Covid-19

«Екпеден қауіптенсем, ата-анама салдырмас едім»

Коронавирус қайтадан күшіне мінді. Тәулік сайын ауырғандар қатары 300, кейде тіпті, 400 адамға артып жатыр. Вакциналау қарқыны да айтарлықтай өскен. №3 емханадағы екпе орталығының жұмысы жайлы директордың стратегиялық жоспарлау жұмысы бойынша орынбасары Виктор МУЗАФАРОВ айтып берді.

Ресми дерек індет жұқтырғандар артып келеді дейді. Вакциналау қалай жүріп жатыр?

Осыдан 2 апта бұрын күніне 50-60 адам вакцина алған болса, қазір күн сайын 500-600-ге дейін адам екпе алып жатыр. Мәселен, кеше 550, оның алдында 611 адам болды. Бұл тек бірінші компонент алғандар. Яғни, 10 есе өсті. Мұндай қарқын соңғы қаулыға байланысты болар.

Қазіргі таңда вакцинаның қайсы қолда бар?

Дәл қазіргі уақытта бізде «Спутник V» бар. Ол жеткілікті, қоймада мың дозасы тұр. «QazVac» бар. Қазақстандық вакцинаның біріншісі де, екіншісі бар. «CoronaVaс»-тан екінші компонет ғана қалды. «HayatVax» қазір облыс бойынша ешқайда жоқ.

Яғни, таңдау шектелді ғой?

Наурыз-сәуір кезінде бәрі «Спутник V» іздеді. «Hayat-Vax» келгенімен, қолданылмай жатты. Енді қазір бәрі соны іздеп жүр. Бұл оның инактивтендірілген вакцина болғандығынан шығар. Ондай вакцинаның ықтимал деген кері реакциялары аз. Бірақ, мен «Спутник V» алдым, сондай бір кері әсерін байқаған жоқпын. Бұл әркімге әрқалай. Бір вакцина он адамның бір-екеуіне әсер беруі мүмкін. Бірақ, тиімділігі жағынан «Спутник V» жақсы. Біздің емхана мамандарының барлығы алғашқы кезде қолда бар «Спутник V-мен» егілді. Арамызда ауырғандар жоқ.

Дегенмен, қазіргі статистика көрсеткендей, вакцина алғандар да ауырады…

Иә, вакцина 100% қорғамайды. Ешқандай вакцина ондай нәтиже көрсете алмайды. Ол жұқтыру қаупі мен оның ауыр түрімен ауыру тәуекелін айтарлықтай төмендетеді. Вакцинадан кейін байқалуы мүмкін тұмау секілді белгілер үш күнде басылады. Ондай реакция вакцина алағандардың 10-15%-да кездеседі. Әсіресе, «Спутник V-ден» кейін. Ал, қауіп тудыратындай кері реакция байқалған жоқ. Екпеден кейінгі асқазан-ішек жолдарының бұзылуы екі адамда, бөртпе бір адамда тіркелді. «Адамдар ауырып жатыр», «қырылып жатыр» деген фейк ақпарат біздің емханада болған емес. Егер, екпеден қауіптенсем, ата-анамды еккізбес едім. Анам – 73-те, әкем – 78-де. Екеуін де алып келіп, екпе жасаттым.

Вакцина алмас бұрын антиденелерді тексерген дұрыс па?

Аурудан қорғау үшін жеткілікті деген антиденелердің қанша болуы керектігі туралы ешқандай дерек жоқ. Вакцинамен бірдей болуы үшін оның көлемі 5, 10 немесе 100, 200 болуы керек пе? Белгісіз. Антиденесі 100 болған адамдар да ауырып жатыр. Нақты статистикасы жоқ. Бірақ, жарты жыл бұрын ауырған адамдардың қайтадан вирус жұқтырғаны туралы деректер тіркелді. Кей жағдайларда 4-5 айдан кейін де ауруы мүмкін. Сондықтан, жазылғаннан кейін 3 айдан соң егіле бергені дұрыс. Біз антидене көлеміне емес, ауырғаннан кейінгі мерзіміне қарай вакцина алуды ұсынамыз.

Емханада күніне неше адамда вирус анықталады?

Ол статистика бірден көтерілді. Күн санап екі-үш адамға болса да артып келеді. Бұған кейін бірді-екілі адамнан ғана анықталып келсе, қазір 20 мен 40-тың арасында. Мәселен, кеше 34 адамнан шықты. Былтырғы жағдай қайталанбайтын шығар деп үміттенеміз. Қалай болғанда аз да болса, вакцина алғандар бар ғой, иммунитет шамалы болса да қалыптасты.

Ауру белгілерінде өзгеріс байқала ма?

Ауру белгілері байқалатын және мүлде байқалмайтын бұған дейін. Қазір екеуіне де жатпайтын жағдайлар көбейді. Мәселен, жай жөтелдің артында да коронавирус болуы мүмкін. Жөтелден кейін КТ апарғанда өкпесі зақымдалған болып шығады. Байқалмай өтеді және өкпені тез зақымдайды. Бұрын белгілері байқалмағандардың өкпесі таза болатын, қазір ол 15-20% зақымдалған болып шығады.

20% зақымдану ауруханаға жатқызуға негіз бола алады ма?

Қазіргі таңда біз өкпенің 25%-ы зақымданса, ауруханаға жатқызамыз. Себебі, ол адамға оттегі қажет болып қалуы мүмкін. Оған дейінгі зақымданулар үй жағдайында емдеуге жатады. Бір айта кетерлігі, өкпенің зақымдануы бүгін аз болып тұрса, бірнеше күннен кейін 50-60% көрсетуі мүмкін. Бұл жағдайы жақсы, ауру белгілері байқалмайтын науқастарда да кездеседі.

Сонда уақыт оздырмай, вирус анықталған бетте КТ өту керек пе?

ПЦР тестілеуде анықталған кез келген адамды КТ апарамыз. Әсіресе, 65 жастан асқандар мен аяғы ауыр келіншектерге басымдық беріледі. Себебі, бұл – қатер тобы. Жүкті әйелдерде коронавирус ауыр өтеді. Былтыр олардың арасында өлімжітімнің көбеюі – коронавирустан. Сондықтан, мен жүктілікті жоспарлаған әйелдерге әуелі вакцина алуға кеңес беремін. Солай жүктілік кезеңі де жайлы өтетін болады. Вирус анықталғандарын бірден жатқызамыз.

Науқастарды қайда жатқызасыздар?

Денсаулық сақтау басқармасы стационарларды 3 деңгейге бөліп, емханаларға науқастарды жеткізу бағытын айқындап берген. Науқастың жағдайы, зақымдану деңгейіне қарай тиісті емдеу орнына жібереміз.

Антиваксерлерге көзқарасыңыз қандай?

Олардың қозғалысына үзілдікесілді қарсымын. Қазір елімізде вакциналаудың жай жүріп жатқаны солардың кесірі. Сондай-ақ, вакцинаны міндеттемей, адамдардың өздері барып алатындай ету керек. Бұл ретте олармен сөйлесіп, түсіндіру керек деп ойлаймын. Ақпараттандыру, әңгімелесуге басымдық беру қажет. Мұнда негізгі жұмыстан босатылған тек халықпен жұмыс жасайтын тұтас спикерлер тобы болуы керек. Бұған дейін вакцинаға қарсы болып келген адаммен 30-40 минут сөйлесіп, ненің не екенін түсіндірсең, ойын өзгертеді. Халықтың вакцинаға қарсы болатыны, олар әлеуметтік желідегі ақпаратты ғана алады. Оларда басқа мәлімет жоқ. Және бір жағынан олар бізге келіп түсетін ресми ақпаратқа сенбейді. Сондықтан, бұл жерде екі жақты диалог керек. Мәжбүрлемеу керек, ауырғандарды көргенде өздері-ақ барады. Міндеттесек, вакцина паспортын қолдан жасау жағдайын арттырып, жемқорлықты өршітеміз. Осының салдарынан өтірік вакцина алғандар шынымен ауырып, вакцинаға сенімсіздік арта түседі. Вакцинадан кейін ауырғандар арасында оны алмай ауырғандар санын анықтай алмаймыз. Олар екпе алса да ауырғандар қатарын көбейте береді.

Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button