Жаңалықтар

Ел алдында – жаңа толқын

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көрнекті театр сыншысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әшірбек СЫҒАЙ атындағы «Сын – шын болсын» атты бірінші республикалық театрлар фестивалі Қарағанды өңірінен бастау алды. Әр аймақтан келген 15 өнер ордасы С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры мен К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында спектакльдерін сахналайды. Үздік деп танылған өнер ұжымына арнайы Әшірбек Сығай атындағы бас жүлде тағайындалады. Дүйсенбіде өткен фестивальдің баспасөз мәслихатына облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ қатысып, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВАНЫҢ жолдаған құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, баспасөз мәслихатына шақырылған қонақтардың қатарында профессор Ә.СЫҒАЙДЫҢ жары Күләш СЫҒАЙМЕН қатар, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, өнертану ғылымдарының кандидаты Амангелді МҰҚАН мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес ЖҰМАБЕКОВ қатысты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін театр өнері үлкен бетбұрысқа бастады. Репертуар саясаты, ұлттық өнер мен мәдениетіміз өркен жайды. Сол жылдардан бастап әр өңірде жаңа театрлар ашылып, халыққа қызмет ете бастады. Міне, бұл театр өнерінің жетістігі. Ал, ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық театр өнерінің дамуына бар күш-жігерін жұмсап, еліміздегі театрлардың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, білікті де, білгір сыншы, сөз зергері Әшірбек Сығай есімі елге таныс. Бар ғұмырын театрға арнаған ардақты тұлғаның есімін ұлықтап, жарқын ісін жалғастыру – енді ұрпақтар парызы.

– Өнер – өмір айнасы. Өнердің дамуы – ел мен ұлттың, руханияттың дамуы. Өнердің дамуы үшін – сын керек. Сын түзелмей – мін түзелмейді. Аталмыш фестивальдің осы өңірден бастау алғаны біз үшін үлкен мәртебе. Фестивальде бақ сынайтын барша театр ұжымына сәттілік тілеймін. Апта бойы Қарағанды қаласында қоятын пьесалар біздер үшін үлкен тағылым болмақ, – деді Абзал Нүкенұлы.

Әр аймақтан келген 15 театрдың қатарында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Құлагер» қойылымымен, Нұр-Сұлтан қаласынан Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Қыз Жібек» лиро-эпостық спектаклімен, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры «Мен ішпеген у бар ма?» трагедиялық қойылымен қатысқалы отыр. Сондай-ақ, фестиваль бағдарламасында Петропавл, Шымкент, Қостанай, Көкшетау, Семей, Павлодар, Талдықорған, Ақ­ тау қалаларынан келген аймақтық театрлардың үздік қойылымдары бар. Театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан шығармашылық ұжымдарды бірнеше номинация бойынша марапаттамақ. Таңдалған тақырып, сахналық киім үлгісі, декорация, актерлар шеберлігіне де жеке баға береді.

– Барлық өнердің басын қосқан – театр. Олай дейтінім, мұнда ән де күй де, әдебиет те, режиссура, драматургия да бар. Үлкен мақсатпен Қарағанды өңірінен бастау алған фестивальге театр сыншыларының ағасы болып жүрген Әшірбек Сығайдың есімі берілгеніне қуаныштымын. Сонымен қатар, репертуар аясы да әртүрлі. Тағы бір ерекшелігі, осы спектакльдердің барлығы да жақында ғана қойылған премьералар. Әрі режиссерлерінің басым бөлігі – жастар Бұл дегеніміз елімізде жас театр режиссурасы өсіп келеді деген сөз, – деді Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

Фестиваль шымылдығы Ласло Дюрконың «Электра» трагедиясымен ашылды. Қоюшы режиссер – Жұлдызбек Жұманбай. Режиссер қоғамдағы құбылысты, мансапқорлық пен қатыгездікті суреттеген. Ұйымдастырушылардың сөзінше, Әшірбек Сығай атындағы театрлар фестивалі енді әр екі жыл сайын өткізіліп тұрмақ. Кейінірек халықаралық деңгейге шығаруды да жоспарлап отыр.

– Театрларымыз қай бағытта жылжу керек? Қандай мәселелерді, тақырыптарды көтеріп жатыр? Қандай кейіпкер сахнаға шықты? Театрдың эстетикасы қандай? Мұның барлығы сынаптай сырғыған уақытта тоқтаусыз жүріп жатыр. Қазақ театры да соған сай болуы керек. Бүгінгі қазақ театрын қарап отырсақ, жас режиссерлер басым. Олар заманға сай спектакль қойып жүр. Бүгінгі таңда қазақстандық жас буын қалыптасты деп айтуға толық негіз бар, – деді қазылар алқасының төрағасы Амангелді Мұқан.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button