг нәтижесінде Бұқар жырау ауданындағы Сарыарқа ауылы, Тоғызқұдық ауылы, Ботақара кенті, Ақбел ауылындағы құрылысқа қатысты бірқатар проблемалық мәселелер анықталған, құрылыс барысы кестеден кешігуде. Бұл нысандарды пайдалануға уақытынан кеш беру қаупін қамсыздатады. Сонымен қатар, барлық нысандарда құрылыс жұмыстарының ішкі әрлеу сапасын арттыру қажет.

– Салынып жатқан нысандар, мәселен, Сарыарқа ауылы, Тоғыз­құдық ауылы, Ақбел ауылы, Сарытөбе ауылында нысан жанындағы аумақты абаттандыру маңызды. Сондай-ақ, құрылыс нормалары мен қағидалары сақталуы тиіс. Сапаны қамтамасыз ету үшін авторлық және техникалық қадағалауды күшейту қажет. Фельдшерлік-акушерлік пункт үшін білікті медицина мамандарын тарту да ауылдық денсаулық сақтаудың өзекті міндеті, – деп атап өтті Қадиша Базарбаева.

Облыстық мәслихат төрағасы Красная-Нива, Центральный және Тасауыл ауылдарында медициналық пункттер салу жөніндегі жұмыстардың ағымдағы жай-күйімен таныс екенін баяндады. Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданының Гагарин ауылындағы мектепке жапсаржай салу және Ғ.Мұстафин кентінде «Жайлы мектеп» барысын тілге тиек етті.

– Бұқар жырау ауданының құрылыс нысандарын аралау барысында кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, жұмыс көлемі бекітілген кестелерден кешігіп отыр. Құрылыс және әрлеу жұмыстарының сапасы қосымша іс-шаралар жүргізуді талап етеді. Бұдан басқа, Тасауыл ауылында салынған медициналық пунктке инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қосуды қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Нұркен Сайфиддинұлы.

Кеңесте мәслихат төрағасы ауылдық жерлерде кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерінің шешілу барысына қатысты сауал жолдады.

– Былтыр ауылдық жерлерде медицина қызметкерлерін қолдау шараларын қаржыландыруды қолдадық. Біржолғы төлемдер, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді қоса алғанда, әртүрлі шаралар қарастырылды.
Шалғайдағы елдімекендерде жұмысты ынталандыру үшін ауылдың қаладан қашықтығына байланысты медициналық қызметкерлерге төлемдерді саралау туралы ұсыныс бар, – деп атап өтті Самат Кенжибаев.

Кеңесте депутаттар күн тәртібіндегі кезекті мәселе – білім беру объектілеріне, күрделі жөндеу және салу барысына тоқталды. Бейіндік комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова білім беру нысандарын жөндеудегі күрделі жұмыстарды жүргізу кестеге сай аяқталмауы мүмкін екенін алға тартты.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықовтың айтуынша, қазіргі уақытта облыста 33 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Облыста 188 білім беру нысанына ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізіледі. Жалпы, 33 нысанда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының орындалу қарқыны әртүрлі деңгейде. Қазіргі уақытта өңірдегі 22 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстарының 50%-дан астамы аяқталған, – деп атап өтті Мейіржан Жәкенұлы.

Бұл орайда жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында басқарма қызметкерлері бекітілген кестеге сәйкес нысандарға барып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарының орындалуы жергілікті жерлерде мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауына алынған.

Қарағанды облысының құ­рылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының м.а. Саян Мұратұлының айтуынша, жоспардан тыс тексеру нәтижесінде тапсырыс берушілер мен мердігер ұйымдар тарапынан бұзушылықтар анықталған. Атап айтсақ, Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия және Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейі бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік істер қозғалған. Қазіргі таңда білім нысандарында талапқа сай жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Депутаттық корпус кеңес соңында құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары ағымдағы жоспарларды қайта қарап, құрылыс және жөндеу қарқынын жеделдету жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды. Бұл орайда уәкілетті органдар салынған нысандарды коммуналдық меншікке алу және беру де бейінді мемлекеттік органдармен құқықтық және басқа да мәселелерді пысықтауы тиіс.

– Құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, қалалар мен аудандардың әкімдері құрылыс­тың сапасына бақылауды күшейтсін. Қажет болған жағдайда анықталған кемшіліктерді жою үшін қосымша тексерулер жүргізуді қамтамасыз еткен жөн.
Осы орайда уәкілетті органдар мен тапсырыс берушілер, қалалар мен аудандардың әкімдері іргелес аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру бойынша нақты жоспарлар әзірлеуі тиіс. Ал, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы авторлық және техникалық қадағалаудың жүргізілуіне бақылауды қамтамасыз ету үшін жауапты мамандарды тағайындағаны дұрыс. Денсаулық сақтау басқармасы фельдшерлік-акушерлік пункттер үшін білікті медицина мамандарын тарту мәселесін шешуді қолға алсын, – деп атап өтті Нұркен Сайфиддинұлы.

Облыстық мәслихат депутаттарының жұмыс топтары жергілікті жерлерде ұлттық жобалардың іске асырылу барысын бақылауды жалғастырады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button