Коронавирус

«Екпе – ерікті, дегенмен…»

«Спутник V» вакцинасы қазіргі таңда аурудың алдын алудың және адам өмірін құтқарудың қауіпсіз әдісі саналуда. Сондықтан, өмірінің қауіпсіздігі үшін тиісті шешім қабылдау әр адамның өз еншісінде. Газетіміздің өткен санында айтқанымыздай, вакцина мәселесі жөнінде Қарағанды медицина университетінің оқытушыларына COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы профилактика мәселелері жөнінде сұрақтар жолдаған едік. Қарағанды медицина университетінің клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры, жұқпалы аурулар дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақыт КӨШЕРОВА біршама сұрақтарымызға жауап берді.

– Бақыт ханым, вакцина жөнінде алып-қашпа әңгіме, жаңсақ пікір көбейіп тұр. Сала маманы ретінде, Сіз не айтасыз?

– Вакциналау – әдетте қолдың ауыруы немесе дене температурасының шамалы көтерілуі сияқты шамалы және уақытша жанама әсерлерді тудырады. Неғұрлым ауыр жанама әсерлері болуы мүмкін, бірақ олар өте сирек кездеседі. Кез келген лицензияланған вакцина оны пайдалануға рұқсат берер алдында клиникалық зерттеулердің бірнеше фазалары шеңберінде мұқият тексеруден өтеді. Сондай-ақ, ғалымдар вакцинаның денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін белгілерін үнемі қадағалап отырады.

– «Спутник V» препаретының артықшылығын атап өтсеңіз?

– Вакцина – жұқпалы ауруларға иммунитетті қалыптастыруға арналған медициналық препарат болғандықтан, адамның иммундық жүйесін тиісті инфекциядан немесе аурудан қорғайды. Сол сияқты «Спутник V» вакцинасы өмірге қауіп төндіретін жұқпалы аурулармен күресу және оларды жою үшін қолданылады. Жалпы, иммундау жыл сайын 2-ден 3 миллионға дейінгі адам өлімінің алдын алуға мүмкіндік береді деген болжам бар.

– Кімге екпе салуға болмайды?

– Барлық адам вакцинаны қабылдай алады. Алайда, белгілі бір аурулары бар адамдардың денсаулығына егу түрлері жақпауы мүмкін, сондықтан екпе салдыруды кейінге қалдыру керек.

Көбінесе, бұл факторларды ескеру қажеттілігі вакцинаның түріне байланысты болады. Ал, балалар денсаулығына келсек, егер балаңызды қандай да бір вакциналауғы сенімді болмасаңыз, дәрігерден сұраңыз. Дәрігер балаңызды вакциналау туралы шешім қабылдауға көмектеседі.

– Вакцинаны науқас адамдарды емдеу үшін қолдануға бола ма?

– Аурудың алдын алуға арналған болғандықтан, онымен ауру адамдарды емдеуге тыйым салынады. СOVID-19 белгілері бар науқастарға вакцина қолдануға болмайды.

– Егер «Спутник V» екінші дозасын алмаса не болады?

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық медициналық көмек, оның ішінде вакциналау ерікті негізде көрсетіледі. Егер азаматтар екінші дозадан бас тартса, иммунитеттің қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Біз екі дозаны қабылдағаннан кейін оның қанша уақытқа созылатынын білмейміз. Бірақ, толық курстан кейін ол тұрақты болуы тиіс. Жалпы, екпе – ерікті дегенімізбен, қауіпсіздік – әркімнің өзі үшін.

#вирусқавакцина

Әңгімелескен Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button