Жаңалықтар

Ел аумағында ауа райы күрт құбылады

«Қазгидромет» 5, 6 және 7 ақпанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Ortalyq.kz Tengrinews-ке сілтеме жасап.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Болжамға сәйкес, кезеңнің алғашқы жартысында Қазақстан аумағының басым бөлігі оңтүстік циклонның ықпалында болады. Соған байланысты жауын-шашын күтіледі. Атап айтқанда, 5-6 ақпанда жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын, көктайғақ пен тұман, сондай-ақ боранмен бірге екпінді жел болжанады.

Оңтүстік-батыстан келетін жылы ауа массалары Қазақстан аумағында ауа температурасының жоғарылауына әкеледі:

• солтүстікте, шығыста және орталықта күндіз ауа температурасы 3 градус аяздан 2 градус жылуға дейін,

• оңтүстікте 8–17 градус жылы,

• оңтүстік-шығыста 5–15 градус жылы болады.

Бұған дейін синоптиктер Қазақстан бойынша ақпан айына арналған ауа райы болжамын жаңартқан болатын. Мамандардың айтуынша, ақпан айы әдеттегіден жылырақ, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады. Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Ал республиканың оңтүстік-шығысында температура климаттық норма шамасында сақталады.

Арайлым КӘРІҒҰЛ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button