Жаңалықтар

Ел ағасы

Ниқанбай Омарханов. Үш бірдей іргелі ауданды басқарып, ел аузында «мықты әкім» атанған қайраткердің бұл есімін қаймана қазақ таниды. Аудандардың әлеуетін арттырып, ауылдарға өркениет сыйлаған, агросалаға серпін берген басшыны, әрине, халық қадірлейді. Еселі еңбегімен, көшелі көшбасшылығымен елдің аузында жүрген Ниқанбай Иманғалиұлы мерейлі жетпіс жасқа қадам басты. Майталман маман. Білікті басшы. Қайраткер тұлға.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қарқаралының ол кездегі атақты бөлімшесі Аққора ауылындағылар Ниқанбай Иманғалиұлын «Ақсақ кемпірдің еркесі» деп атап кеткен. Расымен де, асыл әжесі бала Ниқанбайды арқалап өсіріпті. Әжесінің арқасында ержеткен балдырған бала күні ертең елдің аманатын арқалап, абыроймен атқарып шығатынын білмеген ол кезде.

Ниқанбай Омарханов мемлекеттік қызметке «көктен» түскен жоқ. Ауылдың бейнетін көрді. Мал бағып, қой қырқып, трактормен шөп шауып жүріп, қып-қызыл еңбектің қадірін түсініп, майталман маманға айналды.
Бала кезінен техника жөндеу шеберханасы, автогаражға барып, техникаларды қызықтап, токарь, дәнекерлеуші, электр, ұста цехтарын аралап жүріп, мамандарға қолғабыс етеді. Сол кезден-ақ техника маманы болуды армандайды. Оқушылар бригадасына қабылданып, совхоздың жазғы науқандық жұмыстарына араласады. Осылайша еңбекке ерте келгенінің арқасында қалыптасқан еңбекқорлығы кейін басшылық қызметте ең үлкен тірегі болады.

Мектеп бітіре сала Целиноградтың ауыл шаруашылық институтына инженерлік мамандыққа құжат өткізіп, екінші емтиханын тапсырған соң, бұрын-соңды ірі қаланы көрмеген ол әжесін, ауылын аңсап, «емтиханнан құладым» деген сылтаумен қайтып кетеді.

Ауылға барып, трактор мініп, шөп шауып, одан кейін дәнекерлеушінің көмекшісі болып еңбек етіп, 4 разряд газэлектр дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп алады. Ауылдың қысы-жазғы бейнетін көріп, көп ойланып, қайта институтқа түсу керек деп шешім қабылдайды. Ауыл шар­уашылығын электрлендіру факультетінің студенті атанып, үздік дипломмен бітіріп шығады. Сол кездегі институт ректоры Моисей Гендельман мен деканы Олег Кисель талапты баланы институтта қалдыруға бұйрық шығарып, әрі қарай аспирантураға жолдама алады. Алайда, әжесі ректордың бұйрығын бұздырып, ауылға қайтарады.

Қатардағы инженер қызметіне орналасып, «Бесоба» совхозының партком хатшысы, совхоз директоры, автобаза директоры, «Матақ» корпорациясының президенті, аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары, үш бірдей ауданның әкімі болып қызметтер атқарады. Мемлекеттік қыз­меттің қазанында қайнаған, қызу тіршіліктің бел ортасында жүрген Ниқанбай Иманғалиұлы осылайша қырық жылдан аса уақытын ауылды көтеруге сарп етті.

Ниқанбай Омарханов әкімдік қызметіне кіріскен кезең 2000 жылдардың басы еді. Күрделі кезең. Қаржы жоқ, еңбекақы мен зейнетақы, жәрдемақы үлестіруде береке жоқ. Ауылдар айлап жарықсыз қалған уақыт. Мектеп, балабақша, клуб пен емханалардың жеке қолға өтіп кеткен тұсы. Осындай қиындықтар Ниқанбай Иманғалиұлы секілді еңбегі адал жандардың арқасында еңсерілді.

Қарқаралыда әкім боп тұрған тұстағы мына бір ісіне ел әлі күнге дейін риза: Қарқаралының қара орманындағы ұрлықты бір жарым жыл уақыт арпалысып жүріп тыйған.

Онымен қоса, ауылдарға орталықтандырылған ауыз су жүйесін тартады. Қарқаралыда салынған аудандық замануи аурухана да Ниқанбай әкімнің кезінде бой көтерді. Ол туралы оқып отырған газетіңізге «Қарағандыда жоқ аурухана Қарқаралыда салынды» деген тақырыппен мақала да шығыпты. Кезінде жекешеленіп тонауға түсіп, құлап қалған аудандық кәсіптік техникалық училище орнына жаңадан техникалық колледж салғанына да ел-жұрт ырза.

Ақтоғай ауданында әкім боп тұрған тұста облыста бірінші болып спорт сарайын салғызады. Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарының орталығына 150 шақырымнан астам көше жарықтарын орнатып, қоғамдық қауіпсіздікке, елге қолайлы өмір сүруге жағдай жасаған да «әлді әкім» еді. Әсіресе, сол кездегі қаржы тапшылығына қарамастан, 10 жылдай электр желісі тоналып кетіп, жарықсыз отырған Егіндібұлақ өңіріндегі 17 ауылға тоқ тартып бергені ел аузынан күні бүгінге дейін түскен емес. Ауылдарға жаңа мектеп, балабақша, емхана, көпір салып, тозған клубтарға күрделі жөндеу жасап, елдімекендердің еңсесін тіктеуге бар күш-жігерін жұмсады.

Үш аудандағы 67 ауыл әкімі мен 30-дан аса аудан бөлімдерін жаппай қызметтік көлікпен қамтамасыз еткені де аудандағы көп жұмысқа, қыстағы боран, жауын-шашын, көктемдегі су тасқыны, жаз-күздегі дала өртіне тосқауыл болуға, қылмыстық істерді ашуға көп септігін тигізгені және рас-ты.

Елдің мәдени-рухани еңсесін көтеруге де еңбек сіңіре білді. Қарқаралының дәл ортасында Мәди Бәпиұлының 125 жылдық мерейтойында ақын атылған жерге еңселі ескерткіш қойды. Қарқаралы қаласының 180 жылдығында Астанадағы Бәйтерек монументінің көшірмесін ең бірінші болып орнатқызады. Ол идеяны сол кезде 5 сыныпта оқитын ұлы Бахтияр ұсыныпты. Іссапармен Астанаға барғанында ұлымен бірге Бәйтерек биігіне шығыпты. Содан ұлы тамсанып тұрып, «Әке, Қарқаралыға Бәйтерек неге салмайсың?» дегенінде, баласын бауырына басып, қуанған көрінеді. Міне, сол 18 метрлік монумент қазір қарқаралылықтардың сүйікті демалыс орны.

Киевка атауын Нұра деп ауыс­тыруға, 114 көше мен 10-нан аса ауыл атын қазақшалап, 33 мектепке қазақ зиялыларының есімін беруге ықпал еткені де тарихи іс еді.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлы саясаткер Дінмұхамед Қонаевтың: «Негізінде, айналаңа өзіңе табынушыларды емес, идея беретін ақыл-парасат иелерін жинау керек», деген сөзі бар. Ниқанбай Иманғалиұлы осы қағиданы қызмет бабында басты ұстаным етті. Ол білікті басшы ғана емес, қарамағындағы мамандарға ұстаз да бола білді.

– «Работаем коллективно – ответственность персональная» деп үнемі айтып отырамын. Соның арқасында жанымда болған азаматтарым да білімді, білікті, адал болды. Кейіннен аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары деңгейіне көтерілді, мен ізбасар азаматтарыммен мақтанып отырамын, – дейді Ниқанбай ағаның өзі.

Жарты ғасыр ат үстінде жүрген Ниқанбай аға құрметті еңбек демалысына шықса да, елдік мәселенің бел ортасында жүр. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі және ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша комиссияның төрағасы. «Ауыл» партиясы өңірлік филиал төрағасының орынбасары ретінде де еңбек сіңіріп жүр. Мектеп оқушылары, студенттермен кездесіп, өзінің өнегелі жолынан сыр шертіп, дәріс оқиды. Әлі де бабында. Әлеуметтік желіде де белсенді. Қоғамдық мәселелерді сол жерде де өткір көтеріп, оңды шешімін табуға үлесін қосып жүр.

Ниқанбай Иманғалиұлы саламатты өмір салтын өміріне ертеден енгізген. Күніне 5 шақырым жаяу жүреді. Онымен қоса, газет-журнал, кітап оқу – күнделікті үрдісі. Ал қазір өзі де жазу үстінде. «Өмір өткелдері» деген ғұмырнамалық кітап жазып жатыр.

Аяулы жары Гүлнәр Мағауияқызы – бастауыш сынып мұ­ғалімі. Асыл азаматының көңіліне кірбің, жейдесінің жағасына кір түсірмей, қайраткер атануына айтарлықтай жағдай жасаған Гүлнәр жеңгеміздің де еңбегі бар. Тәубе дейміз, екеуі балаларының бақытын, немерелерінің қызығын тамашалап, шаттықты ғұмыр кешуде. Ұлы Бахтияр да әкесі секілді үнемі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге өзінің азаматтық үнін қосып жүреді. Ал қыздары Самал сот саласында.

Тұңғыш қыздары Самал – туа сала әкесін әлемдік жұлдыз қылған перзент. 1980 жыл. Мәскеу олимпиадасына көрермен болып барған Ниқанбай аға 100 мың адамдық Лужники стадионында жеңіл атлетика ойындарын тамашалап отырады. Содан стадионды ду еткізіп, «Күн сәулелі Қазақстанның Қарағанды қаласынан келген қонағымыз Ниқан Омархановты нәрестелі болуымен құттықтаймыз! Баласын Олимпиада чемпионы Нелли Кимнің құрметіне Нелли деп атады», деп үш қайтара сүйіншілі хабар тарайды. Содан сол жердегі әлемнің барлық теледидарынан алғаш әке атанған Ниқанбай мырзаның қуанышты жүзі көрсетіледі. Иә, тылсым күштің бары рас. Қызы білегінде Олимпиада ойындарының белгісі аюдың қонжығы бар қалмен өмірге келіпті.

Қазір қос құлындары әкенің абыройына, ананың тәліміне сөз келтірмей жүр. Иә, біз осыдан әкім Ниқанбайдың айбарлы әке, адал жар, өнегелі ата екенін де аңғарамыз.

Қазақ «Ер бағасын ел берер», дейді. Осы орайда Ниқанбай Иманғалиұлын бағы жанған жан деуге болады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button