«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, ел көлеміндегі электр желілерінің уақытылы жаңартылып, тозығы жеткен жабдықтардың дер кезінде жөнделуі – аса маңызды шаруа болып есептеледі.
Жаздың жайлы, жайма-шуақ күндерінде энергетика саласы қауырт дайындыққа кірісті. Осы орайда, «KEGOC» акционерлік қоғамы 2025-2026 жылғы күзгі-қысқы кезеңге дайындық шеңберінде Ақшатау елдімекеніне қарасты аймақта Ұлттық электр торабының сенімді әрі үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге бағытталған жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Биылғы бекітілген өндірістік жоспарға сәйкес, ел аумағында 99 әуе электр жеткізу желісі (ӘЭЖ) және 43 қосалқы станция жабдығы жөнделуге тиіс. Тамыз айының басында осы нысандардың бір бөлігі – 57 ӘЭЖ мен 14 жабдықтың жұмысы сәтті аяқталған. Қалған бөліктерінде жұмыс кестеге сай жалғасып жатыр.
Энергетиктер жұмыстың көлемі мен жауапкершілігіне қарамастан, барлық өңірлердегі жөндеу жұмыстарын межеленген мерзімде орындап келеді. Әр нысан бойынша қажетті қауіпсіздік, сапа және тиімділік талаптарын жіті қадағалап келеді.
Біз сөз етіп отырған жөндеу жұмыстары Ақшатау аумағына жақын орналасқан Балқаш аймақтық электр торабы транзиттік 220 кВ 2188-Ж әуе электр жеткізу желісінде жүріп жатыр. Бұл желі – Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының жарықпен қамтылуына жауапты аса маңызды энергетикалық торап.
Жұмыстың маңыздылығын көзбен көргеннен соң айта кету ләзім. Әрбір тірек, оқшаулағыш элементтер мұқият тексеріліп, қажет болған жағдайда ауыстырылып жатыр.

– Біздің басты міндетіміз – күзгі-қысқы кезеңге дейін барлық жабдықты сапалы әрі уақытылы дайындау. Бұл – тек техникалық талап емес, тұтас еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жөндеу науқанының әрбір кезеңі нақты бақылауда, біз бекітілген мерзімнен ауытқымай жұмыс істеп келеміз. Қазіргі уақытта Балқаш АЭТ-тің транзиттік 220 кВ 2188-Ж желісінде жүргізіліп жатқан жұмыстар осы аймақ үшін ерекше маңызға ие екені мәлім. Сондықтан, әрбір учаскеде сапалы жұмыс істеуге барымызды саламыз, – деді «Балқаш» қосалқы станциясының электр желілерін жөндеу жөніндегі 4-разрядты электрмонтері Әділжан Исабаев.
Дайындық жұмыстары еліміздің барлық аймақтарын қамтып отыр. Соның ішінде, мамыр айынан «KEGOC» АҚ «Орталық ЖЭТ» филиалында да жаңғырту шаралары қарқын алған. Бұл өңірде 12 әуе желісі мен 18 қосалқы станция жабдығы жөнделуі тиіс. Бүгінде соның 8 желісі мен 6 жабдығында жұмыс толық аяқталған. Барлық іс-шаралар нақты бекітілген кесте аясында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілуі компанияға 2025-2026 жылғы күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын алуға мүмкіндік береді. Бұл құжаттың маңыздылығы – энергетикалық жүйе маусымдық сынақтарға толықтай төтеп бере алатынын айқындайды.
Электр қуаты көзге көрінбесе де, әйткенмен, тұрмысымыздың ажырамас бөлшегіне айналды. Ол жарық, жылу, байланыс, өндіріс, медицина сияқты салалардың тамырына қан жүгіртеді. Сондықтан да, энергетиктердің еңбегі шын мәнінде стратегиялық маңызы бар жұмыс.
Ақшатаудағы электр желілерін жаңғырту – соның бір парасы ғана. Елдің түпкір-түпкірінде дәл осындай жұмыстар жүріп жатыр. Жүйенің сенімді жұмыс істеуіне әрбір электрмонтері мен инженер жауапты. Олардың біліктілігі, ұқыптылығы, ең бастысы, кәсіби адалдығы – электр желісінің сапасының кепілі болмақ.
– Қазіргі уақытта біз әуе электр желілерінің бойындағы әр тіректі толыққанды тексерістен өткізіп жатырмыз. Ақау анықталса, бірден қосалқы бөлшектерді алмастырып, жаңартамыз. Әр тіректі жөндеуге жобамен 40 минут уақыт жұмсаймыз. Біздің бригадада тоғыз маман бар: бес электрмонтері, бір мастер және көлік жүргізушілері. Біз бесеу болғандықтан, әр тірек сайын өзара алмасып, кезекпен жұмыс істейміз. Сәтін салса, жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сай тәмамдаймыз, – деді электрмонтері Виктор Спиров.
Энергетика – ел экономикасының күретамыры. «KEGOC» АҚ жүзеге асырып жатқан жоспарлы жөндеу жұмыстары тек бір маусымға емес, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қызмет етеді. Ақшатау кентіндегі жөндеу барысы – мұның нақты дәлелі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»