Екпе – еріккеннің ісі емес
Сәуір айының соңғы аптасы – елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша иммундау апталығы. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қанатты сөзі дәл осы иммундау, яғни, түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе алудың маңыздылығымен астасып жатыр. Себебі, иммундау аптасының түп-төркіні екпе алуға келіп тіреледі. Бүгінде екпеден бас тарту етек алып кетті. Оның салдары облыстың денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды.
Талқыланғанда талай нәрсе айтылды. Аталмыш басқарманың ана мен баланы қорғау бөлімінің бас маманы Ирина Князева екпе алудың маңыздылығына тоқтала келе, кейінгі кездері полиомиелит, көкжетел, сіреспе, қызылша, дифтерия сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулардың кездесуі денсаулық сақтау қызметкерлерін алаңдататынын жеткізді.
– 2015 жылы қызылшаның таралуына дәл осы екпе жасату арқылы тосқауыл қойылды. Сол жылы екі мыңнан астам жағдай тіркелсе, келесі жылы бұл көрсеткіш 122-ні құрады. Ауырғандардың басым көпшілігі екпе алмағандар. Тұмау және ЖРВИ деңгейінің төмендеуі де екпе алудың нәтижесі. Былтыр облыс бойынша 185 527 адам екпе алған. Өткен жылғымен салыстырғанда бұл кезеңде тұмаумен ауырғандар саны 7 пайызға кеміген,– деді ол.
Екпеден бас тарту аталған аурулардың таралуының басты себебіне айналды. Бас тарту себептерін талдайтын болсақ, вакцинаның сапасына сенбеушілік, діни сенімдерге байланысты, сонымен қатар, кей жағдайларда медицина қызметкерлері тарапынан екпеге тыйым салынады.
Жалпы, вакцина – тиімділігі әлем бойынша дәлелденген, аурудың алдын алуға бағытталған негізгі құрал. Ал, оның әсерінен болатын жағымсыз жағдайлар облыс бойынша 0,009%-дан 0,03%-ға дейін құрайды, яғни, жылына 3-7 жағдай кездеседі.
Туберкулезге қарсы БЦЖ екпесі жайлы облыстық туберкулезге қарсы диспансер директорының орынбасары Евгения Турышбекова өкпе ауруы егілмегендер арасында 15 есе жиі кездесетіндігін мәлімдеді. Өткен жылы балалардың 94,6% БЦЖ алған, ал бас тартқандар қатары 2,1%-ды құрап отыр. Бас тартқандардың қатары өткен жылдармен салыстырғанда артқанын байқауға болады. Оның көп жағдайында жеке себептерге байланысты деп көрсетеді екен ата-аналар. Діни себептерге байланысты деп ашып жазатындар азайған, онысы қоғам мен медициналық мекемелер тарапынан сұрақтарды көбейтпеудің амалы көрінеді. Мұны шараға қатысқан облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Серік Тілекбаев та қостады. Оның айтуынша, діни фанатизм бағытындағы адамдар үшін баланың денсаулығы емес, өздерінің наным-сенімдері маңыздырақ.
– Бұл мәселе жасыратыны жоқ әсіресе, Жезқазған аймағында жиі кездеседі. Біздің мамандар мен мешіт имамдары мұндай отбасылармен сөйлесіп, мән-жайын түсіндіруге еңбек етеді. Сонымен бірге, аналардың дәрігердің көмегінен бас тартып, үйде босануы жағдайларының жиілеп кетуі де алаңдатарлық жайт,– деді ол.
С.Тілекбаевтың айтуынша, басқарма қазіргі таңда қарастырылып жатқан халықтың денсаулығы туралы кодекске екпені міндеттеу және одан бас тартқаны үшін ата-аналарға әкімшілік жауапкершілік тағайындау туралы ұсыныс жасапты. Осы арқылы ата-аналардың жауапкершілігін көретуді көздейді.
Кез келген ата-ана баласы үшін алаңдайтыны анық. Бірақ, әркімдікі әр түрлі ой-өресі, пайым-түсінігі негізінде. Инфекциялық аурулар жас та, мәртебе де, жағдай да таңдамайды, сол себепті өзіміздің, балаларымыздың денсаулығына жауапты болайық. Жаратқан сақтанғанды сақтайтынын ұмытпаған абзал.
Жансая Омарбекова.