Ел айбыны асқақтап…
7 мамыр – Отан қорғаушы күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Астана қаласындағы «Қазақ елі» монументі жанында өткен әскери парадты Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтары орталық саябақта орнатылған LED-экраннан тамашалады. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, әскерилер, азаматтық сала қызметкерлері қатысты.
Ашық көрсетілімге оқушылар мен студенттер де өз Отанының әскери қуатын көріп, патриоттық рухты сезініп қайтты.
Әскери парадта сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі орасан зор екенін атап өтті.
– Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! – деді.
Мерекелік жиында Мемлекеттік Гимн шырқалып, Мемлекеттік Ту мен Жеңіс Туы желбіреді. Алдымен ту ұстаушылар тобы Мемлекеттік Туды және Жеңіс туын алаңға алып келді. Бұл ту осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі.
Сап түзеген жауынгерлерге Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Жеңіс күнімен құттықтау сөзін арнады. Парадты генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды.
Қазақстан армиясы ресми түрде 1992 жылы 7 мамыр күні құрылған. Қиын заманда қазақ шекарасын қорудан бастаған армия қазір халықаралық миссиялардың белді қатысушысына айналып отыр.
Әскери шеру үш бөлімнен тұрды. Атап айтсақ, тарихи кезең, қазіргі әскери техника мен құрам, сондай-ақ, әуе күштерінің көрсетілімі. Барлығы бес мыңға жуық әскери қызметші, 300-ге жуық техника, 66 ұшақ пен тікұшақ тартылған.
Шерудің тарихи бөлімін сол отандастарымыздың негізгі қаруы болған Шпагин және Максим пулеметтерімен қаруланған сарбаздар бастады.
Одан бөлек, құрлық, әуе, теңіз күштерінің парадтық топтары, арнайы мақсаттағы бөлімдер, түрлі әскери оқу орындарының курсанттары және басқалар саптық жүріспен жүріп өтті.
Парадтың келесі бөлімі әскери техника үлгілерінің сап түзеп өтуіне ұласып, шеруді қазақ армиясының қазіргі заманғы техникасы жалғады.
«Бук», «Тор» зенитті-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» дөңгелекті ұрыс машиналары, минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнаулы автокөліктер Республикалық парадта бірінші рет көрсетілгенін атап өту керек. Сонымен қатар, отандық өнім – роботпен басқарылатын экипажсыз «Самғау» катері, «Сандкат», «Алан-1», «Алан-2» брондалған машиналары да жұртшылыққа алғаш таныстырылды.
Ал, әскери парадтың әуедегі бөлігі Ми-8, Ми-171, Ми-35, Ми-17 тікұшақтарының қатысуымен бастады. Кейін әскери техниканы, сарбаздарды тасуға арналған ұшақтармен қатар, жоғары жылдамдықты жойғыш ұшақтары таныстырылды. Бұл техниканың барлығы армиясы алдыңғы қатардағы елдердің иелігінде ғана бар. Парад көрермендеріне көзайым ретінде Су-25 ұшақтарының тобы еліміздің басты алаңынан аспан астындағы Қазақстан Республикасы Туының бейнесін салып шықты.
Сонымен қатар, 300 музыканттан құралған оркестр марш әуенімен сап түзеп өтті. Бас дирижер – Дархан Рахымғалиев. Шерудің соңында «Егемен Қазақстан» әні патриоттық нотада шырқалды.
1941-1945 жылдардағы соғысқа 1 миллион 200 мыңнан аса отандасымыз қатысты. Қазір Республика бойынша сұрапыл соғыстың 105 куәгері ғана бар. Парадқа 105 соғыс ардагерінің бірнешеуі қатысты. Олардың қатарында қарағандылық ардагер – Григорий Степенко да бар.
Әскери шеруде Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сынды Халық Қаһармандары да болды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ