Экономиканың жаңа негізі
Қазақстан әлемдік экономикаға белсенді интеграцияланып, сенімді серіктес әрі дамушы нарықтық экономика ретінде өз шебін нығайта түсуде. Алайда, көлеңкелі сектор ел үшін іргелі мәселе болып қала береді. Өйткені, ол экономикалық өсімді бәсеңдетіп, адал бизнестің дамуына кедергі келтіріп, қаржылық тұрақтылықты бұзады.
Заңсыз күмәнді кәсіпкерлік қызметке қарсы іс-қимыл – Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Осы мәселемен табанды күрес шеңберінде қабылданған шараларды талқылап, көлеңкелі экономиканы ауыздықтау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету мен заңды бизнесті қолдаудың мәні өміршең. Кемшілігін кесе айтып, көлегейлі экономиканың қоғам мен мемлекетке кері әсерін кез келген саналы азамат жете түсінеді. Нақтылай келгенде, көлеңкелі экономикаға кез келген заңсыз немесе тіркелмеген қызмет түрлері жатады. «Көш жүре түзеледі» дегенімізбен, салық төлеуден жалтару, заңсыз жұмыс күшін пайдалану, мемлекеттік сатып алулар мен тендер теңгеріміндегі сыбайлас жемқорлық жүйелерін атап өтпеске әсте болмайды. Салдарынан мемлекет бюджетіне түсетін салықтық түсімдер күрт азаяды. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға, тұтастай алғанда, еркін елдің ертеңіне кедергі келтіреді.
– Бизнеске оралсақ, сала алдымен әділетсіз бәсекелестіктен зардап шегеді. Себебі, секем аларлық сектордағы субъектілер салық пен әкімшілік талаптардан жапатармағай жалтарады. Сайып келгенде, халық «көлеңкесіне» жасырынып жұмыс істейтін қызметкерлер зейнетақы аударымдары мен еңбек құқықтары сияқты әлеуметтік кепілдіктерден қол үзеді. Енді тақырыптың мәнісіне үңіліп көрелік. Сенімсіз секторды оңтайлы негізде қысқарту үшін оның негізгі себептерін түбегейлі түсініп алған абзал. Атамекенімізде салық жүйесінің күрделілігі деген фактор менмұндалап тұр. Түптеп келгенде, шағын және орта бизнес үшін салықтар мен алымдар көбінеки артық жүктеме ретінде қабылданады, – деді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші тергеу басқармасының басшысы Ержан Қалиасқаров.
Келесі түйткіл – мемлекеттік институттарға деген сенімнің төмендігі дер едік. Сыбайлас жемқорлық, бюрократия, мемлекеттік үдерістер ашықтығының жеткіліксіздігі бизнестің бұқпантайлап кетуіне, одан соң барған сайын қараңғылыққа кептеле беруіне кері ықпал етеді. Бір ойланып көрсек, әл-әзір өкінішке қарай, халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі де терістіктен соққан желдей кері әсер етуде. Қым-қуыт қоғамдағы құбылыстарға қыңқ етпестен жүре беретін көптеген кәсіпкерлер мен іскер азаматтар заңды бизнестің ұзақ мерзімді артықшылықтар қатарын терең түсінбейді. Анығында тәжірибе топтамайды. Цифрландыру мен автоматтандыру тұрғысында өңір жетекші қатарда болғанымен, бизнесті жүргізудің айқын да ыңғайлы құралдарының болмауы заңнама талаптарын орындауды едәуір қиындатып тастайды. Сөйтіп әр нәрсенің ақысы болатыны қаперімізден шығып кетіп жатады.
Құрғақ сан құр қалдыратынын уақыт өзі әкеп көрсетіп тұрғандай ма, сірә?! Заңсыз кәсіпкерлік қызметтің салдарына зер салған болсақ, жойдасыз кәсіпкерлік қызмет кең ауқымды құқық бұзушылықтарды қамтиды. Оның сап басында тіркелмеген коммерциялық қызмет, жалған құжаттар мен шот-фактураларды қолдану, салық төлеуден жалтару, контрафактілік өнімдер мен цифрлық активтердің заңсыз айналымы, ойын бизнесін ұйымдастыру қылаңытып тұр. Ақыр соңында жалпы халықтың денсаулығына қауіп төнеді. Жұмысшылар мен тұтынушылар үшін әлеуметтік кепілдіктер жоққа тән болмақ. Мәнсіз де әділетсіз бәсекелестік туындап, заңды бизнес қу ойыншылар тарапынан баға демпингіне тап келеді. Бюджеттің қос бүйірі шығынға ұшырап, мемлекет қазынасына түсетін салықтық түсімдер азаяды. Мұның сыр-сипаты осындай.
Жалт етіп жоқ болып кететін көлегейлі экономикамен күресу мақсатында мемлекет бірнеше жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Санамаласақ, заңсыз кәсіпкерлік қызметке, соның ішінде салық төлеуден жалтаруға жауапкершілікті қатаңдату. Жалған шот-фактуралар мен заңсыз схемаларды болдырмау үшін бизнес үдерістерді цифрландыруды міндеттеу. Қаржылық операцияларды бақылауға арналған интеграцияланған ақпараттық жүйелерді дамыту. Күмәнді транзакцияларды анықтау үшін деректерді автоматтандырылған талдау жүйелерін пайдалану. Онлайн кассалық аппараттар мен электрондық шот-фактура жүйесін енгізу. Заңды бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттік ресурстар мен қаржыландыруға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Көлеңкеден шығуға дайын кәсіпкерлер үшін салықтық рақымшылық енгізу. Бизнесті тіркеу және басқару рәсімдерін жеңілдету сынды кешенді шаралар легі.
– Ақпараттық тұрғыда күмәнді қызметтің салдары туралы мәліметтік науқандар өткізу керек. Айқын көзқарас танытқан ләзім. Азаматтар мен кәсіпкерлер арасында қаржылық сауаттылықты арттыру «алдым жұттым – жоқ» қағидатын жояды. Өздеріңізге мәлім, экономикалық тергеу қызметі секем аларлық схемаларды анықтау әрі тоқтату бойынша белсенді жұмыс жүргізу үстінде. Көп нәрсе білгенімен, көп нәрсе қыла алмай жатады қатардағы азаматтар. Контрабанда мен баждарды төлеуден жалтаруды болдырмау үшін кедендік бақылауды күшейту күн тәртібінен түспейді. Осы сынды жүйелі іс-қимылдың нәтижесінде соңғы үш жылда жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесі 28%-дан 20%-ға дейін қысқарды. Қосымша 500 млрд теңге бюджетке түсті. Тіркелген бизнес субъектілерінің саны 12%-ға өсті. Ендігіде 2025 жылға қарай көлегейлі экономиканың үлесін 15%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Бұл істің шарты сондай. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін жеткізу межесі де бар. Жыл сайын салықтық түсімдерді 10-15%-ға арттыру көзделді, – деп хабарлады облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Ержан Утебаев.
Заңсыз кәсіпкерлік қызметке қарсы күрес – бұл мемлекет, бизнес және қоғам күш-жігерін біріктіруді қажет ететін кешенді міндет. Қазақстанда бизнесті заңдастыру үрдісі қарқын алуда. Осы бағытты қолдауды жалғастыру маңызды. Қажетті ақпаратты құлақ сыртынан өткермей, тек ашықтық, тең мүмкіндік және жауапкершілік арқылы біз тұрақты әрі өркендеген экономиканы қалыптастыра аламыз деген сенімде мамандар.
Қош делік, задында заңсыз кәсіпкерлікке қарсы күрес – тек экономикалық тұрақтылықтың кепілі ғана емес, мемлекеттің ақ адал бизнеске деген қолдауының әрмен қарай әр азаматтың болашағына деген зор сенімінің нақпа-нақ көрінісі. Көлеңкелі секторды жою – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл күрес қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілігін, әрбір кәсіпкердің адалдығын, әрбір мемлекеттік органның ашықтығын тақ тұрып талап етеді. Ашықтық пен заңдылықтың үстемдік құруы – елдің экономикалық, әлеуметтік дамуының негізі. Жаңа ұрпақ үшін әділетті, тұрақты және гүлденген экономиканы қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ борышымыз деген ойға келеміз. Харекет бар. Қайыры ертеңгі күнде.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz