Жаңалықтар

Ел энергиясыз қала алмайды

Атмосфераға көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтатын күн станциялары, жел генераторлары, гидроэнергетика сияқты жасыл энергетика түрлері танымал бола бастағанда атом энергиясы ұмытыла бастағаны рас. Бірақ, дәл осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың тұжырымдамаларына сүйенсек, атом энергиясы да атмосфераға зиянды шығарындыларды төмендететінін көруге болады. Бірақ, ел арасында «атомофобияның» бар екенімен қатар, еліміздегі әбден тозығы жеткен жылу электр станцияларының жағдайы да «шықпа, жаным, шықпамен» ілдебайлап күн кешіп тұрғанын да жоққа шығара алмаймыз. Бұл ретте қайтпек керек? Әлбетте, әлем бойынша жыл сайын атмосфераға бөлінетін 34 миллиард тонна көмірқышқыл газы туралы ойланғанда жасыл энергетикаға түбегейлі көшу туралы ой келетіні да жасырын емес. Бірақ, баламалы энергетика көп қаражат құюды қажет ететінін, бұл өз кезегінде тарифтің өсуіне әкелетінін, кезінде «жасыл» технологияны дамытуды қолдаған елдердің одан бас тартқанын ескерсек, Қазақстан үшін атом энергиясы өте оңтайлы екенін байқауға болады.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

АЭС-тан неге қорқамыз?

Атом өнеркәсібінде ең бірінші қауіп­сіздікке ерекше назар аударылады. Бірақ, соған қарамастан, атом электр станцияларының пайда болу перспективасы көпшіліктің бойында қорқыныш тудырып келеді. Мәселен, Токио тұрғындары ядролық қаруға қарсы митинг ұйымдастырып, атом энергетикасын пайдалануға қарсы болды. Бірақ, бейбіт атом қаншалықты қауіпті?

Алғашқы атом электр станциясы 1954 жылы Калуга облысының Обнинск қаласында салынғанын көрсетеді тарихи деректер. Ал, қазір әлемде 194 атом станциясы бар.
Бұл ретте дәл осы 194 атом электр станциясына шаққанда екі апаттық жағ­дай орын алғанын көреміз. Олар – Чернобыль мен Фукусима.

Қарапайым тілмен айтар болсақ, кез келген атом электр станциясының жұмысы – атом ядросының бөлінуі кезінде пайда болатын күшті реакцияға негізделген. Ядролық отын, яғни, көп жағдайда уран қазандыққа ұсақ қара таблеткалар түрінде беріледі. Атом реакторында болатын реакциялар кезінде бөлінетін энергия жылуға айналады. Яғни, аталған станцияда отын аз кетеді, жылу және гидроэлектр станцияларымен салыстырғанда экологиялық таза. Тағы бір артықшылығы – кез келген жерде салуға болатынында әрі қосымша энергия көздеріне тәуелді емес. Одан бөлек, күндердің-күнінде түбі көрінетін көмір, мұнай сияқты табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, атом электр станциясында отын ретінде қолданылатын уран қоры елімізде жеткілікті.

Әлемдік ғалымдар да мұны жоққа шығармайды. Мәселен, қазіргі кезде еліміз ғана емес, әлем бойынша өзекті мәселеге айналып отырған атом электр станциясын салу – табиғи ресурстардың сарқылуын бәсеңдетуде оңтайлы шешім болмақ.

Мәселен, әлемде дәл осылай ядро электр энергиясын пайдалану бойынша АҚШ – 836,63 млрд кВт, Франция – 439,73 млрд кВт, Жапония – 263,83 млрд кВт, Ресей – 160,04 млрд кВт, Корея – 142,94 млрд кВт, Германия – 140,53 млрд кВт, өндіріп отырғанын көрсетеді интернет деректері.

Әлбетте, технология да, ғылым да бір орында тұрмайтынын ескерсек, Балқаш көлінің жағасына атом электр станциясын салудың еш қорқынышы жоқ деп сенуге болады. Оның үстіне, дәл бүгінгідей электр энергиясы өткір мәселеге айналып тұрғанда, арзан көздің мемлекетке де, қарапайым халыққа да зияны емес, пайдасы тиетіні анық.

АЭС салу – қауіпсіз

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стра­тегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2024 жылғы 7-18 тамыз аралығында телефон ар­қылы сауал­нама нәтижелері оған қа­тысқандар­дың көпшілігі, яғни, 53,1 пайызы АЭС салу идеясын қолдайтынын көрсеткен. Олар станцияға үлкен үміт артып қана қоймай, 2030 жылға қарай электр тапшылығы мәселесі шешіледі деп сенген. Ал, АЭС салу идеясының қарсыластары, яғни, 32,5 пайызы ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдау­шылық танытқан. Қатысушылардың 14,4% пайы­зы өз таңдауын жасамаған.

Біраз уақыттан бері елімізде Қазақ­станда атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Көп­шіліктің пікірі екіге жарылды. Бірі – еліміздегі энергетика саласын дамыту үшін «өте қажет» десе, атомнан төнетін қауіп зор екенін алға тартып жүргендер де бар.

«Қазақстандық атом стансалары» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков «Мінберге» берген сұхбатында атом электр станциясын салудың үш себебін айтқан болатын.

– Елімізде АЭС салудың бірінші себебі, ол – энергетикалық қауіпсіздік. Се­бебі, елімізде электр генерациялайтын жабдықтар 70 пайызға дейін тозған. Осыған байланысты тұтынудың ең жоғары шегінде, энергия жетіспей қалуына байланысты оны көршілес елдерден алуға тура келеді. Сондықтан, энергияның негізгі генерация көзі ретінде атом электр станциясын қарастырған жөн. Ал, екіншіден, біз кейіннен көміртекті іздер қалдырмайтын жасыл энергия тұтынатын елдер қатарына қосылу үшін қалай да қазір энергия өндіретін жабдықтар қажет. Оған біз АЭС-сыз қол жеткізе алмаймыз. Ал, үшіншіден, энергия көздерін әртараптандыру еліміз үшін маңызды, – дейді Асуан Сиябеков.

Жетекші инженердің айтуынша, АЭС-тан шығатын радиоактивті қалдық өте аз. Оны тұрмыстық қалдық секілді көме салу, суға ағызып жіберу деген дүниелер мүмкін емес нәрсе. Радиоактивті қалдықтарды ешқайда тығып та қоя алмаймыз. Тығып қойғанның өзінде де, Атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттіктің спутниктік қондырғылары өте сезімтал. Оны жерге көмгеннің өзінде білініп қалады. Құрылыс кезінде және де пайдалану кезінде технология­лардың барлығын сақтай отырып салынса, қоршаған ортаға ешқандай зияны болмайды.

Станцияны кім салатыны шешілген жоқ

Қазақстанда АЭС-ті қай мемлекет салатыны әлі белгісіз. Тізімде Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей бар.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин Қазақстанда атом электр станция­ларын салу үшін қандай компаниялар технологияларды жеткізе алатынын айт­қан болатын.

– Ұсынылған технологияларды алдын ала бағалау үшін біз Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) әлемдік тәжірибесі мен ұсынымдары негізінде өз бағалау жүйесін әзірледік. Кейіннен бұл жүйені әйгілі француздық assystem инжинирингтік компаниясы мақұлдады, – деді ол Үкімет отырысында.

Әлбетте, шешім халықтың қолында. Бүкілхалықтық референдумнан кейін белгілі болады. Дегенмен, 60 жыл қатарынан үздіксіз қызмет көрсете алатын атом энергетикасын дамыту еліміздегі экономикалық, технологиялық және әлеуметтік жағдайға оң серпін беретінін айтып отыр зерттеушілер.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button