Қарағанды өнімдерін әлемнің 40 еліне экспорттайды
Жеткізудің ең қомақты көлемі Ресей мен Қытайға тиесілі. Басқа серіктестер – Өзбекстан, Украина, Беларусь, Қырғызстан, Еуроодақ елдері. Экспорттың негізгі түрлеріне қара және түсті металлургия, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдары, кабель және сым бұйымдары жатады. Жылма-жыл жаңа өндіріс орындары іске қосылған сайын, өндірісті өңірдің экспорттық мүмкіндіктері де арта түседі. Мысалға алсақ, Саран қаласында орналасқан майлықтар мен қағаз сүлгілер шығаратын Sunpaper компаниясының өнімдері жоғары сұранысқа ие.
Тұтынушылар арасында сауда үйлері, дәмханалар мен мейрамханалар, қонақ үйлер, ірі компаниялар да бар. Кәсіпорын қазір шикізатты Ресейден және басқа елдерден сатып алып жатыр. Ендігіде өнімдерді өз күшімен шығара бастайды. Бұл жергілікті қамтуды арттырып, өндірісті кеңейтеді. Есептеулер бойынша жоба жүзеге асырылғаннан кейін қуаттылық жылына 21,4 мың тонна қағаз өніміне дейін ұлғаяды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан, елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет», – деп айрықша атап өткен еді. Кейінгі алты жыл ішінде Қазақстан сан түрлі сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті. Өңір өмірі де түрленді.

Нарық нарқында
Егемен елдің ұлттық шаруашылығының сыртқы нарық үшін бәсекелесуге жарамды өнімді қажетті мөлшерде өндіру қабілеті әр уақыт өзекті. Президент тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту қолға алынды. Еліміз шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұруда. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріліп жатыр. Мұның барлығы – әртүрлі салаларда сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнімдер. Осы орайда, орталық облыс инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы болып отыр. Яғни, осы аймақта жүзеге асатын жобалар өнеркәсіптік өндіріс пен өндірістік қуаттарды арттыруды мақсат етеді. Ресми статистика өңірлердің индустриялық-инновациялық дамуы бойынша алғашқы жиынтық индексін жариялаған еді. Қорытындыға сәйкес, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша теңгерімді әрі тұрақты өсім көрсеткен қазыналы Қарағанды көшбасшы атанды. Нақты нәтижеге, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы мен орта технологиялық өнімдер экспортының ұлғаюы оң септігін тигізген. Индекс Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері негізінде есептелді. Аталған ведомство биылдың қаңтар-маусым айларына арналған «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштері» жинағын жариялаған болатын. Қарағанды облысы еліміздің үздік бестігіне енген өңірлердің қатарында бірінші орынды иеленді. Одан кейінгі орындарда – Астана қаласы, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстары.
– Индекстегі алдыңғы қатарлы өңірлер – өсімді тек шикізат өндірумен емес, инвестициялар тарту, технологиялық экспорт көлемін арттыру және еңбек өнімділігін көтеру арқылы қамтамасыз етіп отырған аймақтар, – дейді зерттеу авторлары. – Бұл индекс индустрияландырудың сан емес, сапа жағынан бағалануы қажет екенін көрсетеді. Көшбасшы өңірлер саналы өсімді қамтамасыз етіп отыр. Олар тек қазба байлыққа иек артпай, технологияларға қаржы салып, күрделі өнімдер шығарып, өндіріс тиімділігін арттыруда. Мұндай тәсіл – ертеңгі өнеркәсіптік экономикаға бастар жолдың нақты үлгісі. Индекс тек индустрияландыру жетістіктерін бағалап қана қоймай, елімізде жүргізіліп жатқан инновациялық мемлекеттік саясаттың тиімділігін саралауға мүмкіндік береді.
Атажұрттан – алты құрлыққа
Тұтынушылар арасында сауда үйлері, дәмханалар мен мейрамханалар, қонақ үйлер, ірі компаниялар да бар. Кәсіпорын қазір шикізатты Ресейден және басқа елдерден сатып алып жатыр. Ендігіде өнімдерді өз күшімен шығара бастайды. Бұл жергілікті қамтуды арттырып, өндірісті кеңейтеді. Есептеулер бойынша жоба жүзеге асырылғаннан кейін қуаттылық жылына 21,4 мың тонна қағаз өніміне дейін ұлғаяды.
Аймақта тау-кен өнеркәсібі үшін геомембрандар, металлургия кәсіпорындары үшін химиялық реагенттер өндірісін жолға қою жоспарлануда. Бұл – импортты алмастыратын және экспортқа бағытталған өнімдер. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарын қамтитын жалпы құны 46 миллиард теңге болатын 33 инвестициялық жоба табысты іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, жаңа сүт-тауар фермалары, көкөніс сақтау қоймалары, суару жүйелері және өзге де нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Жобалар өсімдік және мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді қамтиды. Биыл Нұра ауданының Көбетей ауылында 1 100 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы ашылды. Еуропалық стандарттармен жабдықталған нысан толық қуатына шыққанда жылына шамамен 9 мың тонна сүт өндіреді. Қазірдің өзінде 20 жаңа жұмыс орны құрылса, болашақта олардың саны 60-қа дейін жетпек.
– Бұрын бүкіл аудан күніне 27 тонна сүт өндірсе, енді бұл көлемді бір ғана ферма қамтамасыз етіп отыр. Мұнда барлығы бір аумақта іске асырылған: жемшөп базасы құрылды, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Бұл – кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілік танытып отырғанының дәлелі, – деді нысанның ашылуында Қарағанды облысы мен Нұра ауданының Құрметті азаматы Георгий Прокоп.
Қазірде Осакаров ауданында 6 000 басқа арналған сүт-тауар фермасы салынуда. Бұл – Қазақстандағы мал шаруашылығы саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Құны 30 миллиард теңгеден асады. Кешеннің қуаты жылына 70 мың тонна сүт деп күтілуде. 180 жаңа жұмыс орны құрылады. Қазір голштино-фриз тұқымды сиырлардың алғашқы партиясы сатып алынды, өз жемшөп базасы дайындалып жатыр. Жетелі жобалар аймақтағы сүт өнімдеріне деген сұранысты толық қамтуға қауқарлы. Суармалы жерлер бойынша да ірі жобалар жүзеге асырылу үстінде. Биыл суармалы алқап көлемі 8,7 мың гектарға ұлғайтылады. Демек, климаттың өзгеру жағдайында тұрақты өнім алуға жағдай жасалмақ деген сөз. Бұдан бөлек, өңірде заманауи көкөніс пен астық сақтау қоймалары, өңдеу кешендері де салынуда.

– Бұқар жырау ауданы Баймырза ауылында 4 000 тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасы салынып жатыр. Ол жаз соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал, Нұра ауданында «Шахтерское» элиталық шаруашылығы 14 мың тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасын салуда. Бұл жоба да биыл аяқталады. Өткен жылы облыс шаруалары мол өнім жинады. Қосымша сақтау орындарын қамтамасыз етуге ынталанған олар белсенді. Бүгінде шаруашылықтар әлеуметтік бағада картоп жеткізу жөнінде келісімшарттар жасасуда, ал, сақтауға арналған өз базалары бар, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлеубеков.
Арқадағы агроөрлеу
Айта кетейік, Арқа атырабы – Қазақстан бойынша картоп өндірісі көлемі жөнінен екінші орында. Өңір ішкі қажеттіліктен үш есе артық өнім өндіреді. Мұндағы экспорт пен қайта өңдеу үшін әлеует зор. Етті мал шаруашылығында селекциялық және тұқымдық жұмыстарды ынталандыруға басымдық берілген. Қарқаралы ауданында 5 000 басқа арналған ұсақ және ірі қара мал бордақылау алаңы салынады. Ақтоғай ауданында асыл тұқымды репродукторды ұлғайту көзделген. Бірнеше шаруа қожалығы бірігіп, қой, жылқы және ірі қара өсірумен айналысуда. Ал, Шет ауданында бір шаруашылық жылқы санын 3 000 басқа дейін жеткізу жобасын іске асыруда. Онымен бірге, облыста құс фабрикасын жаңғырту жобасы жүзеге асырылып, жұмыртқа өндірісі ұлғая түспек. Қарағанды қаласында да өсімдік майын өндіретін зауытты кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Қазір кәсіпорын күнбағыс, зығыр және соя майының бірнеше түрін шығарады. Ай сайынғы өндіріс көлемі шамамен 1,5 мың тоннаны құрайды. Келешекте көз қуантар көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарлануда. Кәсіпорын отандық, соның ішінде жергілікті шикізатқа басымдық береді. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын қосымша жұмыс орындары да ашылады.
Абай ауданында да жылына 2 100 тонна шикізат өңдейтін жаңа ет комбинаты салынуда. Өндірісте 20 жұмыс орны құрылады, бірақ болашақта штат кеңейеді. Alisha Group ет өңдеу комбинатында ет сою, ет өңдеу және консервіленген өнім шығару цехтары қарастырылған. Жақын арада жабдықтарды жеткізілуі тиіс. Жоба бастамашысы Рустам Қалиевтің айтуынша, комбинат күн сайын 300 ұсақ мал мен 50 ірі қара малды өңдеуге арналған.
– Өнімдер – салқындатылған және мұздатылған ет, ет консервілері, вакуумдық және термоқаптамалар, тұтынушылар үстеліне әртүрлі етіп ұсынудың жаңа форматтары. Өндiрiс халал стандарттарды және халықаралық тамақ қауiпсiздiгi сертификаттарын қоса алғанда, қазiргi заманғы талаптарға сай келедi. Одан әрі – жүн мен теріні қайта өңдеу желілерін іске қосуды көздеп отырмыз, – дейді Рустам Қалиев. – Негізгі өткізу нарықтары – Қазақстан, Парсы шығанағы елдері, Қытай, Түркия, Еуропа.
Шикізатты жергілікті фермерлерден сатып алатын болады. Тиісті сатып алу бағасының арқасында ауыл шаруашылығы өндірушілері серіктестікке қызығушылық танытуда. Болашақта компания мал өсіруге көшпекші. Комбинат құрылысы үшін Абай ауданы кездейсоқ таңдалмаған: мұнда логистикалық артықшылықтар да, ауыл шаруашылығы өндірушілері де бар.
Түйін
Не дейміз, Сарыарқаның сайын даласы – көне замандардан бермен қарай тынымсыз жөңкілген жел мен уақыттың өзін қалт еткізер ұшы-қиырсыз кеңістік. Құдды бір ұлт тағдырын өзі сомдаған ұлы шеберхана іспетті. Мұнда даму атты татықты тегершіктің қашауы сартылдап, өндірістің сом балғасы тасырлата соғылып, жаңа ашылған фермалардан сауылған сүттің көбігінің иісі бұрқырап, қарапайым жұмысшы мен қажырлы диқанның үмітке толы тынысы естілетіндей әредік. Иә, әлі талай сынақ алда. Диқан біткен ұлан далаға қайта соқа салып, күніне қырық құбылған нарық тұрақсыздығымен сынары кәдік. Бірақ қазыналы Қарағандының қарекеті экспорттық әлеуетін шикізаттан – мазмұнға, мөлшерден – мәнге, ескіліктен – айқын болашаққа деген ұмтылысымен көрсетпек.
Бәлкім, бұл біз уағында білмей әрі сезінбей тұрған нағыз технокарттық эволюция ізі болар. Ұзақ мерзімге көз қадаған мұндағы адам рухының, сана-сезімінің төңкерісі болар. Атаулы атырапта зауыт сыйлық үшін емес, ұрпақ үшін салынады. Фермалар көрсеткіш үшін емес, адал нан үшін ашылады. Ал, экспорт үдерісі ақзер әлемге өзіміз болып сапар шегу деген сөз! Ендеше туған жердің таңғажайып тағдырлы табысы еселене берсін!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»