Ел ертеңіне байыпты бағдар
Достық үйінде Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талдауға арналған республикалық бірыңғай тақырыптық күні аясында дөңгелек үстел өткізілді.
Шараға Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық қызметі, Қоғамдық келісім Кеңесі мен Аналар Кеңесінің мүшелері, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, жастар мен студенттердің, кәсіби медиаторлардың өкілдері қатысты.
Жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский ашып, ол өз сөзінде Елбасының аталған мақаласы ел тұрғындары арасында жылы қабылданғанын жеткізді.
Сондай-ақ, дөңгелек үстелде сөз алғандар қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қарағанды облысының Қоғамдық келісім Кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков пен облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар Кеңесінің төрағасы Сәлима Нұрмағамбетова болды. Қоғам белсенділері Елбасы мақаласының маңыздылығын тілге тиек етіп, жастарды қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелеу қажеттігін айтты. Әр сөз сөйлеуші орынды ой қозғап, жастар мен студенттердің назарын түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бейбіт өмір кешіп жатқан ортақ Отанымызды, туған жерімізді сүюге, қадірлеп, құрметтеу қажеттігін жеткізді. Бұл ойды «LITUANICA» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас та қолдап, Көшбасшы мақаласының жарық көруі – еліміздегі елеулі оқиғалардың бірі екенін атап өтті.
– Біздің еліміз – шикізатқа бай аймақ қана емес. Отанымыздағы ең басты құндылық – жұдырықтай жұмылып, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан көпұлтты Қазақстан халқы. Қазақстаның білімді, ауқатты және табысты ел болуы үшін – Елбасымыздың бұл мақаласы ауадай қажет, – деді Виталий Тварионас.
Бұдан кейін, сөз кезегін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Әсем Сағатова алды. Кафедра меңгерушісі облыстағы жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының ашылғанын айтып, онда оқытушылар мен студенттерге терең білім берілетінін сөз етті.
Сондай-ақ, облыстағы Қоғамдық келісім Кеңесінің мүшесі, облыстық «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский де сөз алып, Президент мақаласында айтылған ойдың өзектілігіне тоқталды. «Полония» поляк қоғамы төрағасының айтуынша, Елбасы ұсынған тың қадамдар ертеңгі ұрпақтың келешекте бәсекеге қабілетті болуына тың серпін береді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН