Медицина

Екпе сенімді еселейді

Жаһан жұртында қызылша мен көкжөтел қайта бас көтеріп жатқан шақта, ел аумағында да вакцинация мәселесі ушығып тұрғаны жасырын емес. Соңғы жылдары жоспарлы екпеден бас тарту көрсеткіші күрт өсті. Дәрігерлер бұл жағдайды медициналық мәселе емес, сенім дағдарысының көрінісі деп бағалайды. Қарағанды медицина университетінің базасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған «Иммундауға арналған тұлғааралық коммуникация» атты ауқымды тренинг өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бүгінгі таңда медицинаның басты қаруы – тек жоғары технологиялық екпелер ғана емес, пациентпен орнатылған ашық диалог пен мызғымас сенім. Әлемде қызылша мен көкжөтел сияқты инфекциялардың қайта бас көтеруі – инфодемия дәуіріндегі дәрігер мен халық арасындағы байланыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Арнайы іссапармен келген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла мен отандық сарапшылар Қарағандыны стратегиялық білім орталығы ретінде таңдады. Мақсаты – тек дәрігерлерді оқыту емес, медициналық жоғары оқу орын оқытушылары арқылы болашақ мамандардың бойына пациентпен тіл табысудың, оның күдігін сейілтудің ережелерін сіңіру.

Бүгінгі таңда әлемдік денсаулық сақтау жүйесі қайшылықты жағдайға тап болды. Вакцинация сондай тиімді болғандықтан, адамзат баласы бір кездері жаппай мүгедектік пен ажалға себеп болған қызылша, полиомиелит, дифтерия сияқты қауіпті дерттерді ұмытқан. Осы орайда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева өте маңызды мәселенің шетін шығарды.

– Адамдар инфекцияның зардабын өз көзімен көрмегендіктен, одан қорықпайтын болды. Қазіргі ата-аналар қызылшаның энцефалитінен немесе полиомиелиттің салдарынан болатын мүгедектіктен емес, екпеден кейінгі жеңіл дене қызуының көтерілуінен немесе ине орнының ауырғанынан көбірек қорқады. Бұл жағдай медицина ғылымының өз табысына өзі тұсау болуы іспетті. Екпелердің пәрменділігі сондай, біз қауіпті дерттерді күнделікті өмірден мүлдем ысырып тастадық. Салдарынан қоғамда «ауру жоқ, демек одан қорғанудың да қажеті шамалы» деген жаңсақ ұғым қалыптасты. Алайда, тарих қойнауына кетті деп есептеген індеттер ұжымдық иммунитет қалқаны сәл сөгілсе-ақ, қайта бас көтеріп, жаппай соққы беруге дайын тұрғанын ұмытпауымыз керек, – дейді Нұршай Үйсінтайқызы.

Министрлік өкілі келтірген мәліметтер көңіл көншітпейді. Егер 2021 жылы республика бойынша екпеден бас тартқандар саны 7-8 мың төңірегінде болса, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 мыңға жуықтаған.

Бұл жағдайға әлеуметтік желілердегі инфодемия – ғылыми негізсіз, жалған ақпараттардың тасқыны да жағдайды ушықтырып тұр. WhatsApp чаттары мен Instagram парақшаларында тараған «вакцина аутизмге немесе диабетке шалдықтырады» деген жалған ақпар кәсіби дәрігердің ғылыми дәлелді кеңесінен өтімдірек болып тұр. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, қазіргі дәрігер тек емдеуші ғана емес, осы ақпараттық майданда пациентке дұрыс бағыт беретін сенімді тұлға болуы тиіс.

Медицина тек құрғақ диагноз бен рецепт жазудан тұрмайды. Қарағанды медицина университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры, профессор Бақыт Көшерованың айтуынша, қазіргі заман дәрігеріне қойылатын талап өзгерген. Ендігі кезекте жұмсақ дағдылар, яғни, пациентпен тіл табыса білу қабілеті алдыңғы орынға шықты.

– Денсаулық сақтау – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. ДДСҰ жағдай санының өсуін вакцинация деңгейінің төмендеуімен тікелей байланыстырады. Қазақстанда Ұлттық егу күнтізбесі әзірленіп, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанымен (вакциналарды сатып алу, сақтау), халықтың сенімі болмаған жерде бұл шаралардың пәрмені төмендейді. Біздің басты мақсатымыз – болашақ дәрігерлерге тек емдеуді емес, сенім ұялату өнерін үйрету. Халықтың вакцинацияға немесе жалпы медицинаға деген көзқарасы көбіне дәрігердің сөйлеу мәнеріне, түсіндіру қабілетіне байланысты. Егер біз пациенттің күмәнін сейілтіп, онымен кәсіби әрі достық деңгейде сөйлесе алсақ, медицинаға деген сенім де артады, – деп атап өтті ректор.

ДДСҰ сарапшысы Скендер Сыла тренинг барысында өте маңызды тұжырым жасады. Халықты иммундаумен толық қамту үшін тек вакцинаның сапасы немесе оны сақтаудың тізбегі жеткіліксіз. Ғалымның пайымдауынша, тиімді қарым-қатынас орнатудың алтындай үш ережесі бар.

Бірінші – қарапайымдылық. Күрделі медициналық терминдерді қолданбай, қарапайым халыққа түсінікті тілде сөйлесу. Екіншіден – тыңдай білу. Пациенттің немесе ата-ананың уайымын бөлісіп, оның күдігіне сабырмен құлақ асу. Үшіншісі болса – кері байланыс. Ата-ананың сұрақтарын жауапсыз қалдырмай, тұрақты ақпараттық диалогта болу.

Бұл семинардың тағы бір ерекшелігі, мұнда оқытушыларды оқытты. Қазақстандағы барлық медициналық жоғары оқу орындарынан келген профессорлар мен оқытушылар бұл әдістемені өз университеттерінің оқу бағдарламасына енгізбек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Скендер Сыланың айтуынша, вакцинаны сапалы сақтау мен тасымалдауды қамтамасыз ете­тін тізбек қаншалықты мінсіз болғанымен, ол халықты аурудан қорғау­ға толық кепіл бола алмайды. Ең бастысы – пациент пен дәрігер арасындағы сенім тізбегін қалыптастыру.

– Біз вакцинаны ең озық тоңазытқыштарда жеткізе аламыз, бірақ, сол екпені салатын сәтте бізге технология емес, эмпатия мен түсіністік қажет. Егер пациент дәрігерге сенбесе, біздің барлық ғылыми жетістігіміз бос әурешілікке айналады. Вакцинация – жеке таңдау ғана емес, ұжымдық жауапкершілік. Біздің балаларымыздың ертеңгі саулығы бүгінгі біздің сауатты таңдауымызға тікелей байланысты. Денсаулық – байлық болса, сол байлықты сақтаудың кілті – әрқайсымыздың қолымызда, – деді ол.

Сенім – денсаулықтың бас­ты вакцинасы. Бүгінгі таңда медицина саласы тек жоғары технологиялық құрылғылар мен заманауи дәрі-дәрмектерге ғана емес, ең алдымен, адамдар арасындағы шынайы сенімге иек артады. Қарағанды медицина университетінің базасында өткен тренингтің басты мұраты да сол – медициналық инфрақұрылымнан медициналық мәдениетке көшу.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button