Ел дамуының жаңа парадигмасы
Мемлекет үшін саяси тұрақтылық пен экономикалық өсім, халық үшін әлеуметтік қолдау мен әл-ауқаттың артуы маңызды. Елдің жан-жақты дамуы үшін өзекті мәселенің барлығын Мемлекет басшысы Жолдауында қамтыды.
Осы жолы да Президентіміз елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуды, ақша-несие саясаты, инвестициялық ахуал және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу сынды тақырыптарды қаузады. Сонымен қатар, елдің кадрлық әлеуетін арттыруды, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қабылдау, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды, экологиялық ахуалды жақсартып, қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеу, сондай-ақ, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру мәселелері де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа бастамалар көтерді, жаңа тапсырмалар берді.
– Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елдің өндірісі, экономикасы, кәсіпкерлердің мүддесі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік басқару, денсаулық және әлеуметтік мәселелер, экология тақырыптарын бірнеше бағыт бойынша жіктеп, саладағы кемшіліктер мен озық тұстарын атап шықты. Сонымен бірге, жаңа идеялар мен оларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін, мәселенің шешімдерін ұсынды. Әсіресе, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелерге қатысты нақты жеткізді. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігіне тоқталды.
Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс екенін атап өтті. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде халық арасында жиі болып, олардың өтініштері мен мәселелеріне құлақ түру – біздің міндетіміз. Осы орайда Мемлекет басшысының: «… мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек», – дегенін құптаймын.
Президентіміз: «Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек. Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады» деп, талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын білмей, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің кейбір бастамаларды өз мүддесіне бұрып әкететінін де ашып айтты. Біз өз жұмысымызда мұндайдан аулақ болуымыз керек. Мемлекет басшысының белгілеген бағдарынан айнымай, ел игілігі үшін еңбек ету бәрінен үстем тұруы тиіс.
Қадиша ОСПАНОВА,
Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және
халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы