Ел ертеңіне сенімді
Қарағанды өңірі соңғы жылдары тың қарқынмен түлеп, нағыз даму дәуірін бастан өткеруде. Бұл – жалғыз өндірістің емес, сан саланың ілгерілеуі, тек техника мен тетік емес, адам әлеуетінің де алға өрлеуі. Биылғы жылдың алғашқы алты айдың өзінде өңір өмірі өзгеріп, жаңғыру мен жаңару үрдісінің жаңа сатысына қадам басты. Өнеркәсіптегі елеулі өсім, ауыл шаруашылығындағы нақты нәтижелер, инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарда байқалған серпінді өзгерістер, кәсіпкерліктің жаңа тынысы – мұның бәрі тек аймақ емес, тұтас ел үшін маңызды көрсеткіштерге айналып отыр. Биыл жалпы өңірлік өнім көлемі 9 триллион теңгеден асты. Жаңа зауыттар іске қосылып, индустриялық аймақтар дами түсті. Ауызсу тартылып, мектептер жөнделіп, ауылдар жаңғырды. Кәсіп ашып, іс бастағандар көбейіп, туризм дамып келеді. Қайта түлеген көл жағалауы, жаңарған емханалар мен жаңа мектептер – мұның бәрі халық үшін жасалған игілік. Қарағандыда даму – тек сандар мен көрсеткіштер арқылы емес, адамның өмір сүру сапасы арқылы өлшенеді.

«Saryarqa» телеарнасының тікелей эфирінде ел алдында есеп берген аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев алдағы жоспарлармен де бөлісті. Облыс әкімі алдымен өңірдің басты жетістіктеріне тоқталды.
– 2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 9 трлн теңгеден асты, оның 45%-ы – өнеркәсіп саласына тиесілі. Биыл бұл көрсеткішті 7%-дан асыру жоспарлануда. Жылдың алғашқы бес айында өнеркәсіп өндірісі 2 трлн теңгеге жетті. Өсім – 8,9%. Өңірдің өнеркәсіп өнімдерінің 78%-ы өңдеу секторына тиесілі екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл бағытта металлургия, машина жасау, химия және құрылыс индустриясы көш бастап тұр.
Негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 327 млрд теңге. Оны жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр, – деді облыс Ермағанбет Бөлекпаев.
Жалпы, облыста 2031 жылға дейін 108 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деген жоспар бар. Олардың жалпы құны – 4,3 трлн теңге. Бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде 200 млрд теңгеден асатын қаражатқа 36 жоба іске қосылады. Соның арқасында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Аймақ басшысы жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды атап өтті. Бұл қатарда металл бұйымдарын ыстық мырышпен қаптау зауыты, болаттан тік тігісті құбыр шығаратын «ТЭМПО Қазақстан» зауыты, Осакаров ауданындағы «Гиперборея» жел электр станциясы, «Силумин оф Казахстан» компаниясының алюминий радиаторлар зауыты бар. Сонымен бірге, биылғы жылдың аса ірі жобасы – Qaragandy Power Silicon ферросилиций өндіретін кешен.
– Саран қаласындағы индустриялық аймақ табысты жұмыс істеуде, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев. – Осы жобаның арқасында Саран моноқала мәртебесінен шықты. Жаңа жұмыс орындары ашылып, экономикасы әртараптандырылды. Үкімет басшысының тапсырмасымен бұл оң тәжірибе басқа қалаларға таратылады.
Биыл Қарағанды, Саран және Теміртау қалаларында үш шағын өнеркәсіп аймағы іске қосылады. Солардың бірі – «Qarmet Service» базасында орналасады және 20 мың шаршы метрді алады.
Шағын қалалар экономикасын әртараптандырудың тағы бір бағыты – туризмді дамыту.
Балқаш өңірінде туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Бұл шағын бизнесті жандандырып, инвесторлар тартуға мүмкіндік беріп, қаланың экономикасын дамытуға жол ашады. Көл жағалауын жаңарту және жыл сайын өтетін «Balkhash-TourFest» фестивалі туристер санын 10-15%-ға арттыруға себеп.
– Шағын және орта бизнес нысандарының саны артуда. Соңғы екі жылда қалада 7 қонақүй кешені салынды. Жыл соңына дейін тағы 3 қонақүйдің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, апартаменттер мен виллалардан тұратын жаңа заманауи кешен салу жоспарда бар.
Балқаш әуежайын қайта жаңғырту аяқталуда. Бұл қала мен көл маңындағы туризмді дамытуға тың серпін береді деп күтілуде, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Брифинг барысында мәлім болғандай, облыста 99 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бизнесте 245 мыңға жуық адам еңбек етіп жүр. Жыл соңына қарай шағын және орта бизнестің үлесі өңірлік жалпы өнімнің 22,8%-ына жетеді деп күтілуде.
Кәсіпкерлерге 15,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді, оның ішінде, 11,6 млрд теңгесі – субсидиялар, кепілдіктер және шағын несиелер есебінен берілген көмек.
Сауда көлемі бойынша облыс республикада 4 орында тұр. Сауда саласын цифрландыру жұмыстары жалғасын тауып жатыр. «Тeez» маркетплейсі ерекше қарқынмен дамып келеді. Оның 2025 жылға жоспарланған айналымы – 1 млрд теңге. Бұл өткен жылдан 6 есе көп.
Аграрлық секторда да өзгерістер бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі биыл 64,8 млрд теңгені құрады. Сонымен бірге, 46 млрд теңгеге 33 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аграрлық секторда қолға алынған ірі жобалардың қатарында Нұра ауданында құрылысы аяқталған сүт фермасын мысалға келтіруге болады. Онда мыңнан астам мал басы сыяды. Осакаров ауданында 6 мың басқа арналған сүт фермасының құрылысы басталғанын айтып өткен жөн. Бұл жобалар облыстағы сүт өнімдеріне деген сұранысты толық қамтиды.
Мал шаруашылығы, картоп өсіру және суармалы егіншілікте зәкірлік жобалар дамып келеді. Мыңдаған гектар суармалы жерлер ауыл шаруашылығы айналымына қайтарылуда. Бұл климаттың өзгеруіне қарамастан тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыста заманауи картоп қоймалары, көкөніс және астық сақтау орындары, қайта өңдеу кешендері салынып жатыр.
Аймақ басшысы инфрақұрылымды дамытуда да қарқын бар екенін алға тартты.
– Жыл соңына дейін 545 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, оның ішінде, жеке тұрғын үй құрылысы да бар. Бұл жекеменшік инвестициялар арқылы жүзеге асырылмақ. Құрылыс компаниялары үй салады, біз сатып аламыз. Бұл – ең дұрыс жолы. Үй кезегінде тұрғандарға аудит жұмыстары жыл сайын жасалады, – деп атап өтті спикер.
Жол жөндеу жұмыстарына тоқталсақ, «Балқаш-Бурылбайтал» және «Қарағанды-Қарқаралы» жол учаскелері аяқталуға жақын. Ал, «Қарағанды-Жезқазған» бағыты бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. «Достық-Мойынты» теміржол учаскесі өңірдің транзиттік әлеуетін 5 есе арттырмақ. Одан бөлек, Қарағанды әуежайын жүк терминалына айналдыру халықаралық және жүк рейстерінің санын, соның ішінде, Еуропа-Қытай бағытын да арттыруға мүмкіндік береді. Әуежай арқылы жылына 50 мың тонна жүк айналымы өтеді.
Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Ақтоғай ауданында жылу жүйелеріне қатысты алты жоба жүзеге асырылуда. Қазандықтарды жаңарту, жылу желілерін ауыстыру – алдағы жылыту маусымында жылумен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырады. Энергетикалық блоктар мен турбиналарда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Саран қаласында тұрғын үй қоры қалпына келтірілуде. Соңғы жылдары 22 көпқабатты үй жөнделді, оның бесеуі – бюджет есебінен, қалғандары – жеке инвестициялар қаражатынан.
– Президенттің тапсырмасы бойынша барлық тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Аймақ көлемінде 36 су нысаны салынып, жаңғыртылып жатыр. Бұл 200 мыңнан астам ауыл тұрғынының таза суға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Қосымша Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 11 су құбыры жобасы іске асырылуда. Осы орайда газдандыру жұмыстарының да жүйелі жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Қарағанды мен Теміртауда 5 266 үй газға қосылды, тағы 4 323 үйде қосылуға техникалық мүмкіндік бар, – деді брифинг барысында облыс әкімі.
Әлеуметтік салаға тоқталған ол 6 мектептің құрылысы аяқталғанын, тағы 8 мектеп салынып жатқанын тілге тиек етті. Оның алтауы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта 13 мектеп жөнделуде, 2027 жылға дейін 68 оқу орнына күрделі жөндеу жүргізіледі.
Президенттің тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлерде 92 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Олардың 51-і арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен, яғни, қайтарылған активтер есебінен жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 40 нысанның құрылысы аяқталды.
– Жаңа нысандар салынғаннан кейін оларда жұмыс істейтін маман тарту – маңызды міндет. Біз медицина қызметкерлерін қолдауды күшейттік. Дәрігерлерге берілетін көтерме жәрдемақы 8,5 млн теңгеге дейін көбейді. Бұл тәжірибе тек ауылда емес, қалада да қолданылады. Өткен жылы 62 дәрігер тартылса, биыл тағы 70 дәрігер келмек, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, облыс әкімі мәдениет саласында да жағымды жаңалықтар бар екенін жеткізді.
– Демеушілер қаражат есебінен үш маңызды мәдени нысан цирк, «Шалқыма» концерт залы, К.Станиславский атындағы Қарағанды драма театрының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ал, концерттік зал құрылысы әлі де келісілуде. Осы ретте облыстың бейнелеу мұражайын да жеке ғимаратқа көшіру мәселесі де шешімін таппай тұр. Қазіргі уақытта бір нысандармен келіссөздер жүріп жатыр, алайда, ол туралы айтуға әлі ерте, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Брифинг барысында аймақ басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мәселен, ол қоғамдық көлік тарифтерінің көтерілуі сөзсіз болатын жайт екенін айтты.
– Тариф бәрібір көтеріледі. Бірақ, бірден емес, бірте-бірте өседі. Автобустар паркі 200 жаңа автобуспен толықты, бұрын жабылып қалған алты бағытты қайта аштық. «ОNAY!» жүйесі тұрғындар үшін ыңғайлы болғанын көріп отырмыз, – деді ол.
Журналистер облыс көлеміндегі жолдардың жөнделуі туралы да сұрады. Әсіресе, Қарқаралы ауданы мен ауылдары арасындағы жол сын көтермейтіндігі туралы, тұрғындардан шағым түсетіні айтылды.
– Қарқаралы ауданының жолдары мәселесін білеміз. Егіндібұлаққа баратын жол да тозығы жеткен. Егіндібұлақтың жолын жөндеуді келесі жылдан жоспарлап отырмыз, қаражат қарастырудамыз. Жақында Қарқаралы ауданына барамыз, сол кезде бұл мәселені тағы да көтереміз. Дегенмен, жол жөндеу кезінде оның бірінші кезекте 10-20 үйлі ауылдарға емес, халқы көп елдімекендерге салынатынын ескерген жөн, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»