Ел байлығын еселеген ерлерім…
Нұра жері – шежірелі тарихы бар, құт дарыған берекелі өлке. Ауданның жері, елі, пайдалы қазбалары мен шаруашылығы және Қазақстанға әкелетін пайдасы шаш етектен. Нұра ауданы 1928 жылы Ақмола аймағының Нұра, Сарыарқа болыстары негізінде құрылған. 1932 жылы Қарағанды облысы құрамына кірді. Орталығы – қала үлгісіндегі Нұра кенті. Ғалымдар Нұра атауының мәнін әр түрлі жориды. Соның бірі – моңғолдың «көл» деген мағына беретін «нуур» сөзінен алынған деген жорамал. Алайда, сол моңғол тіліндегі «Алтайн-Нуур» атауымен Алтай тауы да аталады. Осы орайда, «нуур» атауы көне түркі тілінен моңғол тіліне ауысуы мүмкін деген ойға да зер салуға болады.
«Жаңбыр жауса – жер ырысы, батыр туса – ел ырысы» демекші, елін жаудан қорғаған Жаулы елінен – Тілен, Майлы елінен – Көбек, Нияз, Серкебай және тағы басқа да батырлар Нұра топырағынан көптеп шыққан. Кенесарының отарлау саясатына қарсы қол бастап Ақмоланың күнбатыс жағынан жауларға тигенде, осы сәтті күтіп жатқан Тілен батыр да өзінің 500-1000 қол әскерімен Кенесарыға қосылады. 1838 жылы құрамында Тілен батыр бар Кенесары әскері Ақтау бекінісін құлатып, патша әскерлеріне ойсырата соққы береді. Ақтау, Ақмола, Ортау бекіністерін қиратқаны тарихтан белгілі. Кенесары әскерінің құрамында Тілен батырдан басқа Тиес, Делек, Нысан, Көбек, Күшікбай, Қарабек сынды көптеген батырлар болған.
Нұра өңірінде дау шешіп, билік айтқан Лау мырза жайлы тарихтан білеміз. «Кенесары хан қалың жасағымен Ақмола, Ортау асып бара жатқанда арнайы бұрылып, Лау мырзаға сәлем беріпті» деген де дерек бар.
Ежелден-ақ, орталық Қазақстандағы ең астықты аудан санатына қосылған нұрлы Нұра Одақ тұсындағы Қазақстандық миллиардтарға сүбелі үлес қосып келді. Тек, жоспарлы экономика құрдымға кетіп, ауыл тұрғындары нарықтық қатынастарды меңгере алмаған һәм бұрынғы іскерлік байланыстар үзілген 90-шы жылдардың бас кезінде мұнда да жағдай күрт төмендеді. Ал, 1997 жылы бұрынғы Теңіз ауданын өз құрамына қосып алғаннан кейін оның облыс экономикасындағы үлес салмағы қайта қомақтана түсті. Қара топырақты құнарлы өңірлерге дәнді дақыл егу көлемі маусым сайын еселеніп келеді.
Қара Нұраның құнарлы жерлеріне Шығыс Украина мен Ресейден боса көшкен қара шекпендер жеткенше, Нұра қазақтары 330 ауылды қоныс еткені туралы құжаттар Омбы, Ақмола мұрағаттарынан табылып отыр. Бұл ауылдар Қараағаш (кейін Амантау), Қунақ, Бақөлең, Жыланды болыстарына біріктірілген. Қазан төңкерісінен кейін аталған ауылдың бәрі орыс поселкелеріне қосылып, Сарыарқа ауданына біріктірілді. Қазіргі К.Мыңбаев ауылының орнына – Ивановка, 1908 жылы Қобыкөл ауылы – Семеновка поселкелері салынды. 1909 жылдың көктемінде қазақ ауылдары ығыстырылып, Захаровка, Плаховка поселкелері салынды. Үлкен Талдысай ауылы – Майоровка және Ефремовское селолары қоныс тепті. 1909 жылы Қолаң елді мекені – Батуринка, Айтбек ауылы – Плаховка, Қосқопа ауылы – Бородинская, Байтуған ауылының орнына Новокарповка селолары салынды.
1954-1957 жылдарғы тың көтеру кезеңінде «Энтузиаст», «Шахтер», «Пржевальский» «Индустриальный», «Донской», «Щербаковский», «Киевский» шаруашылықтары құрылды. 1972 жылы ауданға СОКП Орталық комитетінің Саяси Бюро мүшесі, Қазақстан КПОК бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев келгенде Киевка – Көкмөлдір тас жолы салынды.
Екі үлкен көмір тау кені Шұбаркөл ААҚ 2001-дің жыл басынан 903,3 млн. тонна көмір өндірді. Сонымен бірге, 2 марганец тау кеніші – («Тур», «Богач» кәсіпорындары) іске қосылып, «Отты тракторшыларға», тың игерушілерге арналып обелиск қойылды.
1903 жылы ұмытыла бастаған ақындар айтысы өнері қайта жаңғырып, халық ақыны Қайып Айнабековтің бастамасымен алғаш рет ақындар айтысы өткізілді. Жолдекей Нұрмағанбетов, Тәужи Айнатасов, Колзак Амангелдин, Сәби Әрменбаев секілді айтыс ақындары қарқаралылық әріптестерін сайысқа шақырып, қазан айында «Қызыл-Шілік» колхозында жүздесті. Бұл оқиға қазақ ауыз әдебиетінің айтулы үлгісі ретінде әдебиетіміздің тарихына енген. Бұл деректен Нұра өңірінде ақындық өнердің жақсы дамығанын байқаймыз.
Шөже, Айна тәрізді суырып салма ақындардың ізін жалғаған шайырлар баршылық. Солардың бірі Нұра ауданының белгілі халық ақыны Жолдекей Нұрмағанбетов. Өлеңдері көзі тірісінде «Советтік Қарағанды» газетінде жарияланып тұрған.
Халық ақыны, Көбетай ауылының тумасы Қайып Айнабеков, есімі елге әйгілі батыр-балуан, аузы дуалы шәйір-шешен Тоқа Жұмабайұлы, белгілі ақын, әдебиет зерттеушісі Бүркіт Ысқақов, журналист-ақын Дәулетбек Әкімбеков, көрнекті ақындардың бірі Қабыкен Мұқышұлы сынды көптеген таланттар осы топырақтан түлеп ұшқан.
Егемендік жолында көп азап шеккен ақынның бірі – Махмет Темірұлы болатын. Ол Бүркіт Ысқақов екеуі студенттер арасында Кеңес үкіметіне қарсы жасырын «ЕСЕП» (елін сүйген ерлер партиясы) ұйымын құрған. Махмет Темірұлының «Қилы кезеңдер» өлеңдер жинағы, «Арман мен азап» естелік кітабы, «Қуан қазақ, азаттық алғаныңа», «Азаттық аңсап азап шеккендер» деген жинақтары жарық көрген.
Қасиетті Нұра топырағынан шыққан тарихи тұлғалар А.Асылбеков, Р.Алсенов, О.Әбдікәрімов, Б.Мамыраев, Т.Рахымбеков және қоғам қайраткерлері Т.Сәтенов, Қ.Ниязов, Д.Әбілдинов, Ж.Бикенов, Е.Жаппаров және тағы басқалары. Сондай-ақ, Кеңес Одағының Батырлары И.Колодий мен С.Лебедев, «Даңқ» орденінің толық иегері М.Сүлейменов. Осы арада айта кету керек, Мүтәш ағаның биылғы 2021 жылдың қыркүйек айында 100 жылдық мерейтойын атап өтуді аудан әкімшілігі жылдық жоспарға енгізген. Батыр атындағы орта мектепте ашылған мұражайға, мектеп директоры Рақымтай Наримановтың басшылығымен күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмекші. Сонымен бірге, Ұлы Отан соғысының ардагері Қ.Былқыловтың 90 жылдық мерейтойы аталмақшы.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Кузнецов, бір үйден шыққан қос батыр, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Н.Айтуғанов пен жұбайы Батыр ана М.Шоқылбаева, Социалистік Еңбек Ерлері И.Смағұлов, Д.Төлеубаев, Қ.Төкенов, А.Боднардың, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Балмағанбетов, ғалымдар С.Талжанов, К.Мыңбаев, Д.Шалабеков секілді тарихи тұлғалары және С.Жалмағанбетова, Б.Жұмабеков, ауданның алғашқы прокурорлары, белгілі заңгерлер Х.Ахметов, З.Қажыбеков, генералдар Р.Түсіпбеков, Ж.Сүлейменов, заңгер Б.Төлеубаевтар аудан мақтаныштары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз… Үкімет аталған мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру және оларды тәжірибеде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн» деген болатын. Осы орайда ауданымыздан шыққан Б.Әбдікәрімов, Т.Әубәкіров, Т.Әбдікәрімова, Ж.Әбішев, А.Данияров, Т.Исабековтің және қадірменді ұстаздар У.Әубәкіров, М.Қалиев, Р.Асубаев, К.Ынтықаев, А.Әкімбекова, М.Айтжанов, З.Қайырбеков, Д.Ахметов, А.Асубаев, Н.Усабаева, Е.Жұпенов, З.Касимова, М.Теміров, Б.Мамыраев, А.Шалабеков, Қ.Шәйменов, А.Шалқарбаев, А.Ауғалиев, Б.Омаров, А.Рахымжанов сынды ғалымдарды ілтипатпен айтар едім.
Сонымен қатар, ҚР денсаулық сақтау министрі болған С.Қайырбекова, З.Қайырбеков, З.Мүслимов, Е.Баттақов, Ш.Баттақова, Б.Балтабаев, Б.Абдрахманов тәрізді ауданымыздың белгілі азаматтарын нұралықтар айырықша құрметпен атайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп кесіп айтқан болатын. Осыған байланысты Нұра ауданында ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға бағытталған игі шаралар, белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Мал шаруашылығының өсіп-жетілуіне қомақты үлес қосып отырған Изенді ауылының тұрғыны, «Отқанжар» ЖШС-нің директоры Қанат Отарбаевты ерекше атап өткен жөн. Аталған серіктестік 2002 жылы шаңырақ көтерді. Шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданып, соның негізінде мал зауыты мәртебесіне ие болды. Бие байлап, қымыз өндіруді қолға алды және келешекте оны ірілендіріп, өндірістік жолға қоюды мақсат тұтуда.
Қанат Жариясұлы ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық саласын көтеруге, құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне де өз үлесін қосып келеді. Осы орайда заман талабына сай 200 орындық тойхана, наубайхана және қымызхана салынып, ауыл көркін ажарландыра түсуде. Еңбек жолын шопандықтан бастаған Қанат Отарбаев өзінің ақ адал еңбегімен, маңдай терімен аудан экономикасын көтеруде, халықты жұмыспен қамтуда қажырлы ісімен танылып жүрген азамат.
Сейітжаппар Нығыметов басқаратын «Қайнар» серіктестігі аудандағы ірі қара және егін өсірумен айналысатын ауқымды шаруашылық. Сонымен қатар, ауыл жастарының жағдайын жасау мәселесіне баса назар аударуда.
Сейілхан Қоңырбаевтың «Жараспай» серіктестігі, Ықсан Тәттібаев иелік ететін «Пржевальское» серіктестігі, Георгий Прокоптың «Шахтерское» серіктестігі ауданға бар ықыласымен көмектесуде. Кертінді кентінің ЖШС-нің басшылары Т.Әлімбаев, С.Рахымбековтерге және ауыл әкімі болған Қ.Досжановқа да елі риза.
Іскер азамат Нұрлан Сүлейменов «Индустриальный» ЖШСнің басшысы. Ол ауданымыздың мәжіліс депутаты болған кезеңде аудан әкімшілігінде бірнеше жыл өз ұсыныстарын, сауалдарын жоғары биліктегілерге өткізіп, аудан мәселелерінің оң шешілуіне, арнайы қаржы бөлінуіне мол үлесін қосты.
Ауданда әр жылдары әкім болып, астықты өлкенің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына қолтаңба қалдырған Дауылбай Құсайынов, Серік Шайдаров, Құдайберген Бексұлтанов, Ниқанбай Омарханов тәрізді елге танымал азаматтарды да атап өтер едік. Әсіресе, Құдайберген Бексұлтанов пен Ниқанбай Омархановтың аймағымыздың тарихына қалдырған айырықша істерін, аудан жұртшылығы әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
Мәселен, Құдайберген Бексұлтанов Кеңес Одағының Батырлары И.Колодий мен С.Лебедевке және «Даңқ» орденінің толық иегері М.Сүлейменовке, Сәкен Сейфуллинге ескерткіш орнатты. Аудан орталығындағы саябақ іші көріктендірілді. Жастарға арналған жаңа үйлер салынып, пайдалануға берілді. Басқа да көп шаруа тындырды. Қазір Қарағанды қаласында қызметін жалғастырып жүр.
Ал, Ниқанбай Омарханұлы ауданымызды басқарған уақытты тұлғалар тастүлектей түлеген кезең десем, артық болмас. Орыстанып кеткен ауданды қазақыландырып, бұрын-соңды болмаған, небір іс- -шараларды батыл ұйымдастырды. Қайта жаңғырған Нұра кентінде Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлына, Жаулыұлы Тілен батырға, Шоң биге және Әлихан Бөкейхановқа көше аттары беріліп, аудандағы 17 ауылға бұрынғы тарихи атауы қайтарылды. 114 көше қазақша аталып, 30-дан астам мектепке ұлт зиялыларымен, Алаш арыстарының есімдері берілді. Нұра ауданының 90 жылдық мерейтойын ақ шағаладай киіз үйлер тіктіріп, халқымыздың салт-дәстүрінің небір шұрайлы сән-салтанатын театрландырылған көрініспен ұйымдастырып өткіздіргеніне куә болдық.
Міне, ел байлығын еселеген ерлерімен, халқым деп соққан жүректі жігіттері бар нұралықтар бүгінде игіліктерін өз қолдарымен жасап, еңбек ерлерін мақтан етеді. Жылдар өтсе де осынау игілік иелерінің есімдері, ерлік істері әрдайым жарқырап тұра берері анық.
Қайыржан БЕКІШЕВ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың профессоры,
Нұра ауданының Құрметті азаматы.