Экспорт көлемі артып келеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолына алған соңғы алты жыл ішінде түрлі сын-қатерлерге қарамастан ілгерілеуге бастаған талай ауқымды істер қолға алынды. Соның ішінде, ел экономикасын әртараптандырып, экспорттық әлеуетті арттырумен қатар, жаңа нарықтарға жол ашқан сыртқы сауданы ерекше атауға болады. Атап айтар болсақ, статистикалық деректер осы жылдары елімізде сыртқы сауда 1,5 пайызға өскенін көрсетеді. Мемлекет басшысы да сыртқы сауда саясаты еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды екенін үнемі айтып келеді. Оның пікірінше, Қазақстанның сыртқы сауда саясаты ашықтыққа, бәсекеге қабілеттілікке және халықаралық стандарттарға сәйкес болуға тиіс. Қарағанды облысы да ел экономикасын арттыруға үлес қосуда көш басында. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда 165 млн АҚШ долларын құраса, оның ішінде, экспорт – 89,2 млн АҚШ долларына жеткен.

Қарағанды – Қазақстанның индустриалды және өндірістік негізі болып саналатын өңірлердің бірі. Өндірістік инфрақұрылымы, бай минералды ресурстары мен географиялық орналасуы оның сыртқы саудадағы рөлін арттыруға мүмкіндік берді.
Облыс экономикасының негізгі секторлары – металлургия, көмір өнеркәсібі, химиялық өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және машина жасау. Бұл салалар облыстың сыртқы саудасының негізін құрайды, әсіресе, өңірдің экспорттық әлеуеті минералдық ресурстарға, металл өнімдеріне және өнеркәсіптік тауарларға бағытталған. Мәселен, 2020-2024 жылдарда аймақтың сыртқы сауда көлемі тұрақты өсу көрсеткіштеріне ие болды.
Атап айтқанда, металдар мен минералды өнімдер, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдері облыс экспортында маңызды орын алды.
Әлбетте, тауарды экспортқа шығару үшін де белгілі бір дағдылардың болуы – маңызды. Ол үшін микро, шағын және орта бизнес өкілдері үшін экспорт және халықаралық сауда бойынша тегін курстар да қарастырылған.
– Халықаралық сауда орталығы «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп әзірлеген және Ready4trade Орталық Азия жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландыратын курстарда кәсіпкерлер Қазақстаннан Еуропаға және басқа елдерге тауарды қалай экспорттау керектігін, өз бизнесін экспорттық қызметке қалай дұрыс дайындау керектігін, қажетті сертификаттар мен халықаралық сауданың басқа да маңызды аспектілерін қайдан алуға болатындығы туралы үйретеді, – дейді облыстың экономика басқармасының баспасөз қызметі.
Облыстың сыртқы саудадағы ең үлкен үлесін металл мен минералды ресурстар алады. Қазақстанның металлургия орталықтарының бірі ретінде оның негізгі экспорттық өнімдері – темір және болат.
Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, жыл сайын Қарағандының экспорттық әлеуеті ұлғайып келе жатқанын көруге болады. Мәселен, 2021 жылы облыстың жалпы сауда айналымы 8,4 миллиард АҚШ долларын құраса, оның 73,8%-ы – экспорт, 26,2%-ы – импорт. Дәл осы жылы Қарағанды облысы Атырау облысынан кейін екінші орынға шықты және нетто-экспорттаушы ретінде танылды. Бұл – сыртқы саудадағы экспорттың құны импорттың құнынан жоғары екендігінің кепілі.
Ал, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қарағанды облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудасы 2,145 миллиард АҚШ долларына жеткенін көрсетеді статистикалық деректер. Осы кезеңде экспорт көлемі 1,250 миллиард АҚШ долларын құрады. Осылайша облысымыздың сыртқы саудадағы үлесі соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп, өңірдің экономикалық маңыздылығын арттырды.
Жалпы, Қарағанды облысының негізгі импорттық серіктестері қатарында Ресей, Қытай және Германия бар. Мәселен, 61,6 пайыздық көрсеткішпен Ресей облыстың жалпы импортының негізгі бөлігін құраса, Қытай – 9,9%, Германия – 3,6%. Бұл елдер Қарағанды облысының сыртқы саудасында айтарлықтай үлеске ие.
Қарағанды облысы көмір өндіруден де республикада жетекші орын алады. Қазақстанның ішкі нарығына ғана емес, сыртқы нарыққа да экспортталады. Әсіресе, Ресей мен Қытайға.
2020-2024 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік секторы да сыртқы саудадағы үлесін ұлғайтып, әсіресе, Қытай мен Ресей нарықтарында өз позициясын нығайтты. Атап айтар болсақ, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған дерекке сәйкес, 2024 жылы Қарағанды облысы 65,8 млн АҚШ долларына 181,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 51,1 мың тоннаға артық. Одан бөлек, ішінде қайта өңделген өнім көлемі 56,3 млн АҚШ долларын құрап, 30,8 мың тоннаға артқан.
– Өткен жылы облысымызда ауыл шаруашылығы өнімінің бірқатар түрлері бойынша экспорттың өсуі байқалады. Мәселен, 153,5 тонна ет және тамақ өнімдері 85,0 мың АҚШ долларына, 105 951,0 тонна бидай ұны 30,3 мың АҚШ долларына экспортталды. Одан бөлек, облыс жануарлар майын да экспорттайтынын айту керек. 128,0 мың АҚШ долларына 8,0 тонна. Бұл қатарда соя майы және оның фракциялары да бар. Экспорттың жалпы көлемі – 1 280,0 тонна, – дейді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Айдын Сүлейменов.
Қарағанды шоколад өнімдерін де экспорттайтынын айтады Айдын Ердосұлы. Сәйкесінше, 920,5 мың долларға 587,2 тонна шоколад жіберілген екен. Бұдан бөлек, 89,9 тонна нан, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, печенье де шетелдік дүкендердің сөрелерінен табылады.
Қарағанды облысы экспорттайтын ауыл шаруашылығы тауарларының саны мұнымен шектелмейді. Қарағандының сырасы, картобы, бидайы, тіпті, кебегіне дейін тонналап экспортталуы өнімнің сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Облыстың сыртқы саудасы негізінен көршілес елдермен жүзеге асырылады. Негізгі ең ірі сыртқы сауда серіктесі – Ресей. Атап айтқанда, көмір мен металл өнімдері Ресейге үлкен көлемде экспортталады. Ал, Қытай – Қарағанды облысы үшін маңызды сауда нарығы. Бұл елге негізінен металл, көмір, және ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталады.
Қарағандының металлургиялық өнімдер мен машиналары Еуропа елдеріне жеткізілетіні де қуантады.
Өңірдің сыртқы саудасы тек қана шикізаттық өнімдермен шектелмейтінін ескеру керек. Кейінгі жылдары құрылыс материалдары, химиялық өнімдер мен басқа да өнеркәсіптік тауарлар облыс экспортында маңызды орын ала бастады.
Жалпы, облыстың сыртқы саудасының келешегі экономикадағы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрақты өсу мен дамуға бағытталғанын айту керек.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»