АймақТеміртау

Ел алдында есеп берді

Президенттің тапсырмасына орай республикамызда әр деңгейдегі әкімдер тоқсан сайын өз аймағының халқымен кездесіп, осы мезгіл ішінде атқарған жұмыстары жайында есеп беруі тиіс болатын. Ал, Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбековтің осы қала мен оның аумағына кіретін Ақтау кентінің тұрғындарымен жүздесуі осыменен тоғызыншы рет екен.

 

Қала әкімінің 20 қыркүйектегі кезекті кездесуі Қарағанды индустриалдық университетінің акт залында өтіп, оған қалалық бөлімдердің басшылары мен қызмет көрсетуші кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қалалық мәслихаттың төрағасы А.Ломакин мен депутаттары, тұрғындар қатысты.

– Сіздермен маусым айында болған соңғы кездесуімде, – деп бастады әңгімесін Ораз Қайсаұлы, – 20 өтініш-талаптарыңызды жазып алған едім. Бүгінгі күнге дейін соның 16-сы орындалып, қалған төрт мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде. Енді алдағы қазан айында бюджетті нақтылау кезеңінде жергілікті мәслихатпен келісіп, тағы да бірқатар жобаларды жүзеге асыруды қолға аламыз.

Келесі кезекте ол қаланың қысқы жылыту маусымына дайындығына тоқталды. Оның айтуына қарағанда, жылу магистралінде гидравликалық сынақтар өткізілгеннен кейін қазан айының бірінші онкүндігінде қаланың тұрғын үйлері мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандарына жылу беріле бастайды. Сол сияқты су құбырларында сапалы ауыз суды беруді тұрақтандыру үшін ең апатты деген учаскелерді жөндеу жалғасуда. Газдандыру мен электр жарығының тұрақты берілуі шешімін табуда. Сондықтан да, теміртаулықтардың алдағы қысқа алаңдайтын реті жоқ.

Қала әкімінің есебі бітісімен кездесуге келген көпшілік өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Олардың көтерген ең басты мәселесі қаладағы трамвай паркінің жабылып, соның салдарынан осы көлік қозғалысының тоқтап, аталған кәсіпорын жүргізушілерінің (көбісі қыз-келіншектер) жұмыссыз қалғаны болды. Олардың аталған кәсіпорынның қожайыны «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ұсынған жұмыстарға барғысы жоқ. Бұл ретте қала әкімі трамвайшылардың бұл өтінішіне назар аударып, оны аталған компания басшысымен бірлесе отырып шешуге уәде етті. Ал бүкіл трамвай паркін қаланың балансына алу бір күннің шаруасы еместігін де ескертті.

Тұрғындар осының салдарынан таңертеңгілік және кешкілік уақытта жұмысқа жетудің күшке айналғанын, кей көшелерді қазылып тастағанын, жарықтанбағанын, қоқыстарының уақытылы тасып әкетілмейтінін, тағы басқа да мәселелерді қозғап, оларға тиісті кәсіпорындар мен мекеме өкілдері жауап беріп жатты. Ораз Қайсаұлы бұл айтылғандардың бәрін жазып алып, жиын соңында тұрғындарды жеке қабылдады.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button