Спорт

Ел чемпионатында апалы-сіңлі Оспановалар топ жарды

Таразда 2008-2009 және 2010-2011 жылы туған қыздар арасында ел чемпионаты өткен болатын. Сол турнирде бақ сынаған апалы-сіңлі Аяулым мен Камила Оспанова алтыннан алқа тағып, ел чемпиондары атанды. Ал, Камила осымен төрт дүркін ел чемпионы атанып, спорт шебері атағына қол жеткізді.

Суреттер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Аяулымның жасы небәрі 15-те болса да, бір басында жетістіктері орасан. Өзі спорт шеберлігіне үміткер. Әрі екі дүркін Азия чемпионы. Азиада ойындары мен республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Жеті жасынан бастап қолына қолғап киген боксшы әуесқой мансабында әлі де жеңіліп көрмепті. Осы чемпионатта 66 келіде қолғап түйістіріп, бұл жолы да жеңіс тұғырынан көрінген.

Бір жас үлкендігі бар Камила Тараздағы чемпионатта 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Өзінің бокспен шұғылданғанына көп бола қоймапты. Десе де, жеткен жетістіктері де біртөбе. Осы жолы да ел чемпионатының алтынын иеленіп, төрт дүркін қазақстан чемпионы атанды

– Аяулым мен Камила да үш кездесуден өткізді. Екеуі де барлық кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Камиланың ақтық кезеңдегі қарсыласы – тараздық спортшы. Ол да осал емес. Азия чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Десе де Камила екі раундтта төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіске жетті. Ал, соңғы айналымда қарсыласы жарақат алып, кездесуден бас тартты. Қос спортшым да бабында, – деді спортшылардың әкесі әрі жаттықтырушысы Жеңіс Оспанов.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button