Covid-19

«Екпе егу оразаны бұзбайды»

Мешіт имамдарына «вакцина салдырсақ, оразамыз бұзыла ма?» деген сұрақ жиі қойылады екен. Әрине, аз уақыттан соң қасиетті ораза айының басталарын ескерсек, бұл заңды сұрақ. Осы орайда оқырмандар да біле жүрсін деген мақсатпен облыстың бас имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖАНЫ сөйлетуді жөн көрдік.

«Шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал, дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл сөзімізді «Фәтауа Һиндия» кітабындағы «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» (1 том, 266-бет) деген мысалмен растаймыз.

Қазіргі ғалымдар екпе арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, бойға қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) етіп, екіге бөліп қарастырады. Олар: «Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) ине салса, ауыз ашылмайды», – деп айтады. Бірақ көк тамырға екпе салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Бірақ, олардың көбі «Тамырға салынатын ине денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды» дейді («Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 276-бет). Ал, жалпы екпе (вакцина) – жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және иммундық қасиетті арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе ағзаға қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан, адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаныбұзбайды», – дейді бас имам.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button