Екпеге енжарлық жүрмейді
Аймақта адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау жүріп жатыр. Кешегі күнгі дерек бойынша 5 мыңға жуық қыз бала екпе алған. 3 213 – 11 жастағы, қалғаны 12-13 жастағы балалар. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде мәлімдегендей, екпеден кейінгі жағымсыз жайттар орын алмаған. Дегенмен де, екпеден бас тартып жатқан ата-ана көп.
Қалалық бірінші медициналық-санитарлық көмек орталығында өткен баспасөз мәслихатында аталған департамент мамандары екпеден бас тарту білместіктің немесе сенімсіздік салдары екенін атап өтті.
– Қоғамда вакцинаға үзілді-кесілді түрде қарсы адамдар, негізінен, аз. Көпшілігі – вакцинаға, оның пайдасына, сапасына сенбей, күмәнмен қарайтындар. «Күте тұрайық», «байқастайық» деген қағидамен жүргендер. Олай уақытты кетіруге болмайды. Қазір қыздарға кейін дені сау әйел, ана болуға мүмкіндік беріліп тұр, – дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.
Мамандардың айтуынша, вакцинация жасалуы тиіс жас әбден зерттелген. Бұл жаста қыз баланың ағзасы вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыра алады екен. Өскен кезде салынған екпенің тиімділігі айтарлықтай төмен.
Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация 11 жасқа толған қыз балаларға жасалады. Оған қосымша 12-13 жастағы қыздар да алады. Екпе ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсатымен мектептегі медициналық кабинеттерде салынады. Тіркелген жері бойынша медициналық мекемелерде де салдыртуға болады. Екпе қай жерде жасалса да, ата-аналар процесті бақылай алады. Мамандар мектептердегі медициналық кабинеттерде барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
– Қолданылып жатқан АҚШ-та шыққан «Гардасил» вакцинасы, – деп түсіндірді Гүлжан Байгутанова. – «Гардасил» – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алып, өзінің тиімділгі мен қауіпсіздігін дәлелдеген вакцина. Ол тірі вакцина емес. Төрт валентті, яғни, құрамында вирустың төрт түріне қарсы күш бар. Оның ішінде, адам папилломасы вирусының нақты 16 және 18 түрлерінен қорғайды. Вирустың бұл түрлері – жатыр мойнының қатерлі ісігін тудыратын басты себеп. Биылғы тоғыз айда 73 әйелде жатыр мойнының қатерлі ісігі диагнозы анықталды. Осы дертпен есепте 1 090 әйел тұр. Қазақстан адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жасататын әлемдегі 136-шы ел болды. Яғни, аталған вакцинаны әлем бойынша миллиондаған бала алып жатыр.
Спикерлердің айтуынша, вакцина қолданысына қарай жеткізіліп отырады.
– Вакцина Қазақстанға партия-партиямен жеткізіледі. Алғашқы партияда 175 мың доза алынды. Біздің облысқа 8 мың дозасы әкелінді. Бүгінгі таңда 4 883 балаға, 11 жастағы 3 213, 12-13 жастағы 1 670 балаға екпе салынды. Айта кету керек, бұл бір реттік вакцинация емес. 11 жастағы қыз балаларды АПВ-дан вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Екпе арасына жарты жыл салып екі рет жасалады, – деді Гүлжан Жақтайқызы.
Вакциналар тағы да әкелінетін болады. Аймақта екпе алу жасына келетін 11-дегі 7 мыңнан астам, 12-13 жастағы 9 мыңнан астам қыз бала бар. Алайда, оның барлығы екпе алады деп айтуға қиын. Себебі, ата- ананың барлығы бірдей вакцинациялауға келісім бермейді. Басты себеп, мамандардың айтуынша, вакцинаға деген сенімсіздік және вирустың салдарын білмеу, бағамдамау. Қалалық бірінші медициналық-санитарлық көмек орталығының гинекологы Лаура Сәбитова екпе туралы сұрап келген ата-аналарға вирустың қатерлі ісікке алып келетінін айтатынын жеткізді.
– Вирусқа қарсы препараттар мен иммуномодуляторлар мұнда көмектеспейді. Оның үстіне адам папилломасы вирусынан нақты ем жоқ. Жатыр мойны зақымдалмаса да, сүт бездеріне зияны тиюі мүмкін. Жақында маған қабылдауға анасы мен қызы келді. Анасы екпе салдырту керек пе, жоқ па соны білгісі келген екен. Ақпараттық жағынан барынша түсіндірдім, бас тартқан жағдайда не болуы мүмкін екенін де айтып ескерттім. Адам папилломасы вирусы тері арқылы да берілетінін білу керек. Қыздар бір-бірімен сүйісіп амандасады, егер біреуінде вирус болса, ол басқаларға жұқтырады, – дейді дәрігер.
Лаура Сәбитованың айтуынша, көпшіліктің «бұрын вакцинасыз да ауырған жоқпыз» дейтін уәжі – негізсіз.
– Ол кезде қазіргідей диагностикалау, есепке алу, сәйкесінше, статистика жүргізу төмен болды. Жақында инфекционистермен, онкологтармен онлайн жиналыс өтті. Сонда вакцинацияның маңыздылығы жан-жақты айтылды. Жатыр мойны қатерлі ісігімен ауырып жатқан әйел адамдар көбейіп келеді. Біздің емханада биыл екі, былтыр бір жағдай анықталды, – дейді ол.
Вакцинацияның қыз балалардың болашақта ана болуына кедергі келтіріп, бедеулікке әкеледі деген пікірге қатысты жауап берген маман, «бұл мүмкін емес», – деді.
– Иммунизация адамның репродуктивті қабілетіне, аналық жасушаның жұмысына кері әсер етуі мүмкін емес. Бедеулікке әсер ететін басқа факторлар, – дейді Лаура Сағатқызы. Жиналғандар интернет желісінде адам папилломасы вирусына қатысты ақпараттың көп екенін, оның барлығын мұқият екшеу керектігін атап өтті.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz