Білім

Экожоба – ел ертеңіне

Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы мектептің жанындағы аумақты жарықтандыру үшін баламалы энергия көзі пайдаланылмақ. Мұнда көше шамдарын зарядтау үшін күн панельдері орнатылады. Мұндай жетістікке оқушылардың NXplorers Жасыл ұрпақ бәйгесі республикалық экологиялық жобалар байқауына қатысуының нәтижесінде қол жетіп отыр.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Республикалық байқаудың ақтық сыны Астана қаласында өтті. Финалда өнер көрсеткен 20 команданың ішінен жобаны іске асыруға бір миллион теңге көлеміндегі грантқа үздік бес команда ие болды.

Кеншілер өлкесінен барған талантты әрі талапты жастардан құралған команда үшінші орынға ие болды. Олар – Нұркен Әбдіров атындағы мектептің оныншы сынып оқушылары Нұрислам Әбуталипов, Әлиасқар Жұмабеков, Еркебұлан Мылтықбай. Шығармашыл топтың жетекшісі – география пәні мұғалімі, STEM мектеп жобасының үйлестірушісі Меруерт Ибраева.

– Мектебіміздің тарихы бай, желтоқсан айында 50 жылдығын атап өтуге дайындалып жатырмыз. Біз заманға сай алға қадам басуға тырысып жүрміз. Әзірге бізде әлі STEM кабинеті жоқ. Бірақ, сонда да мектебімізде бұл бағытты дамытуға күш салып жатырмыз. Экологиялық жобалардың республикалық конкурсына оқушыларымыз өткен жылы қатысып, жүлдесіз қайтқан. Ал, биыл олар грант жеңіп алды. Қазір электр энергиясын үнемдеу – өзекті. Жобаны іске асыруға алты ай уақыт беріледі. Меніңше, біз мұны ертерек, қыстың соңына дейін жасап бітіре аламыз, – дейді Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлшат Баграмова.

NХplorers бағдарламасы – Қазақстанда STEM білім беруді дамытудың тағы бір қадамы. Жастар тарапынан сұранысқа ие болып тұрған байқауды «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «Шелл Қазақстан» энергетикалық компаниясының қолдауымен Caravan of Knowledge корпоративтік қорының ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button