Ел чемпионы атанды
Елордада аралас жекпе-жектен ел чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеде облыс атынан қатысқан Марат Сражатов қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Әрі әлем чемпионатына да жолдама иеленді.
Марат Сражатов облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейді. Өзі спорттың осы түрімен төрт жылдан бері шұғылданып келеді.
Спортшы актық кезеңге дейін үш қарсыласпен кездескен. Десе де, жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтап, финалға жолдама алады.
– Финалдағы қарсыласым Шығыс Қазақстан облысының спортшысы болды. Қарсылас осал емес. Жеңіс үшін барымды салып, соңына дейін ұрыстым. Бұл жолы бағым жанды. Жалпы, өз басым жұмыс барысында үнемі шынығып жүремін. Түрлі жаттығулар жасаймын. Қимыл-қозғалыста жүргендіктен жылдам әрекет ету қабілеті қалыптасады екен. Әрине, бұл қасиет спортшыға да, құтқарушыға да аса қажет. Тыңғылықты дайындығымның нәтижесінде жеңіске жеттім, – деді чемпион.
Енді жерлесіміз біршама уақыт тынығып, әлем чемпионатына дайындықты бастайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»