Руханият

Экспедицияға аттанды

Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Талас-Ұлытау-Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясын ұйымдастырды. Оған тарихшы-ғалым, географ, өлкетанушы, журналист-блогерлер, Ұлттық музейдің, Жамбыл, Атырау, Қарағанды облыстары тарихи-өлкетану музейлерінің қызметкерлері, студенттер, суретшілер және түсірілім тобы аттанды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

– Мақсаты, ауқымы, деңгейі бойынша да мен үшін бұл – алғашқы экспедиция. Мемлекеттілігіміздің бастауларымен, тарихи және қасиетті ескерткіштер һәм киелі орындармен байланыста болудан, ғылымның адамдарымен кездесуден ерекше әсер аламын. Өзіммен бірге сапарға жақсы көңіл күй мен нотаға арналған дәптер аламын, – деп бөлісті өлкетанушы және Жошы ханның ұрпағы Асылбек Алтынов.

Экспедиция ұлттық құндылықтарды насихаттаудан, жас ұрпақты рухани және материалдық мәдениетке баулудан, тарихи туризмді дамытудан басқа, еліміздің аумағындағы мұражайларының арасында бекем байланыс орнатуды көздейді. Шара 1 қазанда аяқталады деп жоспарланып отыр.

– Бұл – екінші экспедиция­мыз. Біріншісі аймақтық деңгейде болды. Енді экспедиция географиясы аумағын кеңейтіп, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Атырау облыстарының тарихи орындарына Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңіне жататын ескерткіштерге барамыз. Жошы ұлысының ескерткіштерін талдау­мен айналысатын ғалымдармен және жұртшылықпен кездесеміз. Бізге жергілікті жерлерде қандай зерттеулердің жүргізіліп жатқанын білу аса маңызды, – деп атап өтті облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағамбетов.

Экспедиция бағытына «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, ежелгі Тараз Әлем қалашығы, Қарахан кесенесі, Жәнібек пен Керей хандары ескерткіші, Айша бибі, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелері және басқа да тарихи, қасиетті нысандар, керуен сарайы, Сығанақ қалашығы, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені арқылы өтеді, «Сарайшық» туристік орталығы (Хан пантеоны), Сарайшық қалашығы, «Абат-Байтақ» кесенесі, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені, Домбауыл және Алаш хан кесенелері кіреді.
Экспедицияның қорытындысы бойынша туристік бағытты арттыру туралы ұсыныстар әзірленбек. Ақпараттық фотоальбом, танымдық аудио және бейнежазбалар шығару және ғалымдар мен мамандардың сұхбатына негізделген деректі фильм түсіру жоспарланған.

Бұдан бөлек, Астанада әлемдік тарихта Жошы ұлысының киелі орындары мен тарихи нысандарын сақтау, зерттеу, насихаттау мәселелері бойынша «Талас-Ұлытау-Сарайшық» атты тақырыптық мұражай көрмелері мен дөңгелек үстел өтеді.
Ауқымды шара облыс әкімдігінің және облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отырғанын атап өткен жөн.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button