Жаңалықтар

Ел болашағы – өзекті жобаларда

Ел билігінің алға қойған басты міндеті – ел аумағында тұратын әрбір азаматтың өз мақсат-мұратын, әлеуетін іске асыруына барынша мүмкіндік жасау. Осы мүмкіндіктерді пайдалану азаматтардың өз таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты.

Әрбір азаматты қолдау мақсатында «Nur Otan» партиясының қатысуымен әртүрлі жобалар еліміздің түпкір-түпкірінде іске асырылуда. Жобалар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы жобасы аясында қолға алынған. Атап айтар болсам, білім беру саласында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар саны артты және орта білім беру саласында жастардың тегін білім алуына жол ашылды. Мұғалімдер мен білім беру мекемелеріндегі оқытушылардың айлық жалақы мөлшері өсті. Сонымен қатар, ел жастарын қолдау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылды. Бұл жоғары оқу орны мен колледжді енді бітірген жас мамандарды жұмыспен қамтып, олардың еңбекке деген құлшынысын арттырып, дамытуға мүмкіндік береді. 

Ал, экологиялық саясатқа тоқталатын болсақ, басты міндет Қазақстанның көміртекті аз тұтына отырып даму тұжырымдамасын қабылдау болып табылады. Ол дегеніміз – «жасыл экономика», климаттың өзгеруіне бейімделу және экономиканы декарбонизациялау, яғни «экологиялық таза экономика» шараларын қамту және ұйымдастыру. Осы орайда қалалардың атмосфералық жағдайын жақсарту, су ресурстарын тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жобалар іске асуда.

Экологиялық құндылықтарды нығайту үшін «Бірге – таза Қазақстан», «Таза су айдындары» экологиялық акциялары жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Бұдан әрі мектептерде, оқу орындарында экологиялық сауаттылық пен тәрбие беру бойынша бағдарламалар енгізіліп, қоршаған ортадағы барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамытудың үлгісін қалыптастыруды тәжірибе жүзінде іске асыру көзделіп отыр.

Жол картасын сапалы іске асыру халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Ел болашағы – өзекті жобалардың жүзеге асуында.

Мира МАХАТЧИНА,

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңестің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button